• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

29 Наурыз, 18:44:29
Алматы
+35°

03 Тамыз, 2017 Әлеумет

Қанша жаста отбасын құру керек?

«Отбасы - шағын мемлекет» деп жатамыз. Ендеше, осы шағын мемлекетті құру, онда өмір сүру адамнан үлкен ептілікті, көрегенділікті, шыдамдылықты талап етеді

«Он үште отау иесі»

Ертеректе айтылған  «Он үште отау иесі» деген аталы сөз бүгінгі таңда да қолданыста жүр. Алайда ол сөзді тура мағынасында қабылдап, 13 жасқа тола салысымен үйленемін деп айбат танытатындар да кездесіп жатды. Шынтуайтына келгенде, ертедегі ер азаматтар бүгінгімен салыстырғанда әлдеқайда ерте есейген. Еркеліктің дәмін біреу көріп, біреу ада қалып жатқан жаугершілік заманда ер азаматтарымыз қолына қару алып, соғысқа аттанғаны белгілі. Ал бүгінде 18 жас – кәмелет жасы. Ол жасқа толғанша  бізге ата-анамыз жауапты. Кәмелет жасқа толғаннан кейін ғана «өзіне жауап берер алатын» азамат атанамыз. Салыстырып қарасақ,  ертедегі 13 жастағы бозбала бүгінгінің 18 жастағы ер жігітімен тең деуге болады.

«Сананы тұрмыс билейді»               

Жаһандану заманында тұрмыстан бұрын жұмыс пен мансап жолында жүрген бойжеткендер мен бозбалалар қаншама?! Жайлы жар іздеп, адам бойынан сын мен мін іздей беретін қаншама жас азаматтар шаңырақ көтеруге асықпайды. Қызмет жолында ісі табысты болып, «оң босағада» отырғандардың да саны аз емес. Біреу «нормальный қыз жоқ» десе, екінші жақ «нормальный жігіт» жоқ деп жарысады. «Нормальный» деген қандай адам? 25 жастан асқан соң қыз да, ұл да адамның жаман жағын көруге бейім келеді. Мінсіз адам болмайтыны белгілі, алайда өмір заңдылықтарынан қашпай, бақытты ғұмыр кешуге ұмтылу керек.

Дін не дейді?

Пайғамбарымыз с.а.у «Үйленіңдер, көбейіңдер. Мен сендердің үмметтеріңмен мақтанайын» деген.

Жасы үлкен бе, кіші ме, бай ма, кедей ме бәрібір, ер мен әйелге үйленіп, үй болу парыз. Мәселе жаста емес, баста. Отбасының бүтіндігін сақтау үшін, иман, сана, ақыл, парасат керек.

Бүгінде ерте үйленсең ерте ажырасып кетесің немесе 18 жасыңда тұрмысқа шықсаң сол үйдің отымен кіріп, күлімен шығатындай үйренісіп кетесің деп екі түрлі пікірді айтып  жатады. Шын мәнісінде, ол адамның жасына байланысты емес. Ол адамның ақыл-ойы, сана сезіміне байланысты.

САУАЛНАМА

Көпшіліктің пікірі әрдайым маңызды. Біреу өзін мысал етсе, біреу дұрыс жағын өмірлік тәжірибесі арқылы айтады. «Қыз бала неше жасында бір шаңырақтың отын түтетіп отыратын ақ келін атануы керек? Ер жігіт бір үйдің отағасы атануға неше жас ыңғайлы?» деген сұрақ аясында сауалнама жүргіздік. Оған қатысқандардың басым көпшілігі 20 мен 23 жас аралығы қызға да, жігітке де тиімді екенін айтты. Алайда қазіргі кезде ерте отау құрғандарға қарағанда елудің жартысына келіп ақ отау деген ұғымды ұғып жатқандардың қарасы көбірек.

Диля Истаева есімді сауалнамаға қатысушының пікірі бойынша, әр баланың организміндегі жетілу процесі əр түрлі. Біреулер 14 жасында, енді біреулері 20 жасында ересек атанады. Сол себепті нақты бір жасқа келген кезде үйлену керек дегенмен келіспейтінін айтты.

Әрине, нақты осы жасқа толғанда үйлену керек деген жазылып қойған қағида жоқ, бірақ өмір заңы солай. Үй болу керек, отбасын құрып, ата-ана атанып, ұрпақ жалғастыру керек.

Дана есімді 40 жастағы әйел: «Қыз бала 19 бен 25 жас арасында тұрмысқа шыққаны дұрыс. Әрі қарай отырып қалған болып есептеледі. Сосын тесік моншак жерде қалмайды деп алдаусыратады» деп қысқа қайырды.

Қуаныш есімді 32 жастағы «сүрбойдақ»: «Жігіт 22 жаста үйленгені дұрыс. Себебі, нағыз жігіттік кездер осы уақытта басталады. Ащы суға әуестенбей, зиянды әрекеттерден аулақ болу үшін ертерек үйленіп алған дұрыс. Себебі өмірді көрмей қалдым деудің еш қажеті жоқ. Керісінше адам өмірлік тәжірибе жинайды, қиыншылықтарды жеңіп үйренеді. Өмір болған соң бәрі болады, сондай кезде адал жары - мәңгілік досымен өмірдің  ыстық-суығын, ащысы мен тәттісін бірге көреді» дейді.

«Айтылмаған сөз жетім» деп өз сөзін бастаған Н.Топжар есімді азамат 18 бен 23 жас арасында қыз балаға тұрмысқа шығуының тиімді тұстарын талдап берді.

«1)Бала туу үшін медицина тұрғысынан өте икемді шақ; 2) Барған жеріне тез сіңісіп кетуіне ыңғайлы; 3)Жас жігітке тұрмысқа шығуға мүнкіндігі бар. Яғни, 23-26 жас арысындағы денсаулығы мықты жігітке 18-23 жас арасындағы бойжеткендер сай келеді. Ал қыздың өзі 25-30 жас  арасында болса, жігіт те  одан үлкен болады; 4) 18-23 жас арасында қыз балаға тұрмысқа шығу үшін көп ұсыныс түседі. Ал ол жастан кейін ұсыныстар азаяды. Қыздың өзі жігітке ұсыныс жасай алмайды. Сондықтан кішкене есі бар, сымбатты ер жолықса, студент кезінен-ақ тұрмысқа шыққан дұрыс. 5) Қыз баланың да нәпсісі бар. Шалыс басып, пәктігінен айрылмай жатып тұрмысқа шыққаны дұрыс».

«Ер жігіт отбасын 20-25 жас аралығында құрған дұрыс деп ойлаймын. Себебі, балаларың өзіңмен бірдей өседі» дейді 20 жастағы Дархан.

Берік отбасының құпиясы

Зүлипа Әзіретәліқызы, психолог: «Болашақ отбасын құруда ерлі-зайыптылардың жас ерекшелік дайындығы ғана емес, олардың психологиялық даярлығы да маңызды. Болашақ шаңырақ иелерінің бір-бірін толық танып, жақсы түсіністік қарым-қатынаста болуы да үлкен рөл атқарады. Отбасының берік болуы болашақ ерлі-зайыптылардың өзіне байланысты. Олар болатын қиыншылықтарды алдын-ала сезіп, саналы түрде соны жеңіп шығуға бел бууы қажет. Әрине, отбасында түрлі экономикалық, әлеуметтік және жеке тұлғалық ерекшеліктеріне байланысты мәселелер туындамай тұрмайды. Ондай қиыншылықтардың  соңы отбасының ыдырауына әкеп соғатыны да белгілі. Осы ретте, жастардың 26-30 жаста отбасын құрғаны дұрыс. Сонымен қатар, қыз балалардың ерте есейетінін  ескерсек 22-25 жас қыздар үшін қолайлы» деп отбасын құру үшін әр адам моральды, материалды және психологиялық тұрғыдан отбасылық өмірге дайын болу керек екенін айтты.

Әрине, айтылған пікірлермен біреу бас изеп келісер, ал екіншісі дұрыс еместігін алға тартуы мүмкін. Дегенмен сауалнамада құнды пікірлер айтылды.  «Тыңдалмаған сөз жетім» болмай, осы мақала арқылы берік отбасын құрамын деген жастарға аз да болса өз көмегімізді тигізсек дейсіз.

P.S

Отбасы - шағын мемлекет. Ендеше, осы шағын мемлекетті құру, онда өмір сүру адамнан үлкен ептілікті, көрегенділікті, шыдамдылықты талап етеді. Қай жаста отау құрсақ та, бастысы береке мен бірліктің ұйытқысын бір жерге жинаған үлгілі отбасы атану басты мақсат болса екен. Той-томалақта жастарға «Бір жастықта қартайыңдар» деп тілек білдіріп жатады. Сол тілектің ақиқатқа айналуына ер де әйел де бірдей атсалысса қанша жаста үйленіп, отау құрғаның маңызды емес.

Айгерім ТАУБАЙ

Aigerim Taubay

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір