• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

16 Сәуір, 17:45:41
Алматы
+35°

01 Қыркүйек, 2018 Әлеумет

Қаңғыбастың айтқаны жан-тәнімді күйзелтті

Қаңғыбастан бұлайша сұрақ күтпеген мен, не дерімді білмей аңтарылып қалдым.

Қаланың біз тұратын шағын ауданында, тар көшенің шетіндегі биіктеу текшеде орналасқан, қарама-қарсы қозғалмастай етіп жерге қадалған, ағаш орындықтарына 5-6 адам еркін сиятын күмбез пішінді, төбесі ағаштармен қыйылыстыра жабылған шағын орын бар еді. Бұрын кімдер үшін жасалғаны қайдам, қазір алқаштар мен қаңғыбастардың меншікті мекені.

Бұл “күмбез” ішінде кімдер отырмады десеңізші, жасы да, жасамысы да, ері де, әйелі де, әйтеу өміріне наразылар осы бір аядай “мекеннен” пана тауып жүрді. Бір қызығы олар жыл құсындай көктем келіп, қыс түсе ғайып болатын. Солардың ішінде осы жерден жиы табылатыны қырықтың қырқасындағы, қараторы қазақ жігіт. Мен осы ауданға көшіп келгелі үш жылдан бері оны көріп жүрмін. Ал одан бұрын қанша жүргені бір Құдайға аян.

Оны әр кез әр түрлі кейіпте көретінмін. Кейде бет-ауызы көкгеріп, ісіп, шаш-сақалы дудырап төмен қараған күйі, әлде-нені күбірлеп, сөзеген бұқаша томсырайып, теңселіп отырады. Енді бірде кірлеп, майланған шашын су салып тарап, сақал-мұртын ретке келтіріп, айналасына мойын соза қоқайлана отыратыны бар. Мен оның осындай “әдемі” сәттерінде қолына тиын-тебен немесе дүкеннен бір нан мен бір литр ауыз суын алып беріп кететінмін. Ол маған үнсіз басын изеп ризашылығын білдіргендей болатын.

Бүгін жұма еді. Садақа берейін деп, дүкеннен нан мен суымды алып, сол күмбездің қасына келдім. Ойлағанымдай қаңғыбас жігітім жалғыз отыр екен. Бүгін де сергек көрінеді. Ол отырған екі кісілік орындықтың шетіне заттарымды қойып жүруге ыңғайлана беріп едім.  Ол кенеттен:

-Бауырым,-деді тілі күрмеліңкіреп. Мен оның жүзіне жалт қарадым. «Бауырым» - дей ме, құлағыма жағымды, жүрегіме жылы сөз. Арақтан азап шегіп, адамдықтан арылып бара жатсада, бәрі-бір, қазақы көңілі, қазақы тілі өшпеген көрінеді.

-Сен бастықсың ба?

-Жоқ.

-Байсың ба? - Мен оның бұл сұрағына еріксіз мырс еттім де:

-Мұғаліммін-дедім.

Ол бас-аяғыма бір шолып шықты да, жүре бер деген кісіше, қолын бір сілтеді. «Қаңғыбас та мұғалімді көзіне ілмейді» осы бір ащы мысқыл көңілімде бүлк етіп, танауымды мырс еткізді. Екі-үш қадам аттағаным сол еді:

-Мұғалім, тоқта - деді ол дауысын көтеріп. Мен тоқтап, мойнымды бұрдым.

-Алматы қаласында ремонт жүріп жатыр - деді ол маған қарап, әлде-бір маңызды ақпаратты жеткізгендей басын тік ұстап. Менің үнсіз қалғанымды көріп, тілі мен екі езуін кезек жалап алды да сөзін сабақтады:

-Орталықтың бәрі солай, жөндеп жатыр, жүру невозможна. Ол осыларды айтып отырып, кірлеген, қарайып күнге күйген қолдарымен, мен берген наннан бір жұлым алды да аузына бір-ақ тоғытып, екі ұртын бұлтыңдата шайнай жөнелді. Не айтпақ ойы бар екен, сөзін тыңдайын - деген оймен аялдадым. Ол суды қылқылдата жұтып, езуінен аққан тамшыларды қолының сыртымен сүртіп тастап:

-Осы жерді неге жөндемейді? - деп қолымен менің қиғаш ту сыртымдағы алаңды көрсетті. Оның нұсқап отырғаны төрт жағына үлкен де, ұзын қабат үйлер түскен ортасы әжептәуір ашық жер еді. Ашық алаңның бір шетін ала қойылған қолқаңды қабатын сасық исі анандайдан сезілетін қоқсық жәшіктері болса, енді бір тұсы  осы тектес қаңғыбастардың меншікті мекендеріне айналған жан-жағы ашық, үсті жабық ағаш лашықтар еді. Ал қалған басым бөлігі доп тепкен балалардың шаңына «шомылып» жатқан сұрықсыз дала. Жаңбыр суы ақсын деген ниетпен жасалған арықтың іші тұрмыстық қалдықтарға толы. Оларды қаңғыбастар әлде тұрғындар жоқ әлде осы аулалардың тазалықшылары тастағаны белгісіз. Әйтеу, қалалық мәдениеттен, тіпті, жай адамгершіліктен алшақ қылық. Оның сазайын жаңбыр жауғанда көреміз. Ол көріністі Қазақстандықтарға суреттеп жатудың басы артық жұмыс, онсыз да таныс дүние ғой. Қаңғыбастан бұлайша сұрақ күтпеген мен, не дерімді білмей аңтарылып қалдым. Бір жағынан қызық, бұл араның жөндеу көрмегені үй-күйсіз бейшараның қай қабырғасына батып отырғанын білгім келіп:

-Осы маңда тұрып па едің жоқ әлде жақын біреуің тұра ма?

-Жоқ-ей, әншейін үйренген жер ғой.

Ол езу тартып күлді. Үстіңгі бір қасқа тісінің опырыла сынғаны болмаса, басқа тістері әзірге аман көрінеді. Күлгенде әжім басқан көз жиегі тіпті де қатпарланып кетеді екен. Оның күлгенін алғаш көруім. Томсырайып, қатуланып, тозып жүретін жүзден күлкіні көрудің өзі бір түрлі сезіледі екен. Адам деген қызық қой, осынау жүдеп-жадап жүрген жандардан жылы сөз, жылымық күлкі көруді бір түрлі ерсі санаймыз. Барлық қайғыны, азып-тозуды тек солардың ғана маңдайына жазғандай, тек солардан ғана  ластықты, надандықты, есалаңдықты, қасіретті, торығуды көргіміз келеді. Алайда, жылт еткен жаңалықты, қуанышты, марқаюды, күлкіні, ақылды бір ауыз сөзді олардан күтпейміз, тіпті, оларға қыймаймыз да. Егер ондайды көре қалсақ, әлде-бір жануар аяқасты тіл қатып кеткендей таңданамыз да қаламыз.  Осы бір түйдек түйсіктер санамнан салтанат құрып өтуі сол екен, өзімнен-өзім қысылып, ұялып қалдым. Үнсіз барып қарсы алдындағы орындыққа жайғастым. Қаңғыбас маған қойған сұрағын ұмыт қалтырғандай немесе менен жауабын күтпегендей сол тозған алаңға қарап, нанын жеп, суын ішіп жайбырақат отыр. Еріксіз сөзді өзім бастадым:

-Қаланың орталықтары онсыз да жаман емес еді, осы шеткері тұстарын жөндесе жақсы болар еді, ә?

Менің дауысым оған зорға жеткендей әудем уақыттан соң тіл қатты:

-Қаланың барлық жері жақсы болуы керек. Мына сен сияқты әдемі киінген. Ол осыларды айтқанда көзінен әуелгі күлкінің үшқынын қайта көрдім. Бірақ бұл жолы оның күлкісін тосырқамай, солай қалыпты қабылдадым. Кенет оның жүзі сұрланып, көзінен бір түрлі мұңлы, шерлі күй ескендей болды. Маған әлгі алаңқай жақты нұсқап:

-Мына жер мен секілді.

Оның дауысы діріл аралас, әлсіз шықты. “Мен, мен оның тозғанын қаламаймын” - деді жүзі кемсеңдеп, көздері жұмылған күйі. 

Ол осыларды айтып, қалған нан мен суды майласқан, сыдырмасының тістері әлде қашан түсіп қалған, әуелгі түсінің қандай екенін ажыратуға келместей кір мен шаң басқан сөмкесіне тоғытты да, орнынын тұрып басы ауған жаққа кете барды. Осы бір соры қайнаған, арықтап, еңкіш тартқан қазақтың сыртынан қарап отырып, шынымен жаным ашып кетті. Бұрын тек, Алланың ризашылығы үшін деп беретін садақамды, енді шын жүрегімнен бергім келді. Уа адам баласы-ай, күлімсі иіске көміліп жүрсең де, жұдырықтай жүрегіңдегі шыбын жаның мәңгілік нұрдың сәулесі болғандықтан, биікке, сұлулыққа, өмірге деген талпынысынан жаңылмайды-ау. Сен асықпа бауырым, әлі қаламыздың барлық жері құлпыратын болады. Сен де сол күнге дайын бол. Күлімдеген күннің астындағы, күңіренген күй ескен “күмбезден” осылай күйзелген көңілімді сүйретіп мен де үйіме қарай аяңдай бердім...

Қастер Сарқытқан

Абай атындағы ҚазҰПУ,

Елтану және туризм кафедрасының ұстазы 

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір