• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

26 Сәуір, 13:14:30
Алматы
+35°

17 Қыркүйек, 2018 NEWS

Қандай жағдай болмасын, журналист қолына қару алмауы тиіс

Халыққа пайдалы әрі сапалы ақпарат тарату үшін журналист қара басын қатерге тігіп, түрлі қауіпті аймақтарға барады

Экстремалды журналистика

Журналистің басты міндеті тек күнделікті ақпаратты халыққа жеткізу емес, сонымен қатар кез келген істің ақ-қарасын анықтап, шындыққа көз жеткізу. Қандай жағдай орын алмасын, журналистер оқиғаның басында жүріп, оның ақиқатына көз жеткізу мақсатында тергеушілерден кем жұмыс атқармайды. Бұл журналистер өмірінің қаншалықты қауіп-қатерге толы екендігін, сонымен қатар көп жағдайда тәуекелге баруға тура келетіндігін көрсетеді.

Әскери дискурс

Әсіресе, егер журналист қарулы қақтығыс аймағында немесе табиғи апаттар орын алған жерде зерттеу жұмыстарын жүргізетін болса, түрлі оқиғаларға тап болады. Ең бастысы, бүкіл жағдайға психологиялық және физикалық тұрғыдан дайын болу қажет.

Әскери дискурс 2018

Халыққа пайдалы әрі сапалы ақпарат тарату үшін журналист қара басын қатерге тігіп, түрлі қауіпті аймақтарға барады. Жоғарыда атап өткеніміздей, экстремалды журналистикаға бет бұрардан алдын барлық жағдайға дайын болу қажет. Мұндай дайындық теория мен практиканың арқасында жүзеге асады.

Отандық БАҚ өкілдері Қорғаныс министрлігінің ұйымдастыруымен Қарағанды қаласындағы Спасск әскери оқу-жаттығу орталығында өткен «Әскери дискурсқа» қатысып, өздерін жан-жақты сынақтан өткізді. 12-15 қыркүйек аралығында өткен бұл әскери дискурста журналистер қандай жағдайға тап болды? Не үйренді? Қаншалықты шыдай білді? Экстремалды аймақта журналист өзін қалай ұстауы керек және қандай заңдылықтарды білуі тиіс? Осы және өзге де сұрақтардың жауабын Qamshy.kz ақпарат агенттігі назарларыңызға ұсынады.

30-ға жуық отандық БАҚ өкілдерін террористер басып алды

Қарағанды қаласы журналистерді жылы қарсы алып, өздерінің қонақжайлылығын танытқан болатын.  Алайда, капитан Ғани Талғатұлы әскери дискурсқа бірінші рет қатысып отырған журналистерге қашан да сақтық танытып жүру керектігін айтып ескертті.

Спасск әскери оқу-жаттығу орталығына кіріп келген сәтте бізді тосын сый күтіп тұрды. Бірінші күн лаңкестердің шабуылынан басталды. Сол сәттен бастап-ақ алдағы уақытта түрлі шытырман оқиғалардың күтіп тұрғаны белгілі болды. Мұның бәрі шынайы өмірде болып жатпағанын білгенімен, атылған оқтың дауысы пен лаңкестердің айқайы үрей туғызбай қоймады.

Қандай жағдай болмасын, журналист қолына қару алмауы тиіс

Келесі күні таңғы астан кейін білікті мамандар өздерінің тәжірибесімен бөлісіп, лекция оқыды. Мәскеуден арнайы шақыртылған «Звезда» арнасының өкілі Золотухин Алексей Геннадьевич өзінің лекциясында көптеген пайдалы ақпараттармен бөлісіп, негізгі тәртіптермен таныстырды. Оның айтуынша, журналист қандай жағдай болмасын қолына қару алмауы керек.

Кейіннен әскери дәрігер, майор Иван Бойко журналистерге алғашқы көмек көрсету жолдарын үйретіп, практикалық тұрғыда жүзеге асыруға көмек көрсетті. Атап айтар болсақ, қан кету кезінде қанды тоқтату шараларын, жасанды дем беру жолдарын және жараны қалай тігу керектігін үйретті. Сонымен қатар, қарулы қақтығыс аймағында жарақаттанған адамға көмек көрсету кезіндегі сақтық шараларымен де таныстырып, ең бірінші кезекте өзіңнің өміріңді сақтап қалуды ойлаған дұрыс екендігін айтты.

Практикадағы кейбір қателіктер

Теориялық білімді алып болғаннан кейін журналистер практикалық тұрғыда сынақтан өтті. Әскери оқ өткізбейтін сауыт пен дулыға киіп, «Альфа» арнайы арнайы жасағымен ашық алаңда жүріп өтіп, кейіннен мина орнатылған алаңға келіп жетті. Алдымен журналистерге минаның түрлері таныстырылып, кейіннен мина жазығынан өту барысында барынша сақ болу керектігі ескертілген еді. Алайда, жарылыссыз өту мүмкін болмады, бірақ қатты зардап шеккендер жоқ.

Нағыз қызық содан кейін басталды. Лаңкестер шабуылдаған ауылға кіріп келген журналистер жерде қансырап жатқан және көмек сұрап айқайлап жүрген тұрғындарды көргенде шынымен соғыстың бел ортасына келгендей күйде болды. Бастапқыда сасқалақтағанымен, кейіннен бірден естерін жинап, жарақаттанған тұрғындарға медициналық көмек көрсете бастады. Алайда, қауіпсіздік шаралары мен жоғарыда атап өткен журналист қолына қару алмауы керек деген басты заңдылық ұмытылып қалды.

Кешкі уақытта журналистерді серпілту мақсатында түрлі командалық ойындар ұйымдастырылып, ұйымдастырушылар күндізгі стресс жағдайынан арылтуға тырысты.

Әскери дискурс

Әскери дискурс

Әскери дискурс

Әскери дискурс

Әскери дискурс

Шытырман оқиғаға толы бұл күнде журналистер өздеріне көптеген пайдалы ақпараттарды алып, түрлі ситуацияларға дайын болуды үйренді. Ең алдымен, қауіпсіздік шаралары, жарақаттанған адамға қарулы қақтығыс кезінде медициналық көмек көрсете отырып, өзіңнің өміріңді сақтап қалу, мина жазығынан өтуде өте сақ болу, сонымен қатар, осының бәрінің бел ортасында жүріп психологиялық тұрғыда мықты болу қажет.

Автомат пен тапаншадан оқ ату кинодағыдай оңай емес

Үшінші күні журналистер жоғарыдағыдай шытырман оқиғаларға тап болмады. Бұл күні қару-жарақтардың түрлері таныстырылды. Тек таныстырып қана қоймай, журналистерге сол қарулардан оқ атуға мүмкіндік берілді.

Күтпеген жерден лаңкестер шабуылы

Барлық алған білім мен тәжірибені бекіту үшін ұйымдастырушылар деректі фильммен үшінші күнді қорытындылауды жөн көрді. Алайда, күтпеген жерден лаңкестер шабуыл жасап, журналистердің шыдамын соңғы рет тексеріп көруді ұйғарыпты. Деректі фильмді көріп жайбарақат отырған, кейбіреулері қалғып-мүлгіп отырған журналистер атылған оқтың дауысын естігенде шынайы өмірде болып жатқандай күйге түсті. Бұл жолы лаңкестердің қолында тек қана автомат емес, сонымен қатар жарылғыш миналарды алып келіп, журналистердің аяғының астына қойғанда, оның қаншалықты қауіпті әрі қорқынышты екені сезілді. Әскери дискурсқа қатысушылардың зәре-құты қашып, аздап психологиялық шок алып қалғандар да болды. Кейіннен арнайы жасақ тобы келіп, журналистерді лаңкестерден құтқарып, жарылғыш заттарды ауыздықтады.

Спасск әскери оқу-жатығу алаңындағы дискурс осындай түрлі оқиғаларға толы болды. Ал бұл шарада журналистер не үйренді?

Ең бастысы – кез келген жағдайда сабырлық танытып, лаңкестік шабуыл кезінде барлық бұйрықтарға бағыну. Сонымен қатар, артық қимыл жасап, батырлық таныту мұндай кезде үлкен қателік болатындығы белгілі болды. Террористердің қолына түскенде көзсіз батырлыққа бару олардың тек ашу-ызасын туғызып, өміріңе қауіп төндіруі әбден мүмкін.

Экстремалды жағдайда жұмыс жасаған кезде қауіпсіздік шараларын қатаң сақтаған абзал. Ең бастысы - қашан да сақ жүру. Қандай жағдай болмасын, алдымен өз өміріңді сақтап қалуды ойлау керек. Қызықты сюжет жасаймын деп қауіпті аймаққа көз жұмып бара салу - өз өміріңді өлімге байлағанмен тең. Жер бетінде ешбір ақпарат журналистің өмірінен артық емес!

Үш күнге созылған әскери дискурста болған барлық оқиғалар Қорғаныс министрлігінің жіті бақылауымен өтті. 

Әскери дискурс

Әскери дискурс

Әскери дискурс

Әскери дискурс

Әскери дискурс

Әскери дискурс

Әскери дискурс

Nazerke Labihan

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір