• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

29 Наурыз, 16:55:18
Алматы
+35°

19 Қараша, 2016 NEWS

Қандай адамның дұғасы сөзсіз қабыл болады?

«Аллаға дұға қылу – мұсылман өмірінде елеулі орын алатын ғибадат. Қасиетті Құран Кәрімде Алла Тағала: «Егер құлдарым сенен Мен туралы...

«Аллаға дұға қылу – мұсылман өмірінде елеулі орын алатын ғибадат. Қасиетті Құран Кәрімде Алла Тағала: «Егер құлдарым сенен Мен туралы (яғни, Құдай оларға алыс па, әлде жақын ба деп) сұраса: «Мен оларға өте жақынмын. Қашан Менен тілесе, тілеушінің тілегін қабыл етемін» - (де)», - деді. (Бақара 2:186)

Дұғаға қатысты Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.а.у.) де көптеген хадистері бар: 

«Ғибадаттың ең абзалы – Алла Тағалаға дұға қылу!» (Хаким)

«Дұға өзі – ғибадат!» (Әт-Термизи, Әбу Дәуд)

«Сақтық – тағдырдан қорған бола алмайды, ал дұға болған да, болмаған да нәрсеге септігі тиеді. Қиямет күніне дейін күреседі (яғни, дұға әрдайым бәлеге қарсы шығып, оны қайтарады)». (Хаким)

«Сіздерден қай-қайсыңыз да Раббысынан барлық қажетін, тіпті үзілген аяқ киімінің бауын да сұрай берсін!» (Әт-Тирмизи)

«Қазаны (яғни, Аллаһ Тағала белгілеген тағдырды) тек дұға қайтарады, ал ғұмырды жақсылық (яғни, жақсы ниет, ізгі іс) қана ұзартады» (Әт-Тирмизи).

«Дұға – бұрын болған бәлеге де, әлі болмаған нәрсеге де септігі тиеді. Әй, Алланың құлдары! Сендердің міндеттерің (Аллаға) көп дұға қылу» (Ибн Омар).

«Кімде-кім Алла Тағалаға дұға қылмаса (яғни, қажетін Аллаһтан тілемесе) Алла Тағаланың оған қаһары түседі». (Ибн Мәжә)

«Расында Алла Тағала ерекше Мейірімді, мәңгі тіршілік Иесі, өте Жомарт. Пендесі мінәжат етіп екі қолын көтерсе, Ол оған (яғни, екі қолына) бір жақсылық бермеуге ұялады».

«Адамдардың ең әлсізі – дұғаға әлсіздік еткендер (яғни, қажетін Алла Тағаладан тілеу ісіне селқос қарағандар). Адамдардың ең сараңы – сәлемге сараңдық еткендер». (әт-Тәбәрани, Бәйһақи)

«Мұсылман пенде үш қайтара Алла Тағаладан Жәннәтті тілесе, Жәннәт: «Иә, Тәңірім оны Жәннәтқа кіргіз!» - деп тілейді.»

«Дұғада босаңсымаңдар (яғни, Алла Тағаладан көп тілеңдер), өйткені дұға қылумен ешкім апатқа ұрынбайды (яғни, Алладан тілеудің пайдасы болмаса, ешбір зияны жоқ)» (Ибн Мәжә).

Дұға қабыл болу шарттары

1. Тілекте ықыласты болу. 

2. Ішіп-жегені, киген киімі халалдан болу. 

3. Дұға қабыл болмады деп асықпау. 

4. Дұғада ширк амалы болмауы. Мысалы: «Құдайым оңдап, әруақ қолда!» - деп, өлген адамды жәрдемші ету – ширк болады. 

 

Дұғасы қабыл кісілер

* Үнемі Алла Тағаланы ұмытпайтын кісінің дұғасы. 

* Мазлұм, яғни, жәбір көрген пенденің дұғасы. 

* Әділ имамның немесе, әділ билеушінің дұғасы.

«Үш адамның дұғасын Алла Тағала қайтармайды: Алланы көп зікір етушінің, жәбірленген жанның және әділ имамның» (Әл-Бәйһақи).

«Кәпір болса да мазлұмның дұғасынан сақтаныңдар! Өйткені оның дұғасына бөгет жоқ» (Ахмад). 

* Хазірет Жүністің (ғ.с.) дұғасымен дұға етушінің.

Оның балық ішінде еткен дұғасы: «Иә, Алла Тағала! Сенен басқа Тәңір жоқ! Сен кемшіліктен пәксің! Мен шынында өзіме зұлымдық етіп қойдым». Қай жағдай болмасын мұсылман пенде бұл дұғамен тілек етсе Алла оның дұғасын қабыл етеді. (Әт-Тирмизи, Ахмад, Нәсәи, Хаким)

* Кеңшілікте де, таршылықта да дұғада болушының.

«Кімде-кім қиыншылық сәттерінде дұғасы қабыл болуын қаласа – кеңшілік кездерде Алла Тағалаға көп дұға етсін!» (Әт-Тирмизи, Хаким).

* Ораза тұтушының.

* Мүсәпірдің, яғни, жолаушының

«Үш түрлі дұға қабыл: Ораза ұстаушының, жәбір шеккеннің және мүсәпірдің» (Әл-Байһақи).

* Атаның баласына тілеген тілегі.

«Үш түрлі дұға қабыл, оған күмән жоқ. Ол: мазлұмның (жәбір көрушінің), мүсәпірдің және ата-ананың баласына қылған дұғасы» (Ибн Мәжә, Әбу Дәуд).

* Мұсылманның мұсылманға дұғасы.

«Бір мұсылман басқа мұсылман бауырына сырттай дұға қылса періштелер оған: «Сол нәрсе саған да болсын!» дейді». (Мүслим)

* Тақуалар мен ізгі адамдардың.

* Ата-анасының хақысына дұға етуші ізгі ұрпақтың.

«Расында Алла Тағала (ізгі ұрпақтың дұғасымен) пенденің дәрежесін көтереді. Сонда пенде: «Бұл ненің себебінен?» - деп сұрайды, Алла Тағала: «Сенің ұрпақтарыңның дұғасы себепті», - деп жауап береді» (Әл-Баззар).

Дұғаның қабыл болатын уақыттары 

* Жұма күні

«Расында жұма күні – күндердің ең жақсысы және Алла Тағаланың қасында ең ұлығы. Ол Алла Тағалаға Ораза айт пен Құрбан айттан да абзал. Оның бес қасиеті бар: Жұма күні Алла Тағала Адам атаны жаратты; Осы күні Адам ата жерге түсті; Жұма күні бір сағат бар, сол сағатта пенде Алла Тағаладан харамнан басқа не тілесе береді; Жұма күні Қиямет сағаты соғады. Күллі періште, аспан, жер, жел, тау, теңіздер жұма күні Қиямет болып қала ма деп қорқады» (Ахмад, Ибн Мәжә).

* Имам: «Әмин! – дегендегі тілек қабыл.

«Қари:«Әмин!» - дегенде, сендер де: «Әмин!» - деңдер! Себебі періштелер де «Әмин» - деп тұрады. Кімнің «Әмин!» - дегені періштелердің: «Әмин!» - дегенімен сәйкес келсе, оның өткен күнәлары кешіріледі.» (Бұхари)

* Түннің әуелгі, ортаңғы және соңғы бөлігіндегі дұға қабыл.

«Әр түні, түннің әуелгі үштен бір бөлігі өткенде Аллаһ Тағала аспан дүниесіне түсіп: «Мен дүниенің Патшасымын! Мен дүниенің Патшасымын! Кім Маған дұға қылады, оның дұғасын қабыл етемін. Кім Менен қажетін сұрайды оған беремін. Кім Менен жарылқау тілесе, оны жарылқаймын», - дейді. Осылай таң атқанша жалғасады» (Мүслим).

* Парыз намазының соңы.

Дәлірек айтқанда, намаздың парызы оқылып, соңғы отырыста әт-тәхият пен салауат оқылғаннан кейін, сәлем берер алдында дұға ету. Пайғамбарымыз Мұхаммедке (с.а.у.): «Иә, Алланың Елшісі, дұғаның қайсысы өтімдірек (яғни, қандай дұғаның қабыл болуы ықтимал?)» - делінгенде, Ол: «Түннің соңғы бөлігі мен парыз намаздың соңындағы дұға», - деп жауап берді» (Байһақи).

* Азан айтылғанда.

«Намазға азан айтылғанда аспанның есіктері ашылып, дұға қабыл болады» (Әт-Тәйәлиси).

* Түнгі тілек қабыл. 

"Расында, түнде бір сағат бар. Бір мұсылман пенде Алла Тағаладан дүние не Ақырет ісінің жақсылығын тілеп, дұғасы сол сағатқа сай келсе, Алла Тағала тілегін береді. Ол сағат әр түнде болады» (Мүслим, Ахмад).

* Ауру адамға барып көңілін сұрағанда  немесе мәйітті зиярат еткенде.

«Сендер ауру кісінің қасында немесе жаназада болсаңдар, тек жақсылықты айтыңдар! Себебі, періштелер сендердің айтқандарыңа: «Әмин!» - деп тұрады» (Мүслим).

* Азан мен қаматтың арасында.

«Азан мен қаматтың арасындағы дұға қайтарылмайды.» (Әт-Тирмизи)

*Сәждеде жатқанда дұға қабыл.

«Пенденің Раббысына ең жақын болатын мезеті – сәждеде. Ендеше сәждені дұғамен көбейтіңдер!» (Мүслим).

*Шын тілегенде дұға қабыл.

«(Адамдардың) жүрегі ыдыс сияқты. Оның бірі екіншіден кеңірек болады. Ей, адамдар, егер сендер Алла Тағаладан тілесеңдер шындап сұраңдар! Себебі, Аллаһ Тағала пенденің енжар, беріле сұрамаған тілегін қабыл етпейді» (Әт-Тирмизи, Ахмад).

* Аллаһ Тағалаға мақтау айтып, ұлықтап әрі Пайғамбарымыз Мұхаммедке (с.а.у.) салауат айтқанда.

* Жаңбыр жауғанда

«Дұғаларыңның қабыл болуын: әскер дұшпанмен бетпе-бет тұрғанда, намазға қамат айтылғанда және жаңбыр жауғанда тілеңдер!» (Әш-Шафиғи, Әл-Байһақи).

* Әтеш шақырғанда.

«Әтеш шақырғанын естісеңдер, Алла Тағаланың кеңшілігін тілеңдер! Себебі, ол періштені көрді (яғни, періштені көрсе – шақырады). Егер есектің ақырғанын естісеңдер, шайтанның азғыруынан Алла Тағаладан пана тілеңдер! Себебі, ол шайтанды көрді (яғни, шайтанды көргенде ақыра-ды)» (Мүслим).

* Рамазан айында.

* Қадір түні.

* Құран оқылғанда.

Мұсылман жалғыз Алла Тағалаға сәжде қылады. Себебі, бұл - хақиқи ғибадат белгісі. Дұғасында жалғыз Алла Тағаланы зікір етіп, бір Алла Тағаладан тілейді. Бұл – нағыз имандылық.

 Материал Islam.kz сайтынан алынды 

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір