• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

25 Сәуір, 23:16:53
Алматы
+35°

19 Шілде, 2018 NEWS

Қағазбастылықтан құтылу

Иә, қағазбастылықтың зардабы туралы аз айтылған жоқ

Иә, қағазбастылықтың зардабы туралы аз айтылған жоқ. «Айта-айта Алтайды, Жамал апам қартайды» деген бар. Соның кебі сөзбұйдаға түскендай болды. Тіпі бұл мәселемен күрес мемлекеттік деңгейге көтеріліп, түрлі жұмыстар да атқарылды. Алайда кешенді бір бағдарлама болмай, түйіткілді тақырыпты біржола жабу қиындық тудырды. Рас, көп мекеменің көңілі құлазып, көпке ақтарар мұңы – осы бір қағазбастылық турасында тоқайласады.

Елбасының бұдан бірнеше жыл бұрын айтқан сөзі әлі көкейімізде. Сол кезде Мемлекет басшысы: «Біз әкімшілік реформа жүргізіп жатырмыз. Бұл – қажет емес қағазбастылық пен құжат айналымының қолайсыз үдерісіне айналмауы тиіс. Бүгінде әкім жұмысын бағалау миллиондаған құжатқа айналды. Мен Білім және ғылым мен Денсаулық сақтау министрліктерінде қанша құжат айналымы болып жатқандығы туралы айтқан болатынмын. Осы мәселені қараңдар да, бұл қағаздың барлығын жойыңдар», – деп атап өткен-ді. Одан бері бірнеше жылдың жүзі болды. Президент көтерген мәселе толық жойылды деп айта алмаймыз.

Халықтың көпшілігі ХҚО-ындағы ұзын-сонар кезекке шағым айтып, әлдебір жұмысын бітіру үшін қырғын қағаз толтыратындығын жиі сөз етеді. Ал, ауруханаға күніңіз түссе, кезекші дәрігер дертіңізді ойлап дегбірі қашпай-ақ, қағазына шұқшиған күйі сұрақ-жауаптың астына алар еді. Мектептегі мамандардың жағдай әмбеге аян. Қағазға көмілген мұғалім қашан көрсеңде қаламын қолдан тастамай, бас көтермей отырады. Мұның бәрі қағаз біткенді күресінге тастап, заман ағымына орай электронды форматқа көшу қажеттілігін туындатады.

Енді міне, цифрлық мемлекетке көшу бастамасы – көптеген мемлекеттік мәселелердің алдын алмақ. Яғни, «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы аясында аталмыш проблемаларды шешу жұмыстары қолға алынды. Сөзіміз құрғақ болмауы үшін нақты дәлелдерге жүгінсек.

Білім және ғылым министрлігі қағазбастылықтан құтылудың екі жолын айтады. Олар: біріншісі – Ұлттық білім беру деректер қоры, екіншісі – электронды журнал. Ұлттық деректер қоры бойынша мұғалімдер жылына екі мәрте (күз, жаз) ақпарат толтырады. Оған басқа мемлекеттік органдар қажет ететін ақпараттардың бәрі енуі тиіс. Бұл – әр мекемеге қағаз жөнелтуден шаршаған ұстаздар қауымы үшін тиімді бола түспек. Барлық дерек бір жерге тоғысады, сұраныс жасаған орган өзіне қажетті ақпаратты сол жерден ала алады.

Ал, Ұлттық білім беру деректер қоры ақпараттарының нақтылығы басқа мәселенің шетін шығарады. Министр Ерлан Сағадиевтің өзі сапа көрсеткіші турасында жұмыстанып жатқандығын айтады. 

Электронды журналға келсек, сабақ жоспарлары, баға қою – бәрі осы журналға енгізіледі. Бұл мұғалім жұмысының азаюына бірден-бір көмек болары даусыз. Ұстаздар қауымының уақытының көбі сабақ жоспарын әзірлеу мен күнделік тексеруге, одан қала берді тоқсан сайын есеп толтыруға кетеді. Қағазға көміліп отырудың кесірі білім саласындағы деңгейдің төмендеуіне де өз әсерін тигізеді. Ал, электронды журнал мұғалімдерді басы артық жұмыстардан құтқарып, бос уақытын көбейтіп, өзін-өзі жетілдіруге мүмкіндік сыйламақ.

ҚР Сыртқы істер министрлігі дипломатиялық қызмет үшін бірыңғай ақпараттық жүйе құрып, e-residence жобасын іске қосуға ниетті. Дипломатиялық қызметке арналған бірыңғай ақпараттық жүйе осы саладағы қағазбастылықтан құтылуға жағдай жасап, жұмысты жаңғыртуға мүмкіндік береді. Электронды резидент – Қазақстан аумағында болмай-ақ кәсіп жүргізуге мүмкіндік береді. Сол арқылы шетелдік азамат салық төлеу, заңды тұлға тіркеу секілді бизнес жүргізуге қажетті бүкіл процесті жасай алады. Заңды тұлғаға өзінің электронды цифрлық қолтаңбасы бар ID карта беріледі. Оның көмегімен ол қандай да бір келісімдер жасасып, мемлекеттік органдардың сервисі арқылы құжаттарға қол қоя алады.

Біз сөз еткен мәселе медицина саласында да өзекті. Денсаулық сақтау министрлігі бұл тығырықтан шығу үшін бірнеше бастама көтерді. Мәселен, алдағы уақытта еліміздің әрбір азаматының жеке ұяшығы, яғни, денсаулығының электронды паспорты болады. Және де жекелеген қызметтердің жұмысы автоматтандырылады: Медициналық сақтандыру қоры, қоғамдық денсаулық сақтау мен дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету саласы.

Денсаулық сақтау министрлігі биылғы жылдың қаңтарынан бастап медициналық құжаттаманы қағазсыз жүргізуге көшу процесі біртіндеп басталғанын айтқан-ды. Бастапқы медициналық құжаттаманы қағаз қолданбай жүргізу жұмыстары кезең-кезеңімен көшірілетін болады:

2018 жылғы қаңтардан бастап —Ақмола, Қарағанды, Қостанай, Батыс Қазақстан облыстары;

2018 жылғы сәуірден бастап Алматы, Маңғыстау, Павлодар, Оңтүстік Қазақстан облыстары;

2018 жылғы маусымнан бастап Атырау, Жамбыл, Қызылорда, Солтүстік Қазақстан облыстары;

2018 жылғы қазаннан бастап Ақтөбе, Шығыс Қазақстан облыстары және Астана мен Алматы қалалары.

Елбасы Жолдауында: «Ақпараттық жүйелерді біріктіру, мобильдік цифрлық қосымшаларды қолдану, электрондық денсаулық паспортын енгізу, «қағаз қолданбайтын ауруханаға» көшу арқылы медициналық көмектің қолжетімділігі мен тиімділігін арттыру қажет», - деп нақты көрсетілген болатын. Олай болса, Біртанов бастаған министрлікке артылар жауапкершіліктің жүгі ауыр.

Біз тілге тиек еткен бастамалар «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы аясында атқарылып жатқан істердің бір парасы ғана. Ең бастысы «қағаз дәуірінен» өтудің алғышарттары жасалды. Нәтижесі болашақ еншісінде.

Сансызбек Жаңабай

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір