• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

20 Сәуір, 16:55:46
Алматы
+35°

14 Мамыр, 2019 Әдебиет

Пушкинді жер жастандырған Дантес қалай өмір сүрді?

1836 жылы белгісіз жолдаушыдан "Рогоносецтің дипломы" деген мәтіндегі хаттар алуы – оның жымысқы ойларының жемісі.

Әйгілі орыс ақыны Александр Пушкинді жер жастандырған Дантес тамаша ғұмыр кешіп, Еуропадағы саяси аренада зор беделге ие болған-мыс. Ақын қанын мойнына жүктеген азамат 83 жыл өмір сүріпті.

Дантес 1833 жылы Эльзастан Ресейге қайта оралады. Өзінің артынан Франциядағы патшайым Мария Каролинаның баласы Генрихке тақты алып беру мақсатында жасаған "Бурбон-Сицилия" көтерілісіне қатысты деген мифті ерте келеді.

Расында, зерттеушілер Дантестің Бурбондар әулетіне беріле қызмет жасағанын жоққа шығармайды. Дегенмен, Дантес жоғарыда аталған бас көтеруге қатыспаған деген тұжырым шындыққа жанасыңқырайды.

Ресейге оралу сапарында Дантес нидерландылық елші – барон Луи Геккернмен танысады. Сымбатты әрі жас француз лауазымды болса да, әлі күнге бала сүймеген елшінің іші-бауырын елжіретеді. Геккерн де өзінің жаңа танысына барынша қолдау көрсетіп, оны биікке көтеруге ұмтылыс жасаған.

Дантес жаңа танысы арқылы император Николай І мен патшайыммен танысады. Француз, әсіресе, патшайымға қатты ұнаған. Ал патша французды Кавалергард полкіне корнеттер қатарына қосуға бұйрық беріп, ақшалай сый жасайды.

Ақырында Геккерн жас французды асырап алады. Дантес те оның тегін қабылдап, әкелі-балалы қатынасқа көшеді. Геккерн өзінің "баласына" барынша әкелік мейірім көрсетуге тырысып бақса да, жүрексіз француз оны тек өз пайдасына ғана қолданып жүрді.

"Шақырылмаған қонақ"

Дантес Ресейге де кездейсоқ келмеген еді. Бұл жақта оның алыс туысы, графиня Вартенслебен тұратын. Ол кезінде Мусин-Пушкин аталатын графтардың біріне ұзатылған. Демек, Дантестің өзі Александр Сергеевичке бөтен адам болмай шығады.

Арада біршама уақыт өткенде Пушкин мен Дантестің туыстығы тағы да тереңдей түскен. Француз ақынның әйелі Натальяның сіңлісі Екатерина Гончарованы қалыңдық етеді.

"Қызғаныш, шіркін..."

Дантес пен Наталияның арасында ақынның қызғаныш сезімін оятарлықтай жағдай орын алды, алмады ма, ол жағы беймәлім. Бірақ ел арасында осы тақырып төңірегінде әлі күнге дейін сыңаржақ пікір қалыптасқан.

Көпшілік пікірінше, француз түрлі кештерде ақынның әйелі Наталья Николаевнаға ашықтан-ашық жақындығын білдіріп жүрген. Тарихшылардың басым бөлігі де осы пікірге арқа сүйейді. Анығында Дантес Натальяға еріксіз ғашық болып қалады. Содан кейін жымысқы ойлар санасын жаулап, сұлу келіншекті өзінің құшағына алуды ойластырады.

Пушкиннің және оның жақын достарының 1836 жылы белгісіз жолдаушыдан "Рогоносецтің дипломы" деген мәтіндегі хаттар алуы – оның жымысқы ойларының жемісі. Абыройын аяққа таптаған француздың дарақылығына төзбеген Пушкин оны дуэльге шақыруға мәжбүр еді.

Александр Сергеевич дуэльге шақыру туралы хабарлама жібергенде, оны "ұлының" атынан Геккерннің өзі қабылдады. Артынша екі апта мұрсат беруін сұрады. Ал осы екі апта уақыт ішінде Дантес Еуропадан бір-ақ шығып, Екатерина арқылы ақынның ашуын басуын өтінеді. Әйелінің сіңлісін бақытсыз еткісі келмей, амалы таусылған ақын ақыры дуэльді шегеруді ұйғарады. Дантес осы аралықта, нақтырақ айтсақ, 1837 жылдың 10-қаңарында Натальяның сіңлісімен үйлену тойын жасайды.

Хат арқылы шешілген тағдыр...

Екатерина Гончарова әпкесі секілді сұлулығымен ерекшеленбейтін. Осы себеп болды ма, әлде ғашықтық оты байыз тапқызбады ма, әйтеуір неке қию рәсімінен соң-ақ Дантес қайтадан Натальяны жағалай бастады.

Мұны байқаған Пушкиннің сабыр-төзімі осы тұста түгесілді. Қаңқу сөздерден, бейтаныс хаттардан мезі болған ақын Геккерннің өзіне хат жазып, хатында екі туысын да үйінен көргісі келмейтінін, ал Дантестің мерезбен ауыратынын жайып салады.

Осы хаттан кейін ғана дуэльге екі тараптық келісім жасалады. 27-қаңтар күні Қара жағалауда атақты дуэль орын алады. Жекпе-жек кезінде Дантес те, Пушкин де жарақат алады. Ішіне тиген оқ екі күннен кейін атақты ақынның жанын жалмады. Ал Дантестің қолынан алған жарақаты оп-оңай жазылып кеткен.

Напалеонның ІІІ сеніміне кірген Дантес үш бағытта түрлі саяси миссияларды мүлтіксіз орындады. Олар – ресейлік, австриялық және пруссиялық бағыт. Францияның Сульце қаласының мэрі деген атаққа дейін көтерілсе де, Дантес Ресей жайын ұмыта алмады.

Әсіресе, әйелі Екатериан Гончарова өмірден өткен кезде, Гончаровтар отбасына қайта шүйлігіп, орнына әйел беруді талап етеді. Көздегені – Пушкиннің балаларының анасы Наталья. Бірақ оның талаптарына қатқыл жауап алады.

Денсаулығынан кінәрат болмаса да, байлығы  асып - төгіліп жатса да, Дантестің көңілін алаң қылған бір жай бар еді. Ол – француздың психикалық ауытқуларға шалдыққан қызының Пушкин өлеңдерін құлай сүюі.

Дуэль туралы оқып-білген қызы оны өле-өлгенше қаныпезер деп атап кеткен. Әке мен қыздың сүйегі қазіргі күні де қалалық мазаратта қатар жатыр.

 

 

 

Әділет Мәдениет

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір