• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

28 Наурыз, 15:05:30
Алматы
+35°

20 Қараша, 2018 Айтты-ей, бауырың!

Президент стипендиясының иегері Аягүл Мантай шарасыздықтан Назарбаевқа хат жазды

Мен, Президент стипендиясының, «Серпер» Жастар сыйлығының иегері, жазушы Аягүл Мантай шарасыздықтан Сіздерге хат жолдап отырмын.

Жазушы, Президент стипендиясы мен «Серпер» Жастар сыйлығының иегері Аягүл Мантай жалғыз інісінің өліміне қатысты сот отырысының әділ жүргізілуін сұрап Елбасына хат жазды.

ҚР Президенті 
Н.Ә.Назарбаевтың, 
Бас прокурор 
Қ.П.Қожамжаровтың,
Ішкі істер министрі Қ.Н.Қасымовтың, 
Жоғары соттың төрағасы Ж.Қ.Асановтың
назарына

Мен, Президент стипендиясының, «Серпер» Жастар сыйлығының иегері, жазушы Аягүл Мантай шарасыздықтан Сіздерге хат жолдап отырмын.
Сіздерге хат жолдап отырған себебім: 2018 жылдың 23 тамызында Шымкент қаласында орын алған жол апатынан туған, жалғыз інім, Түркияның Еге университетінің докторанты, екі аптадан кейін докторлық диссертациясын қорғау үшін жолға жиналып жүрген Мантаев Тұратбек көз жұмды. Бұл кезде мен Мәскеу қаласында едім, себебі, шығармашылығымды таныту мақсатында алты жылдан бері Мәскеу қаласында тұрам. 
Шымкент қаласындағы Бәйдібек би мен Көшеров көшелерінің қиылысында, таңғы 8-30-да өз жолымен, бірақ қатты жылдамдықпен келе жатқан (қолымда видеоайғақ бар) БМВ автокөлігінің алдынан Тойото автокөлігі шығып, рөлге ие бола алмай қалған БМВ автокөлігі жол шетінде бағдаршамның жануын күтіп, өзімен өзі тұрған ініме барып соғылған. Інім сол жол апаты орын алған жерде тіл қатпай көз жұмған. Марқұм әкемнің қырқы өткеніне бір ай өтер-өтпес жалғыз інімнен айырылдым. 
Тойото 082 автокөлігінің иесі Әбилхасов Нұрлан айыбын толық мойындап отыр. Бірақ тергеу ісінде БМВ 286 автокөлігінің қатты жылдамдықпен келе жатқаны ескерілмей, көлік иесі Муртазин Сабир тек қана жәбірленуші болып көрсетілген. Қатты жылдамдықпен келе жатқан Муртазин Сабирдың да інімнің өлімінде кінәсі бар деп санаймын. Егер Муртазин Сабир қатты жылдамдықпен келмесе, жолдың шетінде тұрған ініме соқтықпас еді. Құзырлы заң орындарынан Муртазин Сабирдың қандай жылдамдықпен келе жатқанын анықтауын сұраймын. 
Тергеу ісінің әділ өтпеуіне Муртазин Сабирдың Президент Н.Ә.Назарбаевтың, Ішкі істер министрі Қ.Қасымовтың, Бас прокурор Қ.Қожамжаровтың және басқа да құзырлы мекемелердің басшыларына жазған арызы тергеу ісіне қатысы бар адамдарды қорқытты деп санаймын. Егер кісі өліміне қатысы бар адамның (мен қатысы бар деп санаймын) бәрі Сіздердің аттарыныңызға хат жазып, ақтығын, кінәсіздігін дәлелдеп, арызбен бәрін қорқытып, үркіте берсе, тергеу ісі қайдан әділ өтсін, сот қайдан әділ өтсін?! 
Муртазин Сабирдың Президенттің атына, Бас прокурордың, Ішкі істер министрінің атына жазған үш беттік арызының көшірмесі менде сақтаулы тұр. Інімнің өліміне қатысты тергеу ісін Бақтияр Дорибаев жүргізген. 
Ертең, сағат 10-30-да Шымкент қаласындағы Қаратау аудандық сотында інімнің өліміне қатысты екінші сот отырысы өтеді. Сот Рахманберді Ермахан Еркінұлы. Сіздерден сотты тоқтатып, тергеу ісін басынан қайта жүргізуге қолұшын беруді сұраймын. Адам өлімі орын алған жерде Қазақстан Республикасының Конституциясы аяққа тапталмауын сұраймын. 
Осы күнге дейін бұл мәселені қолға алмауымның себебі: видео кеше қолыма түсті. Ауылда, жалғыз ұлынан айырылып, аңырап отырған ауру анамның қасынан шыға алмай, тергеу ісіне қатыса алмадым. 
Сіздерді бұл мәселеге, шетелде тұратын жазушының жанайқайына бей-жай қарамас деп сенемін. 
Аягүл Мантайдың фейсбук парақшасынан алынған

Әсел Болатқызы

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір