• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

29 Наурыз, 17:38:29
Алматы
+35°

16 Сәуір, 2019 Экономика

"Президент айтты екен деп Ұлттық банк базалық сыйақыны түсіре салмайды"

Ұлттық банкке Тоқаевтың «базалық мөлшерлемені түсір» деген тапсырмасын орындау қиынға түсетін сыңайлы

Президент Қасымжомарт Тоқаев Маңғыстаудағы сапарында экономика дамып, халықтың табысы артып, шағын және орта бизнес өркендеуі үшін арзан несиеге қолы жетуі керек. Сондықтан Ұлттық банкке биыл базалық мөлшерлемені төмендетіп, экономиканы қаржыландыру көлемін ұлғайту механизмін дайындауды тапсырамын» деген болатын.  Бірақ Ұлттық банкке Тоқаевтың «базалық мөлшерлемені түсір» деген тапсырмасын орындау қиынға түсетін сыңайлы. Бұл ретте мамандар «Президент айтты екен деп Ұлттық банк базалық мөлшерлемені түсіре салмайды, себебі қазір елде инфляция өршіп тұр. Ақша-несие саясатын реттеу оңайға соғып тұрған жоқ» дейді.

Біл ретте экономист-ғалым Бейсенбек Зиябековтың айтуынша,  алдағы үш жылда Қазақстандағы инфляция көлемі айтарлықтай төмендейтін болса ғана Ұлттық банк базалық мөлшерлемені азайту жайын ойлар еді. «Бірақ қазір керсінше,  әрбір тоқсан сайын өнімдер қымбаттап, халық қымбатшылықты нақты сезініп отыр» дейді экономист-ғалым.

Маманның пайымдауынша, егер 2019 жылы инфляция көлемі 4-6 пайыздық деңгейде сақталатын болса ғана , онда базалық сыйақы мөлшерлемесін  осы көктемнен бастап 9,25 пайыздан, 5-7 пайызға дейін төмендетуге мүмкіндік бар. Ал қазіргі жағдайда базалық сыйақыны төмендету қисынсыз.  

 «Ұлттық банк қазір базалық сыйақы мөлшерін 9,25 пайыз деңгейінде ұстап отыр. Негізінде, базалық сыйақы мөлшері елде инфляция көлемі тұрақты болғанда түсіріліп отыруы керек. Ұлттық банк осы арқылы ақша-несие саясатын реттеп отырады. Ақша-несие саясаты нақты экономикамен байланысты болуы керек. Егер біз отандық өндірісті, жаңа технологияны, ауыл шаруашылығын, өңдеу саласын дамытқымыз келсе, олардың қолына қаржы беруіміз керек. Ол үшін әрине кәсіпкерлерге арзан несие жүйесін ұсынуға тиіспіз. Сондықтан болашақта Ұлттық банк базалық сыйақы мөлшерлемесін төмендетсе жоғарыда аталған салаларға пайызы арзан несие алуға үлкен мүмкіндік ашылар еді. Бірақ қазір бізде инновация дамыған жоқ. Отандық өндіріс дағдарысқа әрең шыдас беріп отыр. Доллардың құны жоғарлап барады. Ұлттық валютамыздың құны төмендеп кетті. АҚШ федеральдық жүйесі де базалық сыйақы мөлшерін жоғарлатып отыр. Сырттан алатын қарыз мөлшері де өсті. Мұндайда Ұлттық экономика министрлігі де, Ұлттық банк те базалық сыйақыны төмендетуге асықпайды»,-деді экономист-ғалым Бейсенбек Зиябеков.

Бейсенбек Зиябековтың пайымдауынша, қазір екінші деңгейлі банктер Ұлттық банктен несие алғанда оны 9,25 пайызбен алып отыр. «Егер базалық сыйақы мөлшерлемесі төмендесе, екінші деңгейлі банктер де пайыздық үстемақыны міндетті түрде  төмендетер  еді» дейді-ғалым.

«2015-2016 жылдары Ұлттық банк базалық сыйақы мөлшерлемесін 16-17 пайыздың көлемінде тағайындаған кезеңдер де болды. Сол кезде екінші деңгейлі банктер арасында несиенің  пайыздық үстемақысын 28-30 пайызға дейін өсіріп жібергендер кездесті. Ал қазір 2018 жылдан бері  мөлшерлеме 9,25пайыз болып отыр. Бірақ екінші деңгейлі банктер пайыздық үстемакыны  түсіру өздері үшін әлі де тиімсіз екенін айтып, кәсіпорындарға, қарапайым халыққа арзан несие беруге асықпай отыр. Егер біз болашақта экономикамызды, халықтың тұрмысын дамытқымыз келсе, елде арзан несие

беру жүйесін қалыптастырып алуымыз керек. Ұлттық банк осы жағын ойлануы қажет. Ұлттық банк инфляцияны тежеумен немесе оны болжаумен ғана айналыспауы керек. Бізге өндірісті, модернизацияны, ауыл шаруашылығын қолдайтын ақша-несие саясаты керек. Тек қана мұнай мен газға иек артқан экономика бізді дағдарыстан шығармайды. Сондықтан Ұлттық банк түбегейлі қазіргі ұстанып отырған бағытын өзгертіп, банк пен бизнес арасындағы қарым-қатынасты жөндеу керек. Ақша-несие саясатына түбегейлі өзгеріс керек»,-дейді Бейсенбек Зиябеков.

Ұлттық банктің базалық ставканы төмен түсіретініне экономист-сарапшы Ілияс Исаев та күмәнмен қарайды. Себебі нақ қазіргі экономикалық жағдайда бізге базалық сыйақы мөлшерін төмендету аса көмекке келе қоймайды.

«Ұлттық банк инфляция көлемі 4-6 пайыздан аспайды дейді. Бірақ халықтың жағдайына қарасақ, елдегі инфляция көлемі 20 пайызға жетіп жығылды. 2018 жылы нақты инфляция 8 пайызды құрады. Ал 2019 жылы  күтіліп отырған инфляция 4-6 пайыз Әрине болжам жақсы. Бірақ қазіргі қалыптасып отырған жағдаймен салыстырсақ, бұлай болуы қиындау»,-деді экономист-сарапшы.

Сондай-ақ сарапшы маманның пайымдауынша, егер базалық сыйақыны төмендететін болсақ, өндіріске ұсынатын арзан несие көбейіп айналымдағы ақша массасы артады. Бірақ сол айналымдағы ақшаны біздің өндіріс игере ала ма?

« Қазір біз тұтынушыға қаншама ақшаны ұсынсақ та ол проблемалық несиеге айналып кетіп отыр. Себебі өндіріске беріліп отырған арзан несие жоғары деңгейде  өнім шығаруға, өндірістің қабілетін арттыруға айтарлықтай әсер етіп отырған жоқ. Өндірісітң қуаты артудың орнына, керсінше кеміп, айналымда ақша көбейіп кетіп, құнсызданып жатыр. Сондықтан бұл арада алдымен  инфляция көлемі нақты болжануы керек. Бізде нақтылық жоқ. Бейресми деректер «халықтың жайына қарап инфляция тіпті 20 пайызды межеледі» десе, ресми деректер 4-6 пайыздан аспайды деп болжайды. Ал нарықтағы жағдайды бағдарласақ елде әр тоқсан сайын қымбатшылық орын алып жатыр. Отандық өнім өндірушілер өнім өндіруге салған ақшаларын инфляция жеп құнсызданып кетіп жатқанын айтып шырылдайды»,-деді экономист-сарапшы Илияс Исаев.

Сондықтан маманның байыптауынша да,  Қазақстандағы ақша-несие саясатына серпіліс керек. Ұлттық банк макроэкономикалық жағдайларға бағдар жасауды терең игеруі тиіс.

«Болашақта Ұлттық банк  макроэкономикалық тепе-теңдікті зерттей білу керек. «Қаржыны қай салаға бөлсек, қайтарымы болады. Өндірістің қуаттылығы қандай? Берген қаржыны ұқсата ала ма, түсімі қаншалықты сенімді» деген мәселеге Ұлттық банк те бас ауыртуы тиіс. Бұл арада Ұлттық банк пен Үкімет бірлесіп жұмыс істегенде ғана мәселе шешімін табады»,-деді Илияс Исаев.

Қарлығаш Зарыққанқызы

Nazerke Labihan

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір