• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

29 Наурыз, 05:42:41
Алматы
+35°

13 Тамыз, 2018 NEWS

Полиция қарапайым қазаққа неге өш?

Өз елін, өз жерін мекендесе де, әділдік іздеп зарлап жүрген де, жұмыс іздеп сарылып жүрген де, пәтерден пәтерге көшіп жүрген де өзіміздің қазақ.

Біздің полиция қызметкерлері халыққа қызмет етеді ме әлде халыққа қарсы жұмыс істей ме? Үнемі бір заңсыздық орын алса, әйтеуір қара халықтың зарлап, жылап жатқанын, «әділдік жоқ» деп шырылдап жүргенін көреміз. Қолдарында ешқандай билігі, танысы жоқ ашынған халық қарғыс айтқаннан басқа амалы қалмайды. Осыдан кейін биліктегілер "бізге сеніңіздер, біздің заң әділдікті жақтайды", - деп айғайлайды. Халық неге билікке, заңға сенбейді? Билік қарапайым халық заңдық тұрғыдан сауатсыз деп ақталғанымен, түрлі заңсыздықтарды өз көзімен көріп жүрген қара халық үйіне ұры түссе де "полиция шақырғанмен түк пайда жоқ, уақытымыз бен жүйкемізді ғана құртамыз", деп айтады. Біздің заң қызметметкерлері мойындамаса да, ананы-мынаны айтып ақталса да, бұл - шындық...

11 тамызда ШҚО Үржар ауданына қарасты Алакөл аймағында болған оқиғаны баяндауға рұқсат етіңіздер. Әлеуметтік желіде тараған төмендегі видеоларға қарағанда полиция қызметкерлері Алакөл демалыс аймағында демалушыларға қызмет көрсетіп жүрген жұмысшыларды жұмыс орнынан қуған. Жергілікті халықтың айтуынша, бұл облыс әкімшілігінен келген арнайы бұйрық-мыс. Ең сорақысы, полиция қызметкерлері жергілікті тұрғындарды қуып қана қоймай, қоқан-лоққы көрсетіп, ұрып-соққан көрінеді.

Бұл жерде жергілікті тұрғындар арнайы анықтамасыз, заңсыз жұмыс істеуі де мүмкін. Бірақ полиция қызметкерлерінің ұрып-соққаны, қоқан-лоққы көрсеткені өз қызметін асыра пайдаланғандық емес пе?! Полиция қызметкерлерінің анасындай адамды итеріп, жұлқылауының өзі заңсыздық қой. Жоқ, әлде заң қызметкерлеріне жол ережесін бұзуға, адамдарға қоқан-лоққы жасап, ұрып-соғуға рұқсат берілген бе? 

Біздің елдің полиция қызметкерлері жансыз робот секілді. Ешқандай адамдық, аяушылық дегенді білмейді, тек қана өздеріне берілген тапсырманы, бұйрықты ғана орындайды. Билік қарапайым халықты өлтіріңдер десе де еш міз бақпастан өлтіре салады-ау осы. Қарапайым халықтың артында қорғаушысы, басқалар секілді "Мәке, Сәкелері" жоқ болғандықтан халықты қанау да, олардың бар мүлкін тәркілел, жасап жатқан нәпақасынан айыру да оңай. 

Өз елін, өз жерін мекендесе де, әділдік іздеп зарлап жүрген де, жұмыс іздеп сарылып жүрген де, пәтерден пәтерге көшіп жүрген де өзіміздің қазақ. Ең өкініштісі де осы...

Әсел Болатқызы

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір