09 Қаңтар, 2019 Әдебиет
Пышақтап жатса да, құшақтап болмаймыз! Жарақаттап жатса да, марапаттап болмаймыз!
Көшеде кикілжің төбелес, Кеңседе мипылжың жиналыс!
«Бас жарылса – бөрік ішінде» дейді,
Бөріктімнің намысын тұқыртып...
«Тіс сынса – ауыз ішінде» дейді,
Ауызымнан ащы запыран түкіртіп...
«Қол сынса – жең ішінде» дейді,
Жең ұшынан жалғасқан парақорларды құтыртып...
Бізді басынбаған кім қалды?!
*
Мәйханалар – жаттыкі,
Мәйітханалар – біздікі.
Ойынханалар – жаттыкі,
Ойнасханалар – біздікі.
Дәріханалар – жаттыкі,
Дәретханалар – біздікі.
Бізді басынбаған кім қалды?!
*
Көшеде кикілжің төбелес,
Кеңседе мипылжың жиналыс!
Тілім кесілген...
Тілерсегім қиылған...
Пышақтап жатса да,
Құшақтап болмаймыз!
Жарақаттап жатса да,
Марапаттап болмаймыз!
Келімсек – төрде,
Көңілшек – төменде,
Ұлтаралық мәселені – ұлтабарлық мәселе дейді,
Бізді басынбаған кім қалды?!
Мирас Асан
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Ұсынылғандар
Пікір қалдыру
пікір