• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

19 Сәуір, 01:42:43
Алматы
+35°

30 Шілде, 2018 NEWS

Педофилден "қорлық көрген" 7 жасар баланың экс-заңгері кімге жақпай қалды?

25 шілдеде Қазақстандағы адам құқықтары жөніндегі халықаралық бюроның сайтында Бауыржан Азановтың үстінен қылмыстық іс қозғалғаны туралы ақпарат жарияланған.

ҚР Бас прокуратура адвокат Бауыржан Азановтың үстінен ҚР ҚК 274 бабы бойынша – жалған ақпарат таратқаны үшін қылмыстық іс қозғады.

25 шілдеде Қазақстандағы адам құқықтары жөніндегі халықаралық бюроның сайтында заңгер Бауыржан Азановтың үстінен қылмыстық іс қозғалғаны туралы ақпарат желі қолданушыларының арасында қызу талқыланды. Көбі заңгерді жақтап, оны пікір білдіргені үшін жауапкершілікке тарту конституцияға сай емес екенін жазды. Бауыржан Азановтың әріптесі Джохар Өтебеков те адам құқықтары жөніндегі халықаралық пактіде әр адам пікір және сөз бостандығына құқы бар екенін айтады.

- Жалған сөз үшін қудалайтын бірде бір елді білмеймін. 4 жыл бұрын осы норманы Қылмыстық кодекске енгізгенде мен БАҚ-та және өзімнің блогымда конституция, демократияға сай келмейтінін және конституция бойынша көрсетілген сөз бостандығы мен БҰҰ азаматтық және саяси халықаралық пакті бойынша енгізілген пікір бостандығына нұқсан келтіретінін айтқанмын. Бұл норма өркениетті елдердің қылмыстық заңында ешқандай баламасы жоқ.  Адамдар қателескеннің өзінде сөз бостандығы мен пікір бостандығын негізге ала отырып оның қателесе алатынын ескеру керек.

Егер адам нақты біреудің абыройына нұқсан келтірсе ол үшін арнайы жауапкершілік бар. Моральдық шығынды өтеу үшін мүлкін тәркілеу де көрсетілген, - дейді Джохар Өтебеков.

"Педофилдің құрбаны болды, зорланды" деген 7 жастағы баланың экс-заңгері Бауыржан Азанбекті қолдаушылар көп. Оның балаға көмектесу үшін тегін жұмыс істегенін және заңгердің жалғыз ғана мақсаты - зорлау ісіне қатысты барлық күдіктіні жауапкершілікке тарту болғанын айтып, оған араша сұрап қол да жинап жатыр.  

Заңгер Бауыржан Азановты қолдайтын мыңға тарта желі қолданушысы ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа заңгерге араша түсуді сұрап, хат жазды.

Бауыржан Азановтың өзі отандық БАҚ-қа берген сұхбатында желіде оны қолдаушылардың көп екеніне қуанатынын жеткізген еді.

«Осы қылмыстық істе 7 жасар баланың ісіне қатысты күдіктілерді жауапқа тартуды ғана мақсат тұтқан жалғыз заңгерді өз мүмкіндіктерін пайдаланып қудалап жатқандар өз әрекеті арқылы Қазақстан қоғамы мен әлем алдында  билік органдары мен басқармасының беделін түсіріп отыр. Заңгер Азанов тергеу құпиясын жарияламай, сот сараптамасы жүргізіліп жатқанын, әлеуметтік желіде әлдекімдер оның абыройы мен беделіне нұқсан келтіру үшін шындыққа жанаспайтын ақпаратты таратып жатқанын халыққа жеткізді» деп жазылған хатта.

Елбасыға араша сұрап хат жазғандар Нұрсұлтан Назарбаевтың аталмыш қылмыстық іске қатысты айтқан пікірін мысалға ала отырып, Бауыржан Азановқа қатысты қылмыстық істі тіркегендер заң бойынша жазалануы қажет екенін баса атап өткен.

Естеріңізге сала кетейік, Нұрсұлтан Назарбаев 2018 жылдың 1 маусымында 7 жастағы балаға қатысты іс туралы пікір білдірген болатын.

«Барлық жерде туыстар отырып алған. Қылмыстық іспен айналысып жатқан полиция – туыстар, жоғары органдарда отырғандар – туыстар, одан да жоғарыдағылар – олар да туыстар. Осының барлығы істі тоқтату үшін жасалды. Мұндайға жол берілмеуі керек!» деген еді Назарбаев.

Мыңға жуық адам қол қойған хатта желі қолданушылары Азановтың аталған істегі мақсаты айқын болғанын айтады.

«Заңгер Азанов құқыққорғау органдарынан іске қатысты жауапты адамдарды жауапкершілікке тартуды ғана көздеді. Сол үшін қолдан келгенін жасады. Оны жалған ақпарат тартқаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тарту – халық мен халықаралық қоғамдастықтың алдында құқыққорғау органдары мен басқармалардың беделін түсіреді, халықтың елдегі сот жүйесі мен құқыққорғау органдарына сенімсіздік пайда болуына түрткі болады.

2018 жылдың 23 мамырында Бауыржан Азановқа қатысты істі тіркегендер  қатаң түрде жазалануы қажет» деп жазылған хатта.  

Заңгердің үстінен қылмыстық іс қозғалғанда оның саяси астары бар болуы мүмкін екенін айтқанда да болды. Халықаралық тәжірибені негізге ала отырып, Джохар Утебеков те заңгердің үстінен қылмыстық іс қозғалуы шектен шыққандық деп есептейді. 

- Бұл жерде адамның пікірі үшін қудалағанын байқауға болады. Адамның пікірі қате болса да оны қудаламау керек. Сондықтан, мен бұл адам құқығын шектейді деп ойлаймын және оны қолданбау керек деп есептеймін.

Бауыржанның ісінде саяси астар бар деп ойлаймын. Егер прокуратура оның әрекетімен келіспесе, ол заңгер әдебін бұзды деп ойласа, Адвокаттар алқасына шағым түсіру керек еді, бірақ қылмыстық іс емес» дейді заңгер.

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін қоғам қайраткері Аружан Саин өзінің Facebook парақшасында сәуір айының басында 7 жастағы баланың анасы белгісіз жағдайға байланысты заңгер Бауыржан Азановтың қызметінен бас тартқанын хабарлағанын жазған болатын.

«Заңгер Бауыржан Азановтың қызметінен бас тартқаны туралы хабар оған пошта арқылы ресми түрде жеткізілді және тергеушіге өтініш берілді. Осыдан кейін Бауыржан Азанов тергеу ісіне араласпады, бізбен байланысқа шықпады. Ол өзінің бұрынғы сенім білдірушісіне нұқсан келтіретін ақпаратты жариялауға құқығы жоқ» деп жазды Аружан Саин.

Ол анасының мұндай шешімге неліктен келгенін жаза алмайтыны және дәл сол секілді  Бауыржан Азанов та бұрынғы сенім білдірушісіне қатысты ақпарат жариялауға құқығы жоқ екенін айтады.  

«Баланың анасы маған хабарласты. Ол Бауыржан Азановтың 7 жастағы баланың адвокаты емес екенін халықтан жасырғанына таңғалғанын айтады. Заңгер сәуірдің басынан бастап бірде бір тергеу ісіне қатысқан жоқ. Әдейі халықты адастырды.

Біз ҚР Бас прокуратурасына осы жағдайға байланысты мәлімдеме жасауды сұраймыз. Себебі тергеу ісі жабық режимде өтіп жатыр. Сондықтан біз аталмыш іске қатысты ешқандай түсініктеме бере алмаймыз. Осы себеппен біз оның 7 жастағы баланың адвокаты емес екенін хабарламаған едік» деп жазды Аружан Саин.

Әріптестерін қорғауға астаналық заңгерлер Төлеген Шаиков, Аманжол Мұхамедияров пен Игорь Вранчев ниет білдірген болатын.

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір