• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

25 Сәуір, 16:01:12
Алматы
+35°

04 Ақпан, 2018 Әлеумет

Пайғамбардың патша болған ұрпақтары

Мұхаммед пайғамбардың үш ер баласы, төрт қыз баласы болған, Фатимадан өзгесі өзінің тірі кезінде жастай шетінеп кеткен делінеді...

Ислам тарихынан білетініміздей, Мұхаммед пайғамбардың үш ер баласы, төрт қыз баласы болған, Фатимадан өзгесі өзінің тірі кезінде жастай шетінеп кеткен делінеді. Сондықтан тікелей ұрпағы – қызы Фатимадан ғана тарайды. Дін дұшпандары пайғамбарды «ұрпақсыз» деп келемеждеп, «өлген кезде аты-заты өшеді» дейді. Осыған байланысты ұлы Алла Құрандағы «Кәусар» сүресін түсірген. Ол сүреде әз Пайғамбарды келемеждегендерге «нағыз ұрпақсыз өздерің боласыңдар» деген лағынет айтылып, Пайғамбардың қияметке дейін келетін үмбеттері оның ұрпағы болатынымен сүйіншілеген.

Пайғамбардың күйеу баласы Әзірет Әлі мен қызы Фатимадан тараған ұрпақтар тарихта Фатимидтер мемлекеті (909 – 1171) деп те таңбаланған. Олар имам Мәдіні жалаулатып Мысырда, Испанияда, Батыс Африка мен Палестина және Сирияда патшалық құрған. Халифтер династиясы ретінде Фатимидтер ислам дінінің шиит тармағының исмаилит ағымын ұстанған. Фатимидтер армиясы мәмлүктер мен жалдамалылардан құралған.

Бүгінде Мысыр тұрғындарының 8 пайызы өздерін Пайғамбар ұрпақтары санайды. ХІV ғасырдан бері үзілмей келе жатқан әулетпіз дейтін олардың Мысырдағы саны 4 миллионға жеткен. Олар «Ашраф» деген қауымдастық та құрған.

Біз Пайғамбарымызға деген махаббатымызды әкемізге, ұлдарымызға және барлық адамдарға деген махаббатымыздан жоғары қоюға міндеттіміз. Өйткені Пайғамбар: «Мені өзінің әкесі, баласы және барлық адамдардан артық көрмейінше, сендерден ешкім толық иман келтірген болмайды», – деген.

Пайғамбар әулеті «Әһл әл-Бәйт» деп аталады. Олардың ең абзалдары – Пайғамбардың күйеу баласы Әзірет Әлі мен қызы Фатимадан тараған ұлдары – Хасан мен Хусейн және олардан тарайтын ұрпақтар.

Мұсылман адам Пайғамбардың әулетінен болған иманды да Сүннетке ілесуші мүшелерін жақсы көріп, бұны Пайғамбардың өзіне деген махаббаттың бір көрінісі деп біледі. Осылай ол Пайғамбарымыздың өз әулетіне қамқор болуды, олармен көркем мінезді ұстануды өсиет етіп: «Сендерге Әһл Бәйтті өсиет етемін, үйімнің мүшелеріне қатысты Алладан қорқуды ескертемін», – деген хадисіне амал жасаған болады.

Әрине, әулет мүшелеріне қатысты шектен шығып, оларды киелілік дәрежесіне көтеріп жібергендер де, оларға қарсы шығып, оларды жек көретіндер де адасушылар делінген. Бір анадан ала да, құла да туатыны секілді, 14 ғасырдан бері жалғасып келе жатқан Пайғамбар ұрпақтарының ішінде де мұсылман мен кәпір де, діндар мен күнәһар адамдар да бары талассыз нәрсе. Адамдар бір-бірінен Пайғамбар әулетінен шыққандығынан артық болмайды, иманының көптігімен абзал болады.

Оны Пайғамбардың қызы хазірет Фатимаға былай деп насихат айтқанынан да ұғынуға болады: «Қызым, Фатима, өзіңді ақирет күні құтқаратындай қайырлы істер жасауға тырыс. Пайғамбар қызы болудан саған пайда жоқ. Мен сені сол күннің азабынан құтқара алмаймын».

Пайғамбардың немересі Хусейннен тараған ұрпақтар «сейіттер» (сайдтар) деп аталса, немересі Хасаннан тарағандар «шерифтер» деп аталған. Сейіттер мен шерифтерді жақсы көру соңғы сәтте иманмен кетуге себеп болады деген.

Азияның ақсақ барысы атанған Әмір Темір Көреген де Пайғамбар ұрпағын пір тұтып өскен, өлген кезде өзін бала кезінен батасын берген Мір Сейіт Барак әулиенің аяқ жағына жерлеуді өсиет еткен. Әлем әміршісі өзі айтқандай Самарқандтағы Әмір көрханасында өзіне шапағатшы болады деген үмітпен Пайғамбар әулетінен шыққан Сейіт Барактың аяқ жағын құша мәңгілік ұйқыда жатыр. Ерекше қасиетке ие, қарапайым жұрттың қолынан келмейтін хикметтерді жасай беретін үлкен әулие жандардың көбісі Пайғамбар ұрпақтары арасынан шыққан. Имам әл-Ғазали, Қожа Ахмет Яссауи, Бахауаддин Нақышбанд, Өзбек ханды ислам дініне кіргізген Сейіт ата – бәрі Пайғамбар әулетінен тараған ұрпақтар. Жәләладдин Руми әке жағынан Мұхаммед пайғамбардың сенімді серігі, бірінші халиф Әбу Бәкірдің 11-ұрпағы болса, шеше жағынан да шыққан тегі Пайғамбар ұрпақтарына барып тіреледі. Пайғамбар ұрпақтарына құрмет көрсету – мұсылман адам үшін Пайғамбардың өзіне деген құрмет, ал Пайғамбарға құрмет – Алла Тағалаға деген құрмет! Сондықтан да көптеген мұсылман елдерінде Пайғамбар ұрпақтары күні бүгінге дейін экономикалық және саяси элитаның негізін құрайды. Мәселен, Иордания королі Абдолла II мен оның балалары, Иран президенті Сейид Мұхаммед Хатами да, Иранның рухани көсемі ятолла Сейид Әли Хаменей де, аятолла Хомейни (имам Хомейни) де Пайғамбардың тікелей ұрпақтары саналады. Ирактың көсемі болған Саддам Хусейн де, Палестинаның атақты лидері болған Ясир Арафат та, Мысырдың президенті болған Хосни Мүбәрак та дәл солай Пайғамбар ұрпағы ретінде саналады. (Хосни Мүбәрак, Саддам Хусейн және Ясир Арафаттың 1988 жылы Ирак астанасы Бағдатта өткен Араб кіші саммитінде бірге түскен фотосы да бар (Төмендегі суретте) ). Ага-хандар династиясы да өздерін осы атақты буыннан таратады.

Пайғамбардың өсиеті бойынша Халиф (ислам əлемінің басшысы, Мекке мен Мəдинаның қожайыны) болу тек Құрайыш əулетіне тиесілі. Ислам əлемінің 20-шы ғасырға жеткен соңғы халифі - Осман сұлтаны Əбділмəжит десек, бүкіл Осман сұлтандары Пайғамбар əулетінен шыққан. Əу баста Түркіменнің Қайы тайпасына сіңген, солардың Пірі болған! Пайғамбар əулеті болмаса, олардың Түрік Сұлтаны болуға құқы жоқ еді...

Қай заманда да өздері атақты әулеттен шықпаған ел билеушілері Пайғамбар әулетімен құдандалы болуға, қыз беріп, қыз алысуға, күйеу болуға ынтық болған. Осылайша, ұрпақтарын ақсүйектер қатарына тартқан. Мәселен, қазак пен өзбектің ежелгі тайпаларынан шықса да, бұдан жүз жыл бұрынғы Бұхара, Қоқан мен Хиуа хандары өздерінің есімдеріне «сейіт» титулын жалғағаны құжаттарынан көрініп тұр. Бұл да асыл әулеттің санын еселей түсуге себеп болғаны анық.

Бүгінде мұсылман әлемінде Пайғамбар ұрпақтарының саны есепсіз өсіп кеткен. Зерттеушілер қазіргі Иранда оларды 600 мың десе, Мысырда – төрт миллионға жеткенін айтады. Үндістан Англия отары болып тұрған 1931 жылы үнді елінде Пайғамбардың тікелей ұрпақтарының саны 1 миллионға жеткені нақтыланыпты. Бұл – Пайғамбардың өзге серіктерінен тарағандарын қоспағандағы сан. Йеменде ХХ ғасырда әз әулет саны 30 мыңға жеткені таңбаланған.

Бұрынғы КСРО елдерінде де, оның ішінде Орталық Азияда, Кавказда Пайғамбар ұрпақтары аз емес. Мәселен, ХХ ғасыр басында қазіргі Түркмения жерінде да сейіттер, ақсүйек қожалар, ишандар, мақсұмдар саны 30 мыңға жеткені хатқа түскен. Әрине, қожалар өздерін Пайғамбардың сенімді серіктері Әбу-Бәкір, Омар, Османнан да тарататыны белгілі. «Әлім», «үлем», «шейх уль-ислам», «аятолла», «мәуләна», «мүршид» секілді діни атақтарға көбіне әулет мүшелерінен тараған немесе рухани жағынан рұқсат берілген жандар ғана ие болған. Орта Азиядағы сопылық орден мүшелері тек сейіттер мен қожалардан тұрған. Ишан титулы тек сейіттер мен қожаларға берілген. Сол салтқа байланысты Пір болуға тек асыл әулет мүшелері ғана таласа алған. Қазақтың бүкіл рулары өздеріне Пір сайлағанда, олар тек сейіттер мен қожалардан тұрған. Тәуке ханның тұсында Үш жүздің Пірін таңдағанда оған Мүсірәлі Жәдікұлын сайлаған. Жеті өлікке жан берген делінетін Мүсірәлі Қағбада патша болған Баба Түкті Шашты Әзіздің ұрпағы, сол әулиенің қасына жерленген делінеді.

Арғы дәуірді айтпағанда, бергі заманның өзінде Пайғамбар ұрпақтары саналатын қожалардан тарихи тұлғалар көп шыққан. Олардың көбісі қазір де елдегі биліктің түрлі эшоландарында, рухани салаларда маңызды рөл атқаруда. Осы арада бір деректі қыстыра кетсек, 1998 жылы Тәжікстан Ғылым академиясының 28 академигі мен 46 корреспондент-мүшесінің ішіндегі 10 академик пен 4 корреспондент-мүшесі асыл әулеттен тарайтын ұрпақ болып шыққаны анықталыпты. Кім біледі, тәжіктер арасында Тәжікстан президенті Эмомали Рахмонов та «сейіт» деген сыбыс бар екен.

Кешегі қанқұйлы сталиндік кезеңде Пайғамбар әулетінен шыққан ишандар мен молдалардың көбісі атылып кеткені анық. Алтын шынжырлы шежіре үзіліп кеткен. Сондықтан қазақ даласындағы ишан-молдалардың атқарған рухани қызметі терең зерттеуді талап етеді.

Төреғали Тәшенов Facebook парақшасынан.

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір