• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

20 Сәуір, 06:30:58
Алматы
+35°

12 Желтоқсан, 2018 Оқиғалар

Павлодар мектебінде практиканттар оқушыны тепкілеп тастады

"Оларды жап-жас студенттер деп аяушылық жасағанын қаламаймын. Әділ жаза тағайындалуы керек" - дейді зардап шегуші.

Мектепке тәжірибеден өтуге келген студент қыздар жабылып жүріп оқушыны сабап тастады. Оқиға Павлодар қаласындағы білім мекемелерінің бірінде болған. Зардап шеккен сегізінші сынып оқушысын болашақ ұстаздар мектептің ішінде соққыға жығыпты. Абырой болғанда араға денешынықтыру пәнінің мұғалімі түсіп, ажыратып алған көрінеді. Бойжеткен қыздардың өздерінен кіші оқушыға неге сонша өшіккен? Жалпы соңғы кездері жасөспірімдердің тарапынан байқалатын мұндай қатігездік пен озбырлыққа не себеп? Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды. 

Сегізінші сыныпта оқитын Дарья денешынықтыру пәніне барғанда оларға тәжірибеден өтуге келген студенттер сабақ беретінін біледі. Оның сөзінше, бойжеткендер оқушыларды мазақ етіп, телефондарына бейнежазба түсіріпті. Соңынан киім ауыстыратын бөлмеге барғанда төртеуі Дарьяға келіп, оның өздеріне деген көзқарасы ұнамағанын айтып соқтыға бастайды. Орнынан тұра алмай қалғанша таяқ жеген сыныптасын көргендер қорыққанынан ештеңе істей алмапты.

«Бұл оқиға туралы естіп білгенде таң қалдым. Еш кінәсіз менің баламды ермек үшін әбден соққының астына алған. Оларды жап-жас студенттер деп аяушылық жасағанын қаламаймын. Әділ жаза тағайындалуы керек» - дейді зардап шегуші Владимир Храпов.

Мектеп оқушысын сабап тастаған қыздардың барлығы өңірдегі Иновациялық колледждің студенттері екен. Олардың қолынан таяқ жеген қыздың ата-анасы бұл оқиғаға қатысты арыз жазып, іс сотқа өткен. Бірақ олар студенттерге қатысты қылмыстық істің қозғалмай отырғанына наразылық білдіруде. Ал мектеп басшылығы «бұл жағдайдан үлкен сабақ алдық»,- дейді. 

«Орын алған оқиға біз үшін үлкен сабақ болды. Бұдан кейін біз білім мекемесімен хабарласып, әр тәлім алушыға тәлімгер тағайындауды және күні бойы сол тәлімгерді бақылап отыруды қолға алмақпыз», - дейді №43 мектептің директоры Самал Әубәкірова.

Болашақ педогогтар білім алған колледждің басшылығы болса, студенттер жылдың соңында оқу орнынан шығарылатынын мәлімдепті. Бірақ білім ордаларындағы қатігездік пен әлімжеттік мұнымен бітпейді. Ақтөбе облысында Алға қаласындағы мектептердің бірінде оқитын жоғары сыныптың екі оқушысы төбелесіп қалған. Сорақысы, жасы кішісі өзінен бір сынып жоғары оқитынын өлімші қып сабап, бөтелкемен басынан ұрып, жарақаттайды. Қан-жоса болған қыз есінен танып құлап, саябақта жатқан жерінен жедел жәрдем көлігі алып кетіпті. 

«Қызым құлап бара жатып, төбелесті шығарған қызға доғар дегеніне құлақ аспай, ұра берген. Қолына түскен бөтелкемен басынан ұрғанда шытынап, қасынан құлағына дейін жырып кеткен. Тыртықтың ізі әлі бар, 10 см. Өз-өзіне әлі келе алмай жүр, тек дәрінің күшімен жүрміз. Мен қызымды аяусыз ұрып-соққан оқушының жазалануын талап етемін!» - дейді зардап шеккен оқушының анасы Ирина Самарская.

Қыздардың жұдырықтасуына ұрланған сырға себеп болыпты. Төбелестен бірер күн бұрын таяқ жеп қалған қыз аулада ойнап жүрген 5 жасар бүлдіршіннің алтын сырғасын шешіп алған. Ол болған жайтты көршінің қызына айтады. Осылайша, ол кішкентай қызды ренжіткен танысын «әңгімелесу» үшін саябаққа шақырған екен. Ал Анастасия Заглядова болса, баласының құлағынан сырғасын сыпырып алғаны үшін оқушы қыздың отбасынан моральдық шығын талап ететінін айтты. Өйткені, бес жасар қыз осы оқиғадан кейін ұйықтай алмай, мазасызданатын болыпты. 

«Гоп-стоп дейтін ба еді мұндайды? Барып тұрған бассыздық ғой?! Қызымның құлағымен қоса жұлып алмағанына шүкір. Мен моральдық шығын талап етемін, қызыма психологтың көмегі керек» - дейді Алға қаласының тұрғыны Анастасия Заглядова.

Мектептегілер екі қыздың да оқу үлгерімі орташа екенін айтып отыр. Қазір екеуі инспекторлардың бақылауында. Мектеп директоры қыздардың «түздегі қылығына» отбасындағы тәрбиесі де әсер ететінін айтады.

«Ата-аналарына айыппұл салу ұсынылды. Бұл балаларды бақылауға алу ұсынылды. Сол сәттен бастап, күнбе-күн сабақтарын үзіп жатқан жоқ. Жалпы екеуінің де оқу үлгерімдері жаман емес» - дейді Алға қаласының №4 орта мектеп директоры Әбдімұрат Коргулин.

Қазір әлеуметтік желі мен видеохостингтерде жасөспірімдердің осындай іс-әрекеті толған бейнежазбалар толып жұр. Бір таңқаларлығы, оның көбінде нәзік жандылардың болуы ойлантарлық.  Солардың бірі, міне, мынау. 

Кадрдан бір топ қыздың қорғансыз жанды басы-көзінен төпелеп, балағаттап жатқанын көруге болады. Ашуға булыққандардың бірі тіпті қолына қайшы алып, оның шашын қиып тастаған. Содан кейін жерде жатқан зардап шегушіні аямай тепкілейді. Желі қолданушыларының жазуынша, оқиға Байқоңырда болған көрінеді. Ал ішкі істер министрлігі интернетті шарлап кеткен видеоны жіті тексеріп, бәрінің ныспысын анықтап жатқанын хабарлады.

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір