• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

28 Наурыз, 21:49:46
Алматы
+35°

19 Сәуір, 2019 Денсаулық

Паркинсон ауруы туралы білесіз бе?

Қазіргі таңда тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі аясында ем жүргізілетін сырқат түрлері өте көп

Қазіргі таңда тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі аясында ем жүргізілетін сырқат түрлері өте көп. Тұрғындар олардың бірін білсе, енді бірін білмеуі мүмкін. Сондай сырқаттардың бірі – Паркинсон ауруы. Аурудың алдын алу мақсатында, біз бүгін осы сырқат жайында айтуды жөн көрдік.

Паркинсон ауруы — мидың жүйкелік жасушаларының біртіндеп семуі (тіршілігін жоюы) салдарынан пайда болатын ауру. Мұндайда адамда дірілдеу, жалпы қимылдың нашарлауы, қимыл-қозғалыстың қиындауы, үйлесімсіздігі, тепе-теңдіктің бұзылуы байқалады. Науқас өзі жуына алмайды, тамақ іше алмайды, киіне алмайды, бір сөзбен айтқанда күнделікті қажетін өз бетінше атқара алмайды. Сырқат баяу түрде, қимыл қызметіне, бұлшық ет пен қан тамырлардың ширақтығына, тыныс алуға, жүрек қызметіне жауап беретін, мидың ортасында орналасқан жасушалар бұзылғанда дамиды.

Статистикаға сүйенсек, Паркинсон ауруына 50-60 жасқа дейінгі адамдардың 1% шалдығады екен. Әйелдерге қарағанда ер адамдар жиірек ауырады. Аурудың алғашқы симптомдары ХІХ ғасырда сипат алған. Сырқат оны анықтаған дәрігер Джеймс Паркинсонның тегімен аталады.

Елордамызда, Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының Нұр-Сұлтан қаласы бойынша филиалының медициналық қызметтерді жеткізушілерінің бірі Нейрохирургия ұлттық орталығында тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі (ТМККК) есебінен интракраниальды нейроүдеткіш электродын (электродтарын) ауыстыру немесе имплантациялау оталары (операциялары) жасалады. Паркинсон ауруын хирургиялық жолмен емдеу науқастардың жағдайын едәуір жақсартады. Ота жасалғанға дейін науқас төсектен тұра алмайтын жағдайда болса, отадан кейін еркін жүріп-тұрып, тамағын ішіп, киіне алады. Яғни, науқас жаңа өмір бастағанмен бірдей, өз-өзіне келеді.

Өкінішке қарай, Паркинсон ауруын толық емдеу тәсілі табыла қойған жоқ. Аталған ота әлемдік стандарт бойынша жасалады және жоғары жетістікке ие.

Медициналық қызмет сапасын басқару жүйесінің деректеріне сүйенсек, Нейрохирургия ұлттық орталығында осы диагноз бойынша 2017 жылы – 29 адамға, 2018 жылы – 36 адамға, ал 2019 жылдың 1-тоқсанында – 4 адамға ота жасалған.

паркинсон

 Нейрохирургия ұлттық орталығында Паркинсон ауруы диагнозы бойынша ота жасалған науқастар саны (адам).

Әдетте, науқастар аурудың алғашқы белгілеріне мән бермейді. Егер:

- қол-аяқ қозғалысының бәсеңдеуі;

- мимикалық белсенділіктің (бет бұлшық етінің белсенділігі) жойылуы немесе қиындауы;

- бұлшық ет ширақтығының артуы;

- жиі құлау, жүрістің өзгеруі, бүкірею;

- сөйлеудегі өзгерістер;

- қуықтың дисфункциясы (несептің жиі кідіруі немесе ұстамауы);

- созылмалы депрессия;

- үрейлену, күйзеліс;

- ойлардың шатасуы;

- естен тану;

- галлюцинация (жоқ заттарды көргендей немесе дыбыстарды естігендей болу) байқалса, дереу дәрігерге көріну керек. Себебі, сырқат асқынар болса, оның салдары өте ауыр.

Паркинсон ауруының пайда болу қаупін азайту үшін уытты заттектерді, сондай-ақ, дәрілерді артық тұтынбаған, мысалы, нейролептиктерді мүмкіндігінше қабылдамаған дұрыс. Бас сүйек-ми жарақаты да осы ауруға шалдықтыруы ықтимал. Белсенді және салауатты өмір салтын ұстану, организмге қолайсыз экологиялық факторлардың әсерін жою, инфекциялық ауруларды уақытылы емдеу, ақыл-ой және дене еңбегімен тұрақты шұғылдану аурудың алдын алуға ықпал етеді. Салауатты өмір – саулығымыздың кепілі!

Жанаргүл Үмбетова

Нұр-Сұлтан қаласындағы филиалы

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір