• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

29 Наурыз, 10:17:31
Алматы
+35°

24 Сәуір, 2019 Саясат

"Парасатты тұлға" - Мұхтар Құл-Мұхаммед Тоқаев туралы пікір білдірді

Тоқаевтың премьерлігі кезінде шетелдік инвесторлардың Қазақстанға деген қызығушылығы мен сенімі арта бастады

«Нұр Отан» партиясысъезінен кейін біз Сенаттағы Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Мұхтар Абрарұлы Құл-Мұхаммедтен алдағы сайлау туралы пікірін сұраған едік.

­–Бүгін Елбасымыз көпшіліктің көңілінде жүрген сұраққа нақты жауап берді.

Әрине, Президент – біздің Ата заңымыз бойынша елдегі басты тұлға, мемлекет басшысы. Сондықтан бұл орынға кандидатура ұсыну барысында өзінің өте көп ойланғандығын, дәлірек айтсақ, кейінгі үш жыл бойы өзі тәрбиелеген азаматтарды ақылы, парасаты, тәжірибесі жөнінен салыстыра келіп, Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың кандидатурасына тоқталғандығын зор тебіреніспен жеткізді.

Шындығында, тәуелсіздік жылдары Елбасымыз талай азаматтарды қабілет-қарымына қарай өсірді, тезге салып, шыңдады. Солардың ішінен таңдауы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевқа түсті.

Біздің Елбасымыз қандай шешімді болмасын асықпай, аптықтай, ұзақ уақыт ойланып барып қабылдайтын тұлға. Оны бүгінгі съезде өзі де ашық айтты. Ол билік ауыстырудың транзиті туралы шешімге бұдан үш жыл бұрын келген екен.

Мен Елбасының жанында ұзақ жылдар бойы қызмет істедім. Нұрсұлтан Әбішұлы тәуелсіздік кезеңінде еліміздің әр өңірінен шыққан қаншама азаматты түрлі жауапты қызметтерге тағайындап, сыннан өткізді. Әрине, олардың кейбіріне «түбі менің қызметімді осы атқаруы мүмкін» деген сын көзбен қарағаны да анық. Солардың ішінен Қасым-Жомарт Кемелұлын таңдады.

Кеңес заманындағы Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі жиырма шақты ғана қызметкер істейтін формальды мекеме ғана болатын. Ал тәуелсіздік алғанда әлемнің бірде-бір елінде елшілігіміз де болмады.

Жалпы Совет заманында Мәскеу қазақ дипломаттарына үлкен сенімсіздікпен қарайтын. Егер ұмытпасам, кеңестік 70 жыл ішінде Қазақстаннан Мәлік Сабырұлы Фазылов деген жалғыз ғана КСРО елшісі шықты. Сондықтан біз тәуелсіздік алғанда Қазақстанның сыртқы саясаты мүлде болған жоқ, ал кез келген мемлекеттің тарихы сені басқа ел «тәуелсіз» деп танығанда ғана басталады. Қасым-Жомарт Кемелұлы осындай қиын кезеңде Елбасымыздың қамшылар жағынан табылып, еліміздің сыртқы саясатын қалыптастыруға атсалысты.

Тоқаев ел дамуының ең күрделі кезеңінде Үкімет басқарды. Мен бұл кезде Мәдениет, ақпарат және қоғамдық келісім министрі ретінде Қасым-Жомарт Кемелұлы басқарған Үкімет құрамында қызмет істеп, оны бұрын өзім біле бермейтін көптеген жаңа қырынан таныдым.

Тоқаевтың мінезі сырттай жұмсақтау көрінгенімен, ол –айтқанынан қайтпайтын табанды тұлға. Өршелене сөйлеген талай министр мен әкімді лезде сабасына түсіретін. Ол кезде бүгінгідей қаржы-қаражаттың ас та төк мол кезі емес, әрбір тиын есепте болатын. Соған қарамастан жалақы, зейнетақы, түрлі әлеуметтік төлемдер уақытында төленіп, бюджет тұрақты түрде өсе бастады. Тоқаевтың премьерлігі кезінде шетелдік инвесторлардың Қазақстанға деген қызығушылығы мен сенімі арта бастады. Ол өте табысты Премьер-министр болды.

Бұдан кейін ол Мемлекеттік хатшы әрі Сыртқы істер министрі қызметін қоса қабат атқарды. Жалпы алғанда, ол –Сыртқы істер министрлігін он жылдан астам уақыт зор абыроймен атқарған әлемдегі ең танымал қазақ дипломаты. Мен де кейін Мемлекеттік хатшы болып, көптеген шетелдік елшілермен кездестім. Олардың бәрі Қасым-Жомарт Кемелұлының есімін үлкен ілтипатпен еске алып, ерекше құрмет тұтатын.

Әлемдік дипломатиядағы зор беделі Қасым-Жомарт Кемелұлын ең ірі халықаралық ұйым – Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас хатшысының орынбасарлығына алып келді. Кейбіреулер бұл лауазымды Қазақстанға ротация ретімен оп-оңай келген деп ойлауы мүмкін. Олай емес. Бұл орынға үлкен талас, тартыс болды. Ұмытпасам, соңғы турда Тоқаевпен Азиядағы ең танымал мемлекеттердің бірі Таиландтың Сыртқы істер министрі Сатиратай деген азамат бәсекеге түсті. Ақылы, білімі, тәжірибесі ескеріліп, Тоқаевтың мерейі бәрінен үстем болып, биік лауазымды қызметке сайланды. Осыдан бір ай бұрын ол Қазақстан Президенті болып сайланғанда жолданған Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысы Пан Ги Мунның құттықтауында Тоқаевтың бұл қызметіне өте жоғары баға беріліп, түбінде оның қызметі бұдан да өсетініне кәміл сенгендігін айтыпты.

Қасым-Жомарт Кемелұлы екі рет қатарынан республика Сенатын басқарды. Тоқаевты, менің пайымдауымша, Елбасы 2013 жылы Сенат басқаруға шақырғанда-ақ оны болашақтағы Преезиденттік лауазымға басты үміткер ретінде қарастыра бастаған.

Жалпы Сенат төрағасы Конституция бойынша елдегі екінші лауазым иесі. Сол себепті ол кейінгі бес жарым жыл бойы үнемі Елбасының жанында болып, оның көптеген бастамаларына ақыл қосты. Оның әрдайым салмақты, сабырлы қалпы, әлемдік геосаясат пен жаһандық экономиканы жетік білетін парасат-пайымы Елбасының Тоқаев туралы таңдауының дұрыстығын одан әрі орнықтыра түсті.

Бүгінгі съезде Елбасымыз билік ауыстыру туралы ойға осыдан үш жыл бұрын келгенін ашық айтты. Елбасымыз осыдан төрт жыл бұрын өзінің билік басына келген 25 жылдығына орай әрі Астана күнімен сәйкес келген үлкен жиында басты баяндаманы Қасым-Жомарт Кемелұлына жасатқан болатын. Түсіне білген адамға мұның өзінде көп ишара бар еді.

Иә, бүгін барлық түйткіл жазылып, жұртшылықты толғандырған көп сұрақтарға нақты жауап берілді. Ол – келесі Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев.

Иә, алда әлі сайлау бар. Білек сыбанып шығатын баламалы кандидаттар да шығар. Олардың бәрін құрметтей отырып, біздің дана халқымыз әлем таныған парасатты тұлға, бүкіл отбасымен тарихтың небір тар жол, тайғақ кешулерінен аман өтіп, соңына бүкіл әулеттің үмітін арқалаған жалғыз тұяқ қалдырған жауынгер-жазушының ұлы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың кандидатурасын қолдайды деп нық сенемін.

Дәл осындай сын сағатта бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып, жұмырықтай жұмылабілетін, берекелі бірлікшілбарша ағайынды дәл осы Азаматқа дауыс беруге шақырамын.

 

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір