• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

25 Сәуір, 16:55:11
Алматы
+35°

19 Қазан, 2018 NEWS

Панфилов ауданында «Мейірім керуені» ұйымдастырылды

Үш күн ішінде бизнес-ханымдар аудандағы 13 ауылдық округті аралап, аз қамтылған 71 үйге азық-түлік себеттерін сыйлады. Онда жергілікті әйел-

Панфилов ауданында «Мейірім керуені» ұйымдастырылды деп жазады Qamshy.kz ақпарат агенттігі. Аталмыш шараны аталмыш ауданның Іскер әйелдер кеңесі алғаш рет кең көлемде ұйымдастырған.

Үш күн ішінде бизнес-ханымдар аудандағы 13 ауылдық округті аралап, аз қамтылған 71 үйге азық-түлік себеттерін сыйлады. Онда жергілікті әйел-кәсіпкерлердің қаражатына ең қажетті деген тауарлар сатып алынған.

Қайырымдылық шарасына Кәсіпкерлер палатасының филиалы мен көлікпен қамтамасыз еткен аудандық әкімдік қолдады. Әрбір себет өзінің мекенжайы бойынша жеткізілді. Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі ұйымдастырушыларға көмекке зәру азаматтардың тізімін ұсынған.

Бұл Іскер әйелдер кеңесінің алғашқы демеушілігі емес. Қыркүйек айының басында «Мектепке жол» республикалық акциясына қатысып, оқушыларды мектеп құралдарымен қамтамасыз еткен болатын. «Мейірім автокеруені» игі дәстүрдің жалғасы атанды.

«Кең көлемде, барлық ауылдық округтерді аралап көмек көрсетуіміз бірінші рет. Менің ойымша, бұны көмек емес, адамдардың жай ғана көңілін сұрау әрекеті деп бағалау керек сияқты. Себебі, отбасылары өкілдерімен тілдескіміз келді. Кей жерде кеңесімізбен де бөлістік», - дейді Панфилов ауданы Іскер әйелдер кеңесінің төрайымы, «Ирада Балык» ЖШС директоры Суриям Изимова.

Пенжім ауылдық округіндегі Ғалия Дәркембаеваның отбасы азық-түлік себетін алған жанұялардың бірі. Сегіз баланың анасы өзінің жасы мен кішкентай балаларының болуы себепті үйде отыр. Үлкен отбасыны жолдасы ғана асырап келеді.

«Отасқанымызға 30 жыл. Көріп отырғандарыңыздай жанұямыз үлкен, бірақ ешқашан мұңайған емеспін. Күйеуімнің жұмысы тұрақты емес, кейде апталап жұмысқа шықпайды. Сол уақытта қатты қиналып кетеміз», - дейді Ғалия Дәркембаева.

Айымбибі Әбижанова да көпбалалы ана. Тұрмысы төмендігіне байланысты  отбасы үнемі үнемдеп жүруге мәжбүр. Жәрдемақы мен балаларының айлығы шаңыраққа жетпейді. Айтуынша, Іскер әйелдер кеңесінің сыйлаған себеті екі аптаға жетуі тиіс.

«Жақсы істің бастамашысы болған азаматтарға шын жүретен алғысымды айтамын. Көрсетілген көмекке ризамын. Айналамызда жақсы адамдар барына, назарда жүргенімізге рақмет!», - дейді ол.

Панфилов ауданы Іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Суриям Изимованың айтуынша, әйел-кәсіпкерлер әрбір ауылдық округтерде әлеуметтік жағынан аз қамтылған бірнеше отбасыларды қол астына алып, жыл бойы тұрақты көмек көрсетіп тұрады.

«Қазір кәсіпкерлер әлеуметтік жауапкершілігін жоғарылатуға тырысып келеді. Қалыптастыру кезеңінен өткен соң, кез келген кәсіпкер қоршаған ортасы туралы ойлап, өзінің мүкіндіктеріне қарай, қайырымдылық жобаларына қатысуы маңызды. Қарабайыр болып кетсе де айтайын: жақсылықты көп жасауымыз керек. Сол себепті бизнес өкілдерін ең алдымен  туған ауылынан бастап, сол жерде көмекке зәру азаматтарды қолдауға шақырамыз. Ертеңгі күні бұл ісімізді жалғаушы жастарға үлгі болуы керек», - дейді Суриям Изимова.

Автокеруеннің ұйымдастырушылары желтоқсан айында аудан аумағын тағы бір мәрте аралауды жоспалап отыр. Ал алдағы қарашада іскер әйелдер аз қамтылған балаларды жылы киімдермен қамтамасыз етеді.

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір