• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

29 Наурыз, 01:25:34
Алматы
+35°

04 Қыркүйек, 2018 Әлеумет

«Өзім жетім болсам да, тілім жетімсіремесін» деген Мұқағалидың қолынан қамшы түспесін дейік

«Ауруханадағы жеңіс менікі емес, халықтыкі», - деген жігіт өзін қолдаған барша қазақстандықтарға алғыс білдірді.

«Өзім жетім болсам да, тілім жетімсіремесін», - дейді елордадағы орыс тілді ту етіп, мемлекеттік тілді аяқ асты еткен аурухананы қазақша сөйлеткен  Мұқағали. "Жетім" деп кімді айтамыз, ата-анасы жоқ адамды ма? Жоқ, меніңше, ата-анасы, бауырлары бола тұра жалғыз қалған жан - ол жетім. Мұқағалидің ата-анасы жоқ, десе де бүгінгі күні  қарапайым жігітті барша қазақ қолдайды, оны "бауырым" деп төбеге көтереді.

Мұқағали Балқыбаев

Тамыздың аяғында Астанадағы №2 қалалық ауруханаға қатысты дау туындыды. Қазақ тілді емделушіге орысша сөйлеп, оны дұрысқа балап, құқын талап еткен оған дөрекі тіл қатып, өздерінің  қазақ тіліне деген құрметсіздігін паш еткен аурухана қызметшілері қоғамның сынына ұшыраған еді. Жүрген жерінде «тек қазақша сөйлейік» деген принципті ұстанатын Мұқағали қазақ тілі үшін дәрігерлерден таяқ жеген сол емделуші. Осыдан 5-6 күн бұрын аталмыш мекемеде тазалық сақтаушы апайдан бастап медбикелерге дейін қазақтың тілін, қазақтың Мұқағалиін жау көрді. Себебі Қазақстанда жұмыс істегенімен мемлекеттік тілді меңгермеген олар қазақ тілінде сөйлеуді талап еткен жігіттің алдында кішірейгісі келмеді, кешірім сұрауды мазақ ету деп түсінді. Мұқағалидың талабы марсиандардың тілін білу емес. Адам баласы 27 жылда өз мемлекетінің тілі тұрмақ қосымша бірнеше тілді меңгеруге қауқарлы. Яғни оларда мемлекеттік тілімізді меңгерейік деген ниет тұрмақ, мемлекеттік тілге деген құрметке толы көңіл жоқ. 

Естеріңізге сала кетейік, Мұқағалиға 27 тамыз күні құлағына операция жасалып, сол күні кешке «Отоларингология» бөлімшесінің 9-палатасына жатқызылған. 28 тамызда палатаға тазалық сақтаушы орыс әйел кіріп, емделушілерге орысша сөйлей бастайды. Мұқағали өзінің орысша түсінбейтінін айтып, мемлекеттік тілде сөйлеуін талап етеді. Алайда әйел қазақ тілінде сөйлей алмайтынын айтып, емделушімен сөзге келіп қалады. Артынша палатаға дәрігер Асхат Николайұлын ертіп келеді. «Дәрігерім мені қорғайтын шығар» деп сенген емделушінің үміті ақталмады. Мұқағалидің айтуынша, дәрігер емделушінің өзіне тап берген. Тіпті «қазақша сөйле деп қақсай берсең, ауруханадан шығасың, шығару туралы анықтаманы да орыс тілінде жазып беремін» деп «қоқан-лоқы» көрсеткен көрінеді. Тек бұл іске заңгерлер мен қоғам белсенділерінің араласуының арқасында аурухана қызметкерлері сол күні-ақ қазақ халқы мен емделуші жігіттен кешірім сұрап, тіліміз кезекті жеңісіне жеткен болатын.

Қазақ тілін жеңіске жетелеген Мұқағали кім? Qamshy.kz ақпарат агенттігінің тілшісі тіл жанашырымен тілдесіп, әңгіме-дүкен құрған еді.

Мұқағали Қазақстан-Өзбекстан шекарасындағы Науаи облысы Кенемих ауданы Үштөбе ауылында туып, топырағында аунап өсті. Жастайынан ата-анасынан айырылған. Есін енді біле бергенде әкесі қайтыс болыпты. Әкесі мектеп директоры болып қызмет атқарған. Оқушыларының қазақ тілді болып тәрбиеленуіне көп көңіл бөлген екен. Араға екі жыл салып жарының жоқтығына көндіге алмаған алты баланың анасы қайғыдан ажал құшыпты. Алайда бұл қайғы 6 бауырдың сағын сындырған жоқ, бір-біріне демеу болып, бірін-бірі жетелеп тек алға қадам басуларына себеп болды. 

Мұқағали Балқыбаев

Ауылдағы оқуын тәмамдаған Мұқағали туған-туысы жоқ Алматыға жол тартады. Онда екі-үш жылдай жұмыс істеп, Астанаға аттанып, елордалық болуға ниеттенеді. 2013 жылы «тәуекел» деп Астананың вокзалынан бір-ақ шығады. Қалада туыстары болғанымен оларға масыл болғысы келмеген Мұқағали кей күндері вокзалда қонып жүрген екен. Нәпақасын тауып жеу үшін қоғамдық көліктерде бақылаушы болып жұмыс істеді. Онда да тілімізге сіңіп кеткен «остановка» немесе көшелердің орысша атауларын (Абая-Правда, Төле би-Ленина) бұл азамат тек қазақша атап жүріпті.

Мұқағали Балқыбаев

Мұхтар Шахановтың кешінде. Мұқағали қазақы әндерге көмкерілген кештерге барғанды ұнатады.

«Әкем бізді қазақша тәрбиеледі. Ең бастысы, Қазақстанда тұрамыз. Мемлекеттік тіліміз – қазақ тілі. Неге орыс тілділерге жағымпазданамыз. Неге олардың қамын ойлаймыз? Кімнен жасқанамыз? Бұл жер, бұл ел біздікі емес пе? Мен қоғамдық көліктерде орыс ұлтының азаматтары отырса да, тек қазақ тілінде сөйлейтінмін. Менен орысша сұраса, мен қазақша жауап беретінмін. Ашуланады, бір сөйлейді, екі сөйлейді, кейін өздері-ақ үйреніп кетеді. Бәрі өз қолымызда. Біз қазақша сөйлесек, олар да біздің ығымызға қарай жығылатын болады», - дейді Мұқағали.

Мұқағали қазір «Ностальгия» балмұздақ фирмасында төраға болып қызмет атқарады. Жұрт «мороженное» десе, Мұқағали «балмұздақ» дейді, жұрт «холодильник» десе, Мұқағали «тоңазытқыш» дейді, «магазин» десе, «дүкен» дейді. Мұқағалидің арқасында дүкен қызметкерлерімен жасалатын келісімшарттар бүгінде қазақ тілінде жүргізіледі екен.    

Мұқағали Балқыбаев

Мұқағали спортқа де ден қойған азамат. Грэпплингпен айналысады

Оғыз Доған, заңгер Жасұлан Иса бастаған бірнеше қоғам белсенділерімен қосылып жұмыс істеуді Мұқағали ниет етіп отыр. 

«Жоспар құрып, жүйе қалыптастырып аламыз да, сол жүйемен жұмыс жасаймыз. Қазақ тілін қолданбайтын мекемелерге тілді енгіземіз, тіл мәселесінде құқығы тапталған қазақтарды қорғаймыз, қолдаймыз. Түбі қазақ тілі жеңіске жетпейтінше, біз де тыныштық таппаймыз», - дейді Мұқағали Балқыбаев.

Жасы отызға таяп қалғанымен, жүрегінің жартысын әлі кездестірмеген. Шаңырағын берекелі ететін аруды әлі іздеп жүр. Мұқағалидің басты қалауы – жары қазақы тәрбиеленген болуы керек.

Өзі жайлы көп айтпаса да, ұлты үшін қызмет етуде ештеңеден тайынбайтын жігіт. Тіпті жер мәселесінде де қоғам белсенділерімен бірігіп, жердің шет елге өтіп кетпеуі үшін күрескен екен. Өзі секілді ұлт, тіл үшін күресетін азаматтармен дос болуға тырысады. Жеңіске жету үшін солармен бірігіп әрекет етеді. Достарым көп болса екен деп армандайды ол.

Мұқағали Балқыбаев

«Орысша сөйлей алмасаң, қалай жұмыс істеп жүрсің?» деп таң қалатындар көп. Бірақ мен неге орысша сөйлей алмағаныма ұялуым керек. Қазақтар осындай ойдан арылса игі. Керісінше қазақ тілін білмейтіндер ұялсын. Ешкімнен жасқанбайық, күресейік», - деп сөзін қорытындылады Мұқағали.

«Ауруханадағы жеңіс менікі емес, халықтыкі», - деген жігіт өзін қолдаған барша қазақстандықтарға алғыс білдірді.

Gulim Zhaqan

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір