• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

26 Сәуір, 12:25:52
Алматы
+35°

13 Қараша, 2018 Экономика

Кеше ғана Италияның Үкімет басшысы Луиджи Ди Майо 2019 жылдан бастап  тұрмысы төмен отбасыларға кедейшілік шегі ретінде берілетін жәрдемақыны 780 евроға көтеретіндіктерін мәлім етті. Оның айтуынша, Оңтүстік Италиядағы жұмыс табудың қиындығы, әлеуметтік жағдайдың тұрақсыздығы елдегі кедей тұрғындарға үлкен салмақ салуда. Осыған орай Италия үкіметі тұрмысы төмен халқына жәрдемақыны үстемелеп көмек беруді жөн көріпті.

Әрине, Қазақстанға Италия болу қайда?! Біз экономикалық даму тұрғысынан да, әлеуметтік қалыптасу жағынан да өзімізді дамып кеткен елдермен салыстыра алмаймыз. Біздің елде кедейшілік шегі ретінде берілетін әлеуметтік көмектің құны 14, 142 теңге (!). Бұл елдегі ең төменгі күн көріс деңгейінің 50 пайызын құрайды. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі 2025 жылға дейін стратегиялық тұрғыда кедейшілік шегіне төленетін бұл қаржыны өсіруді жоспарлап отыр. Бұл ретте министр Мадина Әбілқасымова «Кедейлік шегіне төленетін жәрдемақыны кезең кезеңімен ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70 пайызына дейін өсіреміз» деген болатын.

Сөйтіп министр ханым жеті жылда кедейшілік шегіне төленетін қаржыны 70 пайызына өсіреміз деп емексітіп отыр. Негізінде, біздегі ең төменгі күн көріс деңгейіне төленетін қаржы бар-жоғы 28, 284 теңге ғана?!  Елде тұрмысы төмен 504 мың адамға осы 28,284 теңгенің жартысы яғни 14, 142 теңгесі атаулы әлеуметтік көмек ретінде төленеді. Бұл кедей-кепшікті қолдайтындай қаржы ма? Мұны арнайы мамандардан сұрап көрдік.

Сала мамандарының байыптауынша, біздегі кедей-кепшікке бөлінетін қаржыны өзге елдермен салыстыруға келмейді. «Барометр» маркетингтік талдау орталығының әлеуметтанушы маманы Әзия Жарманованың айтуынша, дамыған және дамушы елдерде әлеуметтік төлем өте жоғары деңгейде төленеді.

«Қазір әлем бойынша экономикалық жағдайы тұрақсыз деп саналатын Греция мен Ирландияны мысал етсек, олар тұрмысы өте төмен адамдарға 1100-1500 доллар көлемінде қаржы төлейді. Сол тәрізді тұс тұстан санкцияға ілініп, халықаралық агенттіктердің өзі «экономикасы қоқысқа әбден малтықты» деп бағалаған Ресей де  кедей-кепшіктеріне 300 доллар көлемінде жәрдемақы ұсынып отыр. Италия 780 евро төлесе,  Испания, Беларусь елдерінің де оларға төлейтін жәрдемақысы осы шамалас. Ал Қазақстан 14,142 теңге төлейді. Қазақстанда тіркеуде тұрған 504 мың адам бар. «Әрқайсысына 14 мың теңгеден төлеу бюджетке салмақ түсіреді» деп ойламаймын. Бірақ мұндай қаражатпен бір ай емес, бір апта ғана өмір сүруге болады ғой. Тіпті 14 мың теңге біреулердің түскі асы ғой. Қазіргідей қымбатшылық қос өкпеден қысып тұрған заманда, үкімет осы мәселені шешуі тиіс деп ойлаймын. Бұл кезек күттірмейтін күрделі мәселе»,-деді әлеуметтанушы Әзия Жарманов.

Біз маман келтірген деректерді арнайы сызбамен көрсеттік. Расымен де маман мысал етіп отырған елдерде тұрмысы төмен адамдарға төленетін қаражаттың көлемін Қазақстанмен салыстыруға келмейді.

 график

 

Әлеуметтанушы Әзия Жарманова тіркеуде тұрған кедей-кепшіктің 66 пайызы ауыл тұрғындары екені де ескерілуі керек екенін айтып отыр. Ауылды жерде жұмыссыздықтың өршіп тұрғанын алға тартқан маман «үкімет ауыл тұрғындарының қиыншылықтарын ескере отырып оларға бөлек жәрдемақы базасын қалыптастыру керек» дейді.

«Ауылды жерде жәрдемақының бетіне қарап отырмай жұмыс істейін десе, жұмыс жоқ. Ауылдың өндірістік қабілеті дамымағандықтан халық осы жәрдемақыға телміруге мәжбүр. «2019 инфляция көлемі 9 пайызды құрайды» деп Ұлттық банк айтты. Бұл дегеніңіз келер жылы қымбатшылықтың өрши түсетінін көрсетеді. Оның үстіне қалалы жерге қарағанда ауыл тұрғындарының тұрмыстық деңгейі төмен. Жәрдемақы төлеу кезінде ауылдық әлеуметтік жағдайы ескерілуі керек. Отын-суы, жем-шөбі бар. Көмірдің бағасы аспандап тұр. Осының барлығы ескеріліп, ауыл тұрғындарына әлеуметтік көмек түрін бөлек жасау керек. Негізінде бірқатар елдерде тұрмысы төмен жандарға бірнеше мәрте көмектер беріледі. Мысалы, бізде тұрмысы төмен адамдар жұмыс істемей зейнетке шықса, олардың алатын зейнетақысы да өте төмен болады. Ал өзім оқып білім алған шет мемлекеттерде олай емес. Дамыған және дамушы елдердің біразы қартайған шақта да тұрмысы төмен отбасыларды қамсыз қалдырмайды»,-деді Әзия Жарманова.

Маман тілге тиек етіп отырған мысалдарды біз арнайы сызбамен көрсеттік. Анықтағанымыздай, бірқатар елдерде тұрмысы төмен адам жұмыс істемей зейнетке шықса немесе зейнеткерлікке шығар кезеңдерде жұмысынан айырылса, төленетін қаражат көлемі де қомақты екен.

график

Жалпы, ТМД елдері бойынша айтар болсақ, Ресейде, Өзбекстанда, Әзірбайжанда тұрмысы төмен жандарға төленетін әлеуметтік көмектің көлемі 300 долларды құрайды. Грузия, Беларусь, Түрікменстанда бұл көмек үшін мемлекет 272 доллар төлейді. Сондай-ақ аталмыш елдерде кедей-кепшікті жұмысқа орналастыру, балаларын балабақшаға орнықтыру жағы да мемлекеттің бақылауында. 

Экономика ғылымының кандидаты Марал Төртенованың айтуынша, 2025 жылға қарай  Қазақстандағы кедейлер саны 504 мыңнан да көбейеді. Себебі қазір экономикалық тұрақсыздық тереңдеп барады.

«Әлемдік экономикада қалыптасып отырған тенденциялар бізге әсер етпей қоймайды. Келер жылы дағдарыстың салқынын анық сезінетін боламыз. Қазірдің өзінде доллар+теңге қарым қатынасында валюта бағамына қатысты тұрақсыздық орын алып отыр. Теңгенің әлсіреуіне қатысты халықтың жинақтаған қаржысы құнсызданып жатыр. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы қаржыны да инфляция жеп қойды. Қымбатшылық қысып жатқанмен жалақы өсіп жатқаны шамалы. Бір сөзбен айтқанда, Қазақстанның халқы қазірдің өзінде 30 пайызға кедейленді. Мұны мойындағысы келмейтіндер де бар. 2025 жылға дейін кедейлік шегі әрі қарай өсетіні даусыз. Сондықтан бұл арада Үкімет 14 мың теңгені бір адам бір айға жеткізе алмайтынын мойындауға тура келеді. Біздің халық қалаулылары осы мәселелерді Парламентте жиі көтерсе деймін. Халық қазір тамақтан үнемдеп кетті. Болашақта сауатты шешімдер қабылдануы тиіс деп есептеймін. 0л үшін халықты жұмыспен қамтитын «Өңірлік даму», «Жұмыспен қамту» деген бағдарламалар қайта қолға алынып, (қазір бұл бағдарламалар аяқсыз қалды), жұмыссыздық көрсеткішін азайтуға да жұмыла кіріскен жөн», -деді Марал Төртенова.

 

Қарлығаш Зарыққанқызы

 

 

 

Zhazira Baidaly

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір