• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

29 Наурыз, 05:33:38
Алматы
+35°

05 Ақпан, 2019 Спорт

Озбыр қоғамның құрбаны немесе шерлі Шәміл

Ян Дымов ФИЛА-ның «Алтын орденінің» иегері, Украинаның еңбек сіңірген журналисі, күрестің білгір маманы

«Он был из породы гениальных борцов». Ян Дымов ФИЛА-ның «Алтын орденінің» иегері, Украинаның еңбек сіңірген журналисі, күрестің білгір маманы.

Қазақ спортшыларының ішінен олимпиялық спорт түрлері бойынша бірінші әлем чемпионы Шәміл Серіков екенін спорттың есеп-шотын қағушылар жақсы біледі. Шәміл 1978 жылы алғаш рет әлем чемпионатында топ жарса, 1979 жылы екінші мәрте дүние жүзі чемпионатының алтын медалін жеңіп алды. Оның бұл жетістігін арада 40 жыл өтсе де бірде-бір қазақ балуаны қайталай алған жоқ. Яғни, қазақтың грек-рим, еркін күрес, дзюдо балуандарының арасында әлемнің 2 дүркін чемпионы болған жалғыз балуан осы Шәміл Серіков!

Осындай саңлақ балуан нағыз бабына енген тұста совет империясының қырына ілікті. Мәскеу атақты балуандарды Қиыр Шығыстағы Байкал Амур магистралы бойындағы жұмысшылармен бірнеше күндік кездесуге апарғанда Шәміл бармай қалады. Ол кезде Мәскеудің сөзін жерге тастау - империяның жағасына жармасқанмен бірдей. Шәмілдің бұл тірлігін Мәскеу кешірген жоқ. Оны совет құрамасынан шығарып тастады. Жалақысын кесті. Бұған қоса, Қазақстандағы спорт басшылары  Серіковті күреске жолатпай қояды. Шәміл амалсыздан саудаға жегіліп, көлігімен адам тасып, нәпақасын ілінген жерден іздейтін күйге түседі. Оның соңына советтің мемлекеттік қауіпсіздік саласының қызметкерлері аңдуға түсті, деген де сөз бар. Бұл да қисынға келеді.

Шәміл СеріковШәміл Серіков

Сөйтіп, кеше ғана миллиондаған жанкүйердің ықыласына бөленген есіл ер спорт басшыларына көзтүрткі адамға айналады. Бұған шыдамаған Шәміл 1989 жылы 33 жасында өзіне өзі қол жұмсайды.

«Шәмілдің күресі - нағыз спектакль еді,  - дейді Серіковпен бірге күрескен Олимпиада және әлем чемпионы Жақсылық Үшкемпіров. Иә,  Шәміл Серіковке кезінде әлемге әйгілі күрес мамандарының өзі қатты сүйсінетін. Себебі, қазақ балуаны қалыпқа сыймайтын, ерекше дарын иесі еді. Енді  оқырман назарына Шәмілдің боз кілемдегі қайталанбас сәттері туралы нақты деректерді келтіре кетейік.

1978 жыл - Совет Одағының чемпионаты

Финалға дейін 5 белдесуде қарсыластарын таза жықты. Шешуші сында Олимпиада чемпионы, ресейлік Виталий Константиновты 11:3 есебімен еркін еңсерді. Бұған дейін Константинов одақ чемпионатында ешкімнен дәл осылай ойсырай ұтылып көрмеп еді. Ол кезде грек-рим күресінен әлемдегі ең мықты мемлекет Совет одағы болатын. Совет чемпионатын дәл Шәміл секілді емін-еркін ұтқан балуан тарихта тым сирек кездеседі. Қазіргі қазақ балуандары Шәмілге еліктесе, Шәміл шыңына тәуекел етсе, алаш ұлдарының боз кілемдегі несібесі мол болар еді..

1978 жыл - Әлем чемпионаты

Финалға дейін 5 қарсыласын аса қиналмай ұтқан Шәміл шешуші белдесуде Германия балуаны, кейін әлем чемпионы болған Паскуале Пасареллиді 29:9 есебімен тас-талқан қылды. Мұндай есеп гандболда немесе регбиде болады. Күресте осындай есеппен әлем чемпионы атану заманынан озып туған адамның ғана қолынан келеді. Сол тұстағы әлем чемпионаттарының финалында Шәміл Серіковтен басқа бірде-бір балуан қарсыласын дәл осындай ірі есеппен ұтқан емес.  

1980 жыл - Мәскеу олимпиадасы

  1. Шәміл бірінші белдесуде бельгиялық Жульен Мевисті 2 минут 28 секундта таза жықты.
    2. Екінші кезекте румын Михал Боцилды 1 минут 25 секундта тізе бүктірді.
    3. Үшінші сында итальяндық Антонио Кальтабианоны ұпай санымен жеңді.
    4. Төртінші белдесуде чех Иожеф Кристаны 15:3 есебімен ойсырата ұтты. Бұл бәсекеде Шәміл қарсыласын үш рет кеудесінен асыра лақтырды, екі рет етпетінен түсіріп, төрттағанға салды. Екі рет партерден аунатты.
  2. Шәміл бұдан кейін швед Бенни Лунгбекті 2 минут 42 секундта таза жықты.
    6. Финал. Шәміл Серіков – Юзеф Липень (Польша) – 11:4.
    Алла Тағала ғаламат дарын сыйлаған балуан ғана Олимпиада ойындарын дәл осылай ұтса керек. Бұл тек құрғақ күшпен ғана келетін жеңіс емес. Шәміл ақыл-ойы, еңбекқорлығы, табиғи бейімі терең ұштасқан балуан еді. Жаратқан Иеміз Шәміл пендесіне балуандық қабілетті молынан бере салған екен. Осындай азаматтың қазақ болғаны біздің халықтың бойында балуандық өнердің мол қазынасы бар екенін білдірсе керек. Олай болса, қазақтан грек-рим күресі бойынша 20 жылдан бері әлем чемпионы неге шықпай жүр? Бойында қазақы қаны бар қаладағы қарадомалақтар, ауылда мал жайлап, су тасып  жүрген, оқу күнделігі төрт пен беске толы алаш баласы, осы жағын терең ойлап көрші...

    

Қадірлі оқырман! Біз Шәмілді толық зерттеген жоқпыз. Шәмілдің күресінен Алматыдағы спорт академиясында, елдің әр қиырындағы спорт мектеп-интернаттарында, күрес мектептерінде арнайы дәріс оқылса, балалар Шәміл туралы шығарма жазса, қазақтың небір алғыр балалары Серіковтей боламын деп, құлшынар еді, қолына қағаз-қалам алып, ойға, терең талдауға жүгінер еді. Амал не, қазіргі бапкерлер мен балуандардың басым көпшілігі Шәмілді зерттемек түгілі, бір бет күнделік жазуға ерінеді. Бойдағы қажыр-қайратың, үйренген әдіс-айлаң, талабың ақыл-оймен, ізденіспен, біліммен суарылмаса, боз кілемде Шәмілдей күресемін деу бекер. 

Қазақ баласы! Қазіргі таңда әлемдік спорт ғылымға арқа сүйеп отыр. Олимпиада мен әлем чемпионатының шыңына нағыз ғалым бапкердің ғана шәкірті шыға алады. Осыны жадыңа мықтап сақтағаның дұрыс. Қазіргі қазақ балуандарында күш те, әдіс-айла да, тегеурін де бар. Тек бапкерлердің шығармашылық ізденісі  кем соғып жатыр. Сосын алтыбақан алауыздыққа тізгін бермеуіміз керек.

Табиғатынан балуандыққа бейім Шәміл Серіковтің тәлімгерлері Алдабергенов пен Жарков білімді, білікті жаттықтырушылар болатын. Ал ХХ ғасырда әлем күресін мойындатқан, боз кілемнің академигі Вадим Псарев ірі жарыстарға дайындық кезінде, сондай бәсекелер үстінде үнемі Шәмілдің қасында болды.Кеңес империясының қалыбына сыймаған Шәміл  осындай балуан еді…

Қыдырбек Рысбек

Nazerke Labihan

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір