• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

19 Сәуір, 14:41:09
Алматы
+35°

29 Сәуір, 2017 Саясат

Оспан батырдың белгісіз хаттары хақында

Оспан батыр Сіләмұлы (1899-1951) өмір сүрген дәуір халықаралық жағдайдың аса бір күрделі кезеңі еді. Соның ішінде екінші дүниежүзілік соғыстың алды-артындағы...

Оспан батыр Сіләмұлы (1899-1951) өмір сүрген дәуір халықаралық жағдайдың аса бір күрделі кезеңі еді. Соның ішінде екінші дүниежүзілік соғыстың алды-артындағы барлық жағдай елім, жерім деп күрескен осы тұлғаның өмірі мен күресіне ерекше ықпал етті.

Оспан өзінің күрес жолында АҚШ, Кеңес Одағы, Моңғолия, Қытайдың қара және қызыл партияларымен әр түрлі байланыста бола білді. Бір ғана ел емес, халықарадағы өзге елдердің де ерекше назар аударуы оның тұлғалық келбетінің күрделілігін көрсетеді. Сол үшін де Оспантану ғылымы ұлт рухына керекті өшпес ерлік, қайтпас қайрат, ел мен жерін қызғысша қорғайтын ыстық махабатты ұрпақ бойына сіңіру үшін өз міндетін адалдықпен ада етуі керек.

Оспанның күрес жолына көз салғанда оның өзгелермен болған түрлі қарым-қатынасы мен жазысқан хаттарының да мәні зор. Тарих әділетсіздік ішінен әділдікті табатын болса өткен империялық қаралаулар, қызылдар қолымен жасалған, жазылған әр бір дүниелерден де ерліктің, елдіктің рухын тауып алу қиын емес.

Өр Алтай жері ежелдің ежелінен сақ, ғұндардың, түркілердің мекені. Оспанның жетпіс жеті атасынан бергі байырғы жұрты. Олай болса бабадан қалған алтын аңыздың үзігімен осы даланы қорғауды сүтпен бітіп, сүйегіне сіңген бұлжымас парызы санады. Өмірінің соңғы сәттерінде шетелге қашып кетудің көптеген мүмкіндіктері бола тұрса да одан бас тартты. Қара тұяғынан хал кеткенше күресіп, туған топырағын жастанып жатуды таңдады.

Оның күрес жолындағы жарқын мысалдардың бірі қазіргі қытай аумағына қарасты Бәйтік тауына моңғолия мемлекетінің талас білдіріп, сұғына шабуыл жасауында көрінген болатын. Ол кезде Қытайды Жаң Кайшы (Жияң Жеші) жетекшілгіндегі Гоминдаң үкіметі басқаратын еді. Бір кездері өзі қырып-жойған қара қытай армиясы комунистерден келетін қауіп-қатерге бірге қарсы тұру мақсатында Оспанды одаққа шақырған-ды. Онсызда жер бетін қызыл өртше жалмап келе жатқан Кеңес қызылдарының сұмдықтарын сол топырақтан қашып келушілер арқылы күнде біліп отырған Оспан бұл келісімді оңай қабылдады. Әсіресе, Әлихан Бөкейхан сынды ерлердің шаһиттігіне қабырғасы қайысып, дін мен ділге жау болған орыстарды өлердей жек көрген Ошың оларға қарсы тұрарлық күш АҚШ және оның қолдауына ие болып отырған қытай гоминдаңы деп түйді.

1947 жылы Кеңестіктердің түртпектеуімен моңғолия әскері Бәйтікке ашықтан ашық шабуыл жасап, шекара сызығының қытай аумағына басып кірді. Бұл кезде Гоминдаң үкіметінің Шынжаң армиясының бас қолбасшысы Сұң Шилан (1907-1997) еді.

Осы тұстағы Оспан мен Сұң Шилан арасындағы қарым-қатынас жайында, коммунистік партия Шынжаңға кірген кезде жазылған мақалаларға бір назар аударайық.

Бір кездері Оспанды қолдаған Кеңес қызыл үкіметі кейіннен комунистік қытайға жақшы болып, Оспанға жау болды. Қызыл армия Шынжаңға кіре салып, құртуға тиісті күштердің қатарында Оспан тұрды. Кеңес Одағы осы аумаққа жасырын қалдырып кеткен «жансыз» адамдары арқылы да Оспанға қарсы әр түрлі шаралар ойластырып, оның келе жатқан қытай қызылымен ымыраға келуінің алдын алды. Мұның мысалдарын 1950 жылы шыққан «Шынжаң газетінің» ескі парақтарынан анық көре аламыз.

Газеттің 8 санына қатарынан ұласпалы етіп басылған бұл мақаланың аты «Ұлтшылдық пердесін жамылған ұлт азғындары жөнінде» деп аталады. Авторы «Халық ұлы» деген бүркеншік атпен берілген. Мақала 1950 жылы 10 қаңтардан бастап жарияланған.

Аталған мақалада Оспан мен Сұң Шилан арасындағы хаттар төңірегінде мынадай мысалдар келтірілген. Сол хаттардан үзінділер берейік:

«Сұң бас қолбасшыға!

Айдың 16 күнгі радиоңызды тапсырып алдым.... Ел ішінде ірткі тудырып жүргендер көп, солардың қолындағы әскерді алып, маған бағынуын қадағалаңыз. Бұларды еркінсітпей тиым салып, әмірге бағындыру керек. Бұларды көндіріп алып, маған тапсырма беріңіз. Тірі болсам Шынжаңның шекарасын сақтайтын бір адаммын. Батыр Оспан. 17.11.1947»

Осыдан кейінгі тағы бір хатта: «...Сіз бұдан соң қандай ауыр-жеңіл шаруа болса алдымен қасыңдағы қажы Жәнімханға, онан соң алдыңғы ретте мәлімдеген 10 бастық бар, соларға тапсырыңыз. Мен болсам 100 дей ғана ылғи аш-арық көше алмаған үймен ғана қалдым... бірақ жалғыз қалсамда асса Жұңго, қалса мен деп Сәбеттің әкімшілігінен жандарын ғана алып шыққан Әбдеқан, Тұрысбек бастық 142 адамды асырап бағып келемін... Батыр Оспан. 23.11.1947».

Осы тұста Жәнімхан қажының Алтай еліне жазған хатында мынандай баян бар: «...Енді жасқанатын не бар? Түк те жоқ, бір Аллаға сиынып, ата-бабаларыңның аруағына сиынып, бір ел болудың қамын ойлап, қара қазан сары баланың тілеуін тілеңдер.... Оспан батырдың еңбегін ардақтап ниет күштеріңді біріктіріп, Оспан батырдың төңірегіне топталыңыздар. Өз ара ру талас күндестік болмасын. Егер Оспанға есе тисе біздікі деп қуаныңыздар. Оспан сіздерге жаман ойламайды. Егер жаңылыста ағат кеткен ісі болса ағайыншылықпен береке үшін кешірім етіңіздер. Сіздер тұр ғой мұндағы бүкіл мұсылман баласы Оспанды сіләм хаһарманы деп танып отыр. Бірлік, береке де, Оспан батырда өздеріңіздікі; пайда көпшіліктікі. Жалпы елді осы жолға бастаңыздар, ел болудың қамын ойлаңыздар. Осыдан зиян тартсаңыздар обалдарыңыз бізге болсын. Ел-жұртқа түгел сәлем айтыңыздар. Біздің сіздерден күтетін үмітіміз, тілегіміз осы айтылғандар! – деп, ерекше құрметпен, мөр, қажы Жәнімхан».

Енді Сұң Шиланның Оспанға жазған хатынан бір үзінді келтірсек, онда хат былай басталады да: «Уәли Оспанға!

Сіздің жіберген хатыңызды тапсырып алдым. Мен сіздің мемлекетімізді сақтауда қазақтардың көрсеткен сенімділі мен батырлығы үшін өте қуанышта болдым...» деп, ары қарай әскери жол-жорықтарға ойысады.

Кейіннен Сұң Шиланның естеліктерінде жазылуынша Оспанның Әлен уаңның әйелі, Үрімжі әкімшілік мекемесінің уәлиі Қадуанға жазған хатында мынадай жайттар баяндалған екен: «Біз қазақтар демократияға, еркіндік пен бейбітшілікке ие болу үшін ертеден-ақ төңкеріс туын көтеріп шыққан едік. Мен Оспан осыдан 8 жыл бұрын таңдаулы қазақ жастарына басшылық етіп, Шың Шысайдың жендеттік саясатына қарсы күрес жасаған едім. Күресті қазірге дейін жалғастырып келемін. Біз бейбітшілік келісіміне қол қойылып, дербес Шынжаң өлкелік үкіметі құрылса, төңкерістің мақсаты жартылай іске асқан болады. Ол кезде біз мақсатымыздың қалған жарымын іске асыру үшін бейбіт, тыныш жағдайда өз тірлігімізбен айналысып күн көретін едік, – деп ойлағанбыз.

Төңкерісіміздің бұлай өзгеретінін қайдан білейік, жанын шүререкке түйіп жанталаса күрескен қазақ бауырларым құрбандыққа шалынды. Қайдан келгені, аты-жөні белгісіз құралды жау көктен түскендей Алтайға шабуылдап жатыр. Мен демократиялы Шынжаңның өлкелік үкіметі сайлаған уәлиі, мемлекет мансаптысымын. Менің отанды қорғау міндетім бар. Менің бейбітшілік келісімді іске асыру, билік жүргізіп басқару, жоғарғының бағдарламасына бойұсыну, мемлекет териториясын қорғау мақсаттарында Жаң Жыжұң төрағаның жаңа Шынжаң құру туралы саяси қуаттамасын қорғаймын. Алтай аймағындағы біз қазақ туысқандар мемлекет бірлігін бұзатын, дінді жоятын барлық жауыз күштерге сілейте соққы береміз. Бүтін мемлекеттегі жанашырлардың, әсіресе, мұсылман бауырлардың мейлі заттық жақстан, мейлі рухани жақтан болсын біз қазақ туыстарына көмек көрсетуін үміт етеміз!» 

Демек, қытай қоғамы көлеңкелі көзбен қарап отырған Оспан батырдың өз отанының шекерасын қорғау жолындағы орасан ерлігі және ел мен жерге адалдығы бірден менмұндалайды. Бұл ежелгі түркі даласын, қазақтар мекенін қорғау ғана емес, қазіргі қытай териториясын жат табаннан қорғап қалған ерекше ерлік саналар еді. Осы тақырып аясында кезінде Сұң Шилан «Оспан отаншыл адам» деген мақала жазған екен. Қазірше қолға түспеді.

Ал Оспан батырдың моңғол маршалы Чойбалсанмен жазысқан хаттары хақында «Оспан хэн байb» (Х.Бат-Очирын болд, Х.Бат- Очирын туя) атты моңғол тіліндегі еңбек 2011 жылы Ұланбатор қаласынан шыққан болатын. Ол кітапқа берілген Оспан батырдың хатының түпнұсқа көшірмесі де арнайы зерттеуді қажет етеді.

Бүгінгі халықаралық жағдаймен қарағанда дін жолында жүріп жауымен күресушілерге үрке қарайтын секемшілдік бар. Ал халқының діні мен діліне шексіз адал болған Оспан батырдың тұлғасын олармен салыстыруға мүлде келмейді. Жоғарыдағы Жәнімхан қажының хатынан көрініп тұрған Оспан бейнесі қазірде туған халқының жүрегінен өшкен жоқ. Мен өзім кеңескен Оспан сарбаздарының қай-қайсысы да күні бүгінге дейін оның атына кір түсірмей: «Ошың, Ошың» деп, ақ ниетті рухына жан-тәнімен бас иеді. Бұл рух ұлт ұланына керекті халқына деген қалтқысыз жүректің тап-таза айнасы болса керек.

Оспан әлі де болса зерттей түсуді қажет ететін дара тұлға. Біздің бұл шағын мақаламыз сол телегей теңіз айдына құйылса екен дейтін бір тамшы ғана.

Ұлт рухына жоқшы болатын ерлеріміз көбейсін, ағайын!

Жәди ШӘКЕНҰЛЫ, жазушы

Қазақстан жазушылар одағының,

 Еуразия жазушылар одағының мүшесі.

 

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір