• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

19 Сәуір, 05:17:08
Алматы
+35°

22 Тамыз, 2017 Әдебиет

Оспан батыр туралы екі үзік

«Неменеге жетістің бала батыр, қариялар азайып бара жатыр...» – деп М.Мақатаев айтқандай талай қарияны келмеске аттандырып, артынан опынып отырамыз...

«Неменеге жетістің бала батыр, қариялар азайып бара жатыр...» – деп М.Мақатаев айтқандай талай қарияны келмеске аттандырып, артынан опынып отырамыз. Тірісінде қадірлегенге не жетсін!

Сондай асылдың қиығы, алтынның сынығы болған ағалардың бірі – Тайф Тәукейұлы. Моңғолияның Баянөлгей театрында ұзақ жыл еңбек еткен мәдениет қайраткері. Ұлан-батордағы қазақ жазушысы Сұлтан Тәукейұлының туған ағасы. Өнерді, әдебиетті айрықша бағалайтын арлы адам.

Тайф ағамыз мені іздеп келген сайын есіне түскен бір хикаясын жылтың еткізеді. Шерін ақтарып, «ішін босатып», «ақысына» менен ескі кітаптар алып кетеді. Бір жақсысы уақтылы қайтарады.

Сол ағамыздың 2017 жылдың 8 мамырында Қояндыда біздің  үйге келіп отырғанда айтқаны:

Оспанның қазды атуы

Театрда жүргенде бір күні жұмыс орныма Шымшырұлы Ноғай деген ағамыз келді. Төтесінен кетіп, әңгімені де ағылта жөнелетін өр адам. Ол кезде ондай кісілердің әңгімесінің бәрін құлаққа құйып отыратын біз жоқ.

Ноғай 1940 жылдардың ішінде Өр Алтай қазақтарының күресіне қатысқан. Оспан мен Чойбалсан кездескенде, екі рет Чойбалсанмен бірге барып, Оспанға аудармашылық істеген. Кейіннен Қобда аймағында алғашқы партия хатшысы болған. Баянөлгейде де қызметтер атқарған.

Ол кісі Оспан туралы көп әңгіме айтушы еді.

Сол көп әңгімесінен Оспанның мергендігі жайында бір әңгімесі есімде қалыпты.

Ноғай ағамыз Оспанның мергендігіне тамсанып:

– Бір жолы шалқасынан жата қалып аспандағы тізіліп ұшып бара жатқан бір топ қазды артынан бастап селеди деген мылтықпен санап атқанда,  бәрін құлатып түсірді, – деп әңгімелейтін.

Ноқаң Оспанның аса сақ адам екенін де еске алушы еді:

– Шәй бергенде, шәйды ғана ішіп, кәмпитті жемей қойды, кәпірдікі деп. Кейіннен ойласам, өзіне жасалатын әлдеқандай қастандықтарға сақтықпен қарағаны екен ғой, – дейтін.

Оспан рөліне шыққан адам

Тайф аға екінші әңгімесін былайша жалғады:

1970-1980 жылдар ортасында «Батыс шекарадағы шырғалаң» атты моңғолша фильм жасалатын болып, Оспан образын сомдауға сол кездегі Бай-Өлке театрының еңбек сіңірген әртисі Төлеухан Жақсылықұлын ұсынды. Мәдениет министрінің арнайы шешімі келді. Режиссері Сөмхуу деген моңғол.

Төкең болса, 1945 жылы Сарсүмбені азат етуге Оспан қолына көмекке барып, Оспанды көрген кісі.

Сол Төлеухан айтады:

– Оспанның аяғының ақсағын кинода көрсетейін деп ұсыныс жасап ем, салғызбады, – деп. Төкең Оспан образының өз мәнінде бейнеленбей, бұрмаланғанын ашына әңгімелеуші еді.

Тайф ағамыз әңгімесін одан ары жалғап, Оспан батыр хақында естіген-көргендерін еске алады:

– Шын мәнінде кино өте нашар болды. Көркемдігі төмен еді. Соңында Оспан ақ боз атпенен иен тауға кіріп, қашып құтылып кетеді.

Бізді моңғолдар: «Оспанның құйыршығы», – дейді. 

Оспанды көзімен көрген, оның күресін егжей-тегжейлі білетін талай қартпен кеңестік қой. Олардың бәрі қазір жоқ. Әңгімелерін де жүре тыңдаппыз-ау. Оспанды жаман көрсету үшін моңғолдар мен кеңес армиясы бірігіп, елге лаң салып, оны – жауыз, барымташы, бандит бейнесінде көрсеткен. Қатындардың ішіндегі баласын жарып, елді қырғындап, «Оспанның адамдарымыз» дегізіп, өсек-аяңмен ел ішіне іріткі салып келіпті. Қашанда шындық уақыт өткесін ғана айқындалып жатады екен.

Мен Тайф ағаның екі үзік әңгімесін қағазға түсіріп қойып едім, енді оны сіздер де оқысын деп ұсынып отырмын. Алтын қарттарымыз аман болсын!

Жәди ШӘКЕНҰЛЫ, жазушы

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір