• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

29 Наурыз, 13:17:11
Алматы
+35°

10 Сәуір, 2019 Оқиғалар

Орта Азиядағы тоқал алу тренді: салт сарқыншағы ма, заң не дейді?

Тоқал талас туғызса, тоңқалаң асқанның көкесін сонда көрерсің.

Орта Азия елдерінің басым көпшілігінде көнеден жалғасып келе жатқан бір үрдіс бар. Ол - қалтасы мен қарыны қалыңдаған сайын немесе басқа да себептермен көп әйел алуға ұмтылу.

Ел салтында бұл жолға қандай жағдайда рұқсат етіледі және екінші әйелдердің қандай құқықтары бар? Заң бойынша көп әйел алуға мүмкіндік бар ма? Заңға қайшы әрекетке барғандарды қандай жаза күтіп тұр?

Осы сауалдардың жауабы сізді қызықтырса, әрі қарай парақтаңыз.

Көп әйел алу үрдісі  ескіден келе жатқан неке мәселесі. Ислам дәуірі қанат жаймай тұрып та, аталмыш түйткілді мәселе Таяу Шығыс елдерінде болған. Мысалы, еврейлердің бұл үрдістен алыс емес екендігін дәлелдейтін дүниелер бар. «Көне өсиет» («Ветхий Завет») кітабындағы келесі жолдар дәлел болса керек: «Ламех те екі әйел алған: біріншісінің есімі – Ада, екіншісі – Цилла...», «Егер кімде-кім екі әйел алса, оның бірі – сүйікті, екіншісі – махаббаттан құралақан».

Ислам діні де көп әйел алу құқығын шектемейді, есесіне оған мүмкіндік береді. Қасиетті Құранда «Егер сіз жетімдерге әділ бола алмаймын деп қорықсаңыз, өзіңізге ұнайтын екі, үш немесе төрт әйел алыңыз» делінген.

Сонымен қатар, шариғатта әйел мен ер адамның құқықтары туралы да айтылады. Егер бірінші әйел келесі некеге разылық бермесе, онда ер адам басқа әйел ала алмайды. Көп жағдайда ұрпақ сүю мақсатында немесе бірінші әйелі науқастанып қалғанда разылық беріледі.

Орта Азиядағы мұсылман елдерінде Кеңес үкіметі орнаған кезде көп әйел алуға және қалыңмал төлеу салтына қатты шектеу қойылды. Уақыт өтті, дәуір алмасты. Кеңестер келмеске кеткеннен кейін ежелгі үрдіс қайта белең алуда.

Көп әйел алу үрдісінің белең алуына не түрткі?

Аталмыш тенденцияның трендке айналуына бірінші себеп – әйел затының ер адамдардан сан жағынан басым болуы.

Екінші себеп – Орта Азияда әйел затына неке құрмай қалуға болмайды. Сондықтан, өмір бойы жалғыз болғанша, біреудің екінші немесе үшінші әйелі болу мұнда жөн саналады.

Үшінші себеп – әлеуметтік ахуал төмендеп бара жатқан елдерде тоқал болу арқылы бала-шаға асырау, кіріс көзі ретінде саналуы.

Ал негізгі, төртінші себеп – тоқал алудың трендке айналуы. Ескі дәуірде көп әйелді тек жағдайы жеткен ер адамдар алатын. Қазір желіккендер де жар санап жарысуда.

Бірнеше неке құруды заң құптайды ма?

Орта Азия елдерінің барлығында көп әйел алу үрдісіне заңмен тыйым салынған. Ал Түрікменстанда былтыр ғана бұл заң күшіне енді. Жаңа заң бойынша бірнеше әйелі бар ер адамдарды ұзақ мерзімдегі түзету жұмыстары немесе көлемді айыппұл күтіп тұр.

Қазақстанда Кеңес үкіметінің кезінде-ақ көп әйел алуға құқық берілмеген. Тәуелсіздік алғаннан кейін қабылданған Конституцияның 1998 жылы енген «Отбасы және неке» туралы заңында азаматтарға бір ғана неке тіркеуге рұқсат етілгені анық айтылады.

Ал Өзбекстанда көп әйел алған адам үш жылға дейін, Қырғызстанда екі жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Тәжікстан заңы бұл норманы сақтамаған азаматтарды екі жылдық түзету жұмыстарына жегеді немесе әкімшілік айыппұл төлетеді.

Екінші әйел нені талап ете алады?

Екінші неке ешқашан және ешбір жерде тіркелмегендіктен, ол әрқашан заңсыз болып есептеледі. Ажырасу фактісі орын алды делік. Демек, тоқал тағдыры сот отырысында, сот үдерісінде дәлелдермен нақтыланатын болса ғана оң бағытта шешілмек. Оның өзінде тоқалдың тарапында оның балалары және сыйлық есебінде рәсімделген мүліктер ғана қалады. Ол ер адамның жалпы дүниесіне талас туғыза алмайды.

Екінші некедегі балалар турасында

Егер әкесі тоқалдан туған баласын қабылдап, оған өзінің атын, тегін берсе, онда баланың мұрагерлік құқығы бар. Ал «Туу туралы куәлікте» «әкесі» деген орын бос тұрса, онда олардың туыстық қарым-қатынастары жоққа шығады.

Тренд тауқыметі осыншалықты ауыр екен-мыс. Бірақ бұл елдегі әйелдердің, әсіресе екінші некеге тұрған төмен етектілердің өз құқығын белшеден басып жатса да «қыңқ» демейтін көнбістігі - тыныштықты ұстап тұрған бірден бір тірек.

Топан су тобығынан келмейтіндердің тоқалға келгенде тартынбайтыны да осыдан болар, сірә...

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір