• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

27 Сәуір, 05:31:17
Алматы
+35°

19 Сәуір, 2019 Дін

Оразаға дайындығың қалай?

Ораза кезінде күш беретін тағамдармен қоректенуді, мөлшерімен жеуді, ағзаңызды да, санаңызды да аштықтың әкелер пайдасына дағдыландыруды дәл бүгіннен бастаңыз.

Бес парыздың бірі – ораза. Бұл әмбеге аян, мұны ес білетін мұсылманның бәрі біледі. Дегенмен, соны біле тұра ораза ұстамайтын адамдар өте көп. "Себебі не?" десең, сан түрлі сылтау айтады: жұмыстамын, шаршап қаламын; жиі тамақтанбасам, әлсіреймін; жаспын ғой, зейнетке шыққан соң ұстаймын; сәресіне тұра алмаймын... Негізі, бар себеп мына біздің миымызда, ойымызда. Солай ойлаймыз, яғни, ораза маған арналмаған, мен шыдамаймын, кейін ұстаймын, жаспын ғой...

Алла Тағала Құран Кәрімде: «Уа иман келтіргендер! Сендерге бұрынғыларға парыз етілгендей ораза парыз болды, бәлкім сақтанарсыңдар. Санаулы күндерде», – деген. (Бақара, 183). 

Иә, ораза ұстамауға рұқсат етілген адамдар бар: егер ауру болсаңыз, яғни, күндіз тұрақты дәрі ішіп тұрмасаңыз, денсаулығыңызға зиян тиетін болса; психикалық ауруларға; ұзақ сапардағы жолаушыға; жүкті әйелдерге. Жүктілік кезінде ана мен балаға зиян тимейтін болса, тіпті жүкті әйелге де ораза ұстау пайдалы делінген. Жолаушы да егер шыдай аламын десе, оразасын жалғастыруына болады. Дінде зорлық жоқ. Алла адамға көтере алмаймын сынақ бермейді. Бәрі адамның өзіне байланысты. Адам өз ағзасы қандай керемет жаратылғанын білмейді де, тек оймен шеше салады. Не нәрсенің де қыр-сырын соны жасаған қожайынынан артық кім біледі? "Ораза-парыз, денсаулыққа өте пайдалы деді ме Жаратушы", демек, солай. Ағзамыздың мүмкіндіктерін иесінен артық кім біледі?

Оразаны үйде отырған адам ұстауы керек, яғни, кейін зейнеткерлікке шыққанда асықпай үйде отырғанда ұстаймын деген жандарға айтарым:  қайта жұмыста емес, үйде жүрген адамның ораза ұстауы біршама қиын. Неге дейсіз ғой? Үйде жүргенде асбөлмесіне мың рет кіресің, үйге келген жанның бәрімен бірге шай, тамақ ішесің, тіпті ары-бері өтіп бара жатып, автоматты түрде қолыңа ілінген тағамды жеп бара жатқаныңды да аңғармайсың. Бұл – шындық. Ал егер жұмыста болсаң, кішкене тыйым бар. Тек түс уақытында тамақ ішесің, оның өзі, әрине, өз қалауыңмен. Егер тым тамақсау болсаң немесе сөмкеңде міндетті түрде тіскебасар тәтті, тоқаштар алып жүретін адам болсаң, онда да қиындау. Демек, үйдегі адамның оразасы ұстауы жеңілірек деген – қате пікір. Жұмыстамын, ораза ұстау қиын деген – тек сылтау. Мұны ашып алдық. Енді келесі мәселеге көшсек.

Аурусыз. Дәрісіз күн көре алмайсыз. Қаншалықты? Бәлкім, бір айға дәрі-дәрмекті үзе тұруға болатын шығар? Қайта ағзаңыз түрлі токсиндерден тазарып, бір рахаттанатын шығар. Өміріңізге тым қауіпті болмаса, тек дәрумендер, иммунитет көтереді деген белсенді қоспалар болса, бәлкім, тоқтата тұрасыз? Негізі дәрі барлық аурудың емі емес қой.

Жүктіліктің қиындау болады-ау деген бастапқы кезеңін аман-есен өттіңіз. Бала да жақсы дамып келеді. Сіздің де тәбетіңіз ашылып, түрлі дәрумендер жеуді бастадыңыз. Дәрігеріңізбен кеңесіп көріңізші? Бала әлі де кішкентай болғандықтан, жиі тамақ іздеп, отырсаңыз да тұрсаңыз да, жатсаңыз да аузыңыз бос болмауы керек деген кезеңге әлі жете қоймаған болсаңыз, бәлкім, ауыз бекітесіз? Ораза жүкті әйелге де, балаға да пайдалы делінгенін атап өттім. Ендеше, мүмкіндігіңіз болса, неге пайдалыны пайдаланып қалмасқа? Балаңыз да сабырлы, асқа шыдамды адам болып дүниеге келер. Ойланыңыз.

Жалпы, ораза ұстамаудың амалын іздеп, сылтау айтатын жандарға түсінікті жеткізген сияқтымын. Ендеше, ораза десе, бір ай емес бір жыл аштықта қалып, тіпті өліп кететіндей қорқынышты көретін жандарға айтарым: Ораза ұстаңыз! Ауыз бекітіңіз! Келер жылға аман жететінімізге кім кепіл? Жалпы қанша ғұмырымыз қалғанын да білмейміз ғой?! Сауап жинайтын мүмкіндікті жіберіп алмаңыз! Қолыңыздан келеді! Сізден жағдайы нашар, ауру, жұмысы ауыр адамдар да ұстап жүр емес пе? Ендеше, бір ай ғана ауыз бекітуіңізге өзіңізден басқа ешкім де, ешнәрсе де кедергі емес!   

Ораза кезінде күш-қуат беретін тағамдармен қоректенуді, мезгілімен, мөлшерімен жеуді, ағзаңызды да, санаңызды да біраз уақыт аш жүргеннің әкелер пайдасына дағдыландыруды дәл бүгіннен бастаңыз.

Денсаулығымды жөндеп алайын, зейнеткерлікке шығайын деп жүрген жандарға айтарым: Сіз күннен күнге қартайып бара жатпасаңыз, жасармайтыныңыз анық. Қарттық жасқа жететініңізге кім кепіл? Денсаулығыңыз барда, бойда күш-қуат, ойда сергектік барда неге сауап жинамасқа? Онсыз да 12 ай дамылсыз жұмыс істеп тұрған ағзаңызға неге бір ай демалыс бермейсіз? Деніңіздің саулығы Сізден өзге ешкімге керек емес. Ораза пайдалы болмаса, түк зияны жоқ. Дұрыс ұсталған ораза үшін екі дүниеде де сауап алатыныңызды білесіз бе? Онда неге бір оқпен екі қоян атып алмасқа? Алладан өзіне өзге ешкімге мұқтаж қылма деп тілеп, тәуекел етіп, биылғы ораза ұстайтын жандардың қатарынан табыласыз деп сенемін, Қадірменді оқырман. 

Алла Тағала айтты: «Адам баласының тек оразадан басқа амалының барлығы өзі үшін. Ал, ораза –  Мен үшін, оның сауабын Өзім беремін» (Бұхари., Муслим). Алла ораза ұстағанымыз үшін Сіз бен Бізге қандай сауап беретінін елестету мүмкін емес. Ендеше, сауап жинауға асығайық! 

Мақпал Сембай

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір