• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

20 Сәуір, 13:11:21
Алматы
+35°

02 Қараша, 2017 Аймақтар

Оралда отбасылық құндылықты насихаттаған шара өтті

Ернат Сұпығалиев пен Гүлназ Қонаева «Бозбала мен бойжеткен – 2017» байқауының жеңімпазы атанды

 Бала тәрбиесіндегі өзіндік ерекшеліктері арқылы халықтың мәдени құндылықтары қалыптасады. «Ұлды тәрбиелегенің – елді тәрбиелегенің, қызды тәрбиелегенің – ұлтты тәрбиелегенің» дей отырып, ата-бабамыз ешбір жарғы, нұсқау жазып әуре болмай-ақ,  қысқа да нұсқа нақылдармен тәрбие тағылымның тамаша үлгісін танытқан. Мәселен, ұл баланы ертеңгі абыройлы әке, қадірлі отағасы, ел қорғайтын ер, ұлттың намысты азаматы ретінде әділдікке, қайсарлыққа, салт-дәстүрімізді сақтауға тәрбиелеген, өнер мен білімге баулыған. Ал «қызға қырық үйден тиым» жасай отырып, сыпайылық, мейірбандылық, адалдық, сезімталдық, еңбекқорлық қасиеттерін бойына дарытуға баса мән берген. «Қыз – өріс, ұл – қоныс» деп білгендіктен ұрпағының санасына жастайынан ұлттық тәрбие мен имандылықты қатар сіңіріп, олардың ата-анасын сыйлайтын, елі үшін еңбек ететін ұл-қыз болуын армандаған. Яғни бала тәрбиесіне тек ата-анасы ғана жауапты болмаған, бүкіл ауыл, ел жауапты болып отырған.

Ал қазір ше? Қазіргі жаһандану заманында бала тәрбиесінде отбасындағы әке-анадан гөрі, жарқ-жұрқ еткен теледидар мен жалт-жұлт еткен ғаламтордың әсері басымырақ. Жас буынның сабақтан тыс күнделікті бос уақытын болашақта кәдеге асар өнер үйренуге емес, түрлі әлеуметтік желілерге арнайтыны жасырын емес.

Жуырда Орал қаласындағы жоғары және арнаулы орта оқу орындарының білім алушылары арасында  «Бозбала мен бойжеткен» байқауы өтті. Бүгінгінің бозбаласы арғы аталарындай батырлық, әншілік, серілік, мергендік, аңшылық, зергерлік сияқты өнерлерді дарытқан «сегіз қырлы, бір сырлы» ма? Немесе қазіргінің бойжеткені ою ойып, кесте тігу, түйме қадап, киім пішу, тоқыма тоқып, ас әзірлеу сияқты алуан түрлі тұрмысқа бейім бе? – деген қызығушылықтың жетегінде бардық бұл сайысқа.

 Екі күнге жалғасқан байқау бес кезеңнен тұрды. «БҚО жастар ұйымдарының қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігінің жетекшісі Манарбек Ажкеновтің айтуынша, байқауды ұйымдастырудағы басты мақсат – Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласын басшылыққа ала отырып, жастар бойында ұлттық тәрбие құндылықтарын дамыту, мемлекеттік тілдің қолданысын кеңейту, жастардың жеке тұлға ретінде жарасымды дамуына, бүгінгі  қыздар мен жігіттер­дің шығармашылық және жоғары зият­кер­лік әлеуетін арттыруға ықпал жасау. Байқауды ұйымдастыруға Батыс Қазақстан облысының жастар саясаты мәселелері басқармасы, облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы, облыстық білім басқармасы, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы қолдау көрсетті.

Байқауға қатысқан бозбалалар ең алдымен атқа ертоқым салудан шеберлік жарыстырды. Қазақ халқының өткенін төрт түліктің төресі атанған жылқы малынсыз елестету мүмкін еместігі сияқты, нағыз сері жігітті сыны келіскен сәйгүліксіз елестету мүмкін емес. Тақымы атқа тиген азамат арқаланып, аруақтанып, қиялына қанат бітіп шабыттанады, қуатына қуат қосып қайраттанады. Ат ерттеу барысында байқауға қатысушы үміткерлер ер-тұрманның түрлері мен жабдығы, дәстүрлі ат үсті ойындары, ер қанаты жылқы малына қатысты мақал-мәтелдер туралы білімдерін ортаға салды. Жігіттердің өнерін ұлттық спорт түрлері бойынша облыстық балалар мен жасөспірімдеп спорт мектебінің жаттықтырушылары бағалады. Төл тарихымызда ат ерттеу жарысы өз алдына дербес сайыс болған. Оған ер жігіттермен қатар, қыз балалар да қатысқан. Ат әбзелін алтын мен күмістен жайнатып, қайыс айылды мықтап тартып, сән-салтанаты келіскен ертоқымын әдемілеп салған соң, көрші ауылдарға дейін атжарыс ұйымдастыратын болған. Осы ата дәстүрдің ХХІ ғасырда қайта жанданып, тұрмысымызға қайта оралып келе жатқаны көңілімізді бір марқайтып тастады. Бұған қоса асық атудан, гір тасын көтеруден, аударыспақтан мықтылар анықталды.

Ал қыздар үшін сиыр сауу сайысы ұйымдастырылды. Қала тұрмақ, ауыл халқының өзі дүкеннің дайын сүтін ішіп отырған қазіргі заманда жас қыздарымыздың сиыр сауа алатыны алғашында күмән тудырғаны рас. Алайда «шеше көрген – тон пішер» демекші, сиыр саууда алдына жан салмайтын епті, пысық, еңбекқор бойжеткендеріміз бар екен. Ауылдан шықса да, байқау барысында сиырды алғаш рет сауып көрген қыздарымыз да болды. Осы тұста, жастарымыздың бойына ұлттық тәлім-тәрбиені сіңірумен қатар, үйдің ішкі-сыртқы тірлігіне баулып, қолынан іс келетін шебер қылып тәрбиелейтін осындай сайыстар көптеп ұйымдастырылса деген ой қылаң берді.

Бүгінгі бойжеткен – ертеңгі ана. Отбасылық өмірдің сәнін кіргізіп, жылуын, қызығын молайтатын, мән-мәнісін арттыратын болғандықтан, қыз балаға жүктелер жауапкершілік те ұшан-теңіз. Сондықтан, байқау барысында бойжеткендер сәбиді бесікке бөлеу және іңкәл жаю сайыстарына қатысты. Орал қаласындағы Технологиялық колледж базасында өткізілген қос сайысқа қыздар шама-шарқынша дайындалып келген екен. Әйткенмен, әттеген-ай дейтін тұстар бұл кезеңде де орын алды. Қамырдың иін қандырмай, жаймасы оқтауына қайта-қайта жабысқан қатысушылар да кездесті. 

«Бозбала мен бойжеткен» байқауының екінші айналымы Қадыр Мырза Әли атындағы мәдениет және өнер орталығында жалғасты. Сайыс соңында қатысушылардың интеллектуалды өресі, өнері, білімі сараланды. Яғни қатысушылар сәлемдесу, сұрақ-жауап, өнер, ұлттық нақыштағы заманауи сән үлгілерін көрсету кезеңдері бойынша бақ сынасты.

Ж. Досмұхамедов атындағы педагогикалық колледжінің оқушылары Ернат Сұпығалиев пен Гүлназ Қонаева «Бозбала мен бойжеткен – 2017» байқауының жеңімпазы атанды. М. Өтемісов атындағы БҚМУ студенттері Бекжан Әбілеков пен Мәдина Шакирова екінші орынға ие болса, БҚИТУ-дан келген жұп Самат Қанат пен Гүлмира Нұрмұханова үздік үштікті түйіндеді.

Гүлім АҚАП,

Батыс Қазақстан облысы

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір