• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

27 Сәуір, 00:46:52
+35°

26 Мамыр, 2018 Аймақтар

Оқушылар сарайында Ержан Жылқыбаевтың көшпелі қоғамдық кездесуі өтті

Оқушылар сарайының алдындағы алаңда Медеу ауданы­ның әкімі Ержан Жылқыбаевтың кезекті көшпелі қоғамдық кездесуі өтті

Оқушылар сарайының алдындағы алаңда Медеу ауданы­ның әкімі Ержан Жылқыбаевтың кезекті көшпелі қоғамдық кездесуі өтті. Іс-шара билік пен халықтың арасындағы байланысты нығайту, күнделікті мәселелердің дұрыс шешімін табу және ауданда атқары­лып жатқан жұмыстармен тұрғын­дарды таныстыру мақсатын көзде­ді. Қоғамдық қабылдауға Медеу ауданының әкімі, аудан әкімінің орынбасарлары, Алматы қаласының басқарма өкілдері, жергілікті полиция қызметінің өкілдері, сонымен қатар Медеу ауданы бойынша Төтенше жағдайлар бөлімі, «Нұр Отан» партия­сының аудан­дық филиалы, аудандық білім беру бөлімі, аудандық Халыққа қызмет көрсету орталығы мен басқа аудандық құрылым өкілдері қатысты.

– Көшпелі қоғамдық қабылдау билік пен халықтың арасындағы байланысты нығай­тудың, халықпен тығыз қарым-қатынас жасаудың тиімді тәсілі. Бұл ізгі шараны тұрғындармен тығыз байланыс жасау, қоғамға ашықтығымызды көрсету мақсатында ұйымдастырамыз. Көбінесе азаматтар аудандық құрылым өкілдерін кабинеттерінен таба алмай жататын жағдай­лар болады ғой. Ал бұл іс-шарада аудандық құрылым өкілдері жұртшы­лықпен жүздесіп, тұрғындарды толғандыр­ған өзекті мәселелерді шешу үшін халық­тың алдына өздері барады. Халыққа ашық­тығымызды көрсететін бұл тәжірибені енгізгенімізге екі жыл болды. Осы уақыт аралығында екі жарым мың адамды қабылдадық. Шара шеңберінде аудан тұрғындарын мазалаған мәселелердің 90 пайыздан астамы шешімін тапты. Жалпы, аудан тұрғындарын су, жарық, жол, аула­ларды жөндеу мәселелері толғандырады. 2  жылда ауданымызда 2,5 млрд. теңгеге 200 аула жөндеуден өткізілді. Медеу ауданын­дағы 512 ауланың 300-ден астамына екі жылда жөндеу жұмыстары жүргізіліп, ретке келтіріледі. Бүгінгі таңда 30 мың халық тұратын «Думан» ықшамауданын сумен, кәріз жүйесімен қамтамасыз ету жұмыс­тарын биылғы жылдың соңына дейін бітіреміз. Биыл аудандағы 65 көшеге жарық жүйесін жүргізу жоспарланған.  Мемлекет­тік Орталық мұражайы сквері мен Жур­налистер сквері, сонымен қатар, ауданы­мыздағы 22 жол жөндеуден өткізіледі. Біз көшпелі қоғамдық қабылдауға келген аудан тұрғындарының өтініштерін мұқият тыңдап, түйткілді мәселелердің шешімін табуға тырысамыз. Шара барысында бүгінгі таңда ауданда атқарылып жатқан іргелі істеріміз туралы жұртшылыққа жан-жақты ақпарат беруді мақсат қыламыз. Жылдың соңына дейін барлық ықшамаудандарда қоғам­дық қабылдау өткізіп, аудан тұрғын­дарының тілегін тыңдаймыз. Келесі кезекті қоғамдық қабылдау маусым айында №2 емханада өткізілетін болады. Көшпелі қоғамдық қабылдау өтетіндігі туралы тұрғындарға алдын-ала инстаграм арқылы үнемі хабарлап отырамыз, – деді Медеу ауданының әкімі Ержан Жылқыбаев.

Көшпелі қоғамдық қабылдауға арнайы келген адамдардың арасында «Думан» ықшам­ауданының тұрғыны Рахымхан Нүптекеев те бар.

– «Думан» ықшамауданында №172 мектеп-гимназиясы бар. Негізі мың оқушы білім алуға лайықталған оқу орнында бүгін­гі таңда 2100 шәкірт оқып жүр. «Ду­ман­дағы» халық саны күннен-күнге ұлғаю­да. Мектептегі оқушылар саны да жылдан-жылға артып келеді. Осыған бай­ланысты 3 жылдан бері ықшамауда­ны­мыздың тұрғындары аудан басшылығына тағы бір мектеп салып беру туралы өтініш айтып жүр. Негізі, қала әкімі мен аудан әкімінің тұрғындармен есептік кездесуінде бұл мәселе айтылған болатын. Мен «Ду­мандағы» Ардагерлер кеңесінің төраға­сымын. Бұл көшпелі қоғамдық қабылдауға тұрғындардың тілегін арқалап келгендіктен, аудан басшысымен тікелей тілдестім. Аудан әкімі мектептің жанына салынатын қосымша ғимараттың құрылысы биыл бас­талып, келесі жылы аяқталатынын айтты. Думандықтарды қуанышқа бөлейтін бұл күнді бәріміз асыға күтетін боламыз, – дей­ді аталған ықшамауданда тұратын ардагер.

Ал ауданның ендігі бір тұрғыны Гүлжан Рахманбекова балалардың қауіпсіздігіне байланысты мазалаған мәселесін жеткізді.

– Мен Оқушылар сарайының жанын­дағы көпқабатты үйлердің бірінде тұрамын. Күнде кешке отбасымызбен бірге Оқушы­лар сарайының алдындағы алаңда серуен­деуді ұнатамыз. Аудан тұрғындары да осы жерге келіп, табиғат аясында таза ауада тынығады. Кейбіреулер тұмылдырықсыз иттерін ертіп қыдырып жүреді. Шынын айтқанда, біз бала-шағамыздың қауіпсіз­дігі­не қатты алаңдаймыз. Кейбір алып денелі иттердің иелері «ол тістемейді, қорық­паңыздар» деп бізге кепілдік берсе де, ол бәрібір жануар емес пе? Әрі ит жүріп өткен жер таза болмауы да мүмкін, ол жерлерде балаларды ойнатқымыз келмейді. Осы мәселеге байланысты тиісті шаралар қолда­ну қажеттігі туралы өтінішпен келдім, – дейді аудан тұрғыны.

Шара шеңберінде тұрғындар тілегі тың­далды. Түскен өтініштерге тиісті жауаптар берілді.

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір