• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

19 Сәуір, 14:25:09
Алматы
+35°

12 Қараша, 2018 Ғылым-білім

Оқытушылар қанша ғұмыр жасайды?

Сондықтан оқытушылардың бос уақытын көбейтіңіз, сөзі мен ісіне еркіндік беріңіз, орташа ауқатты адамдар қатарына қосыңыз!

Педагогтың рухани кемелденуінің алғышарты –

уақыт – мұғалімнің бос уақыты

 

В.А.Сухомлинский

 

Бұл тақырыпты алдымен мұғалімдердің оқитынына сенемін. Бірақ, жоғары шенділердің, тым болмағанда мектеп директорлары мен университет ректорларының, олардың ақылшылары мен орынбасарларының оқығанын қалар едім. Бірақ ...

Әрине, кім қанша ғұмыр сүреді, ол Жаратқанға ғана аян. Жұмыр басты пендеге оны білгеннен, білмегенінің өзі пайдалы. Әрбір адам жер бетіне тегін келмейді. Олардың атқаратын міндеті мен орындайтын жұмысы болады. Оқытушылық та солай, көп пенденің еншісіне жазылған несібе. Сен болмасаң да, әйтеуір біреу тас қараңғы түнекке сәуле шашары анық қой. Махаббатпен жаратқан адамзатты Жаратқанның қараңғы қапаста ұстамасы о бастан белгілі дүние емес пе? 

Неге оқытушыны айтамын? Оның да өзіндік себебі бар. Адам баласы ана құрсағындағы “қараңғылықтан”, жарық, бірақ оқымасаң “қараңғы” дүниеге келгенде, осы оқытушы аталатын Құдайдың құлдары олардың көкірек көздерін ашып, санасына сәуле төгеді. Жер бетінде дәл осындай ұлы мұратты орындайтын өзге ешбір маман жоқ.

Жүрек көзі ашылып, санасы білім мен ғылымның  сәулесіне шомыған адам баласының көкірегі хикметке толып, не бір ғажайып дүниелерді өмірге әкеледі. Жақсы идея, үздік өнер туындысы, инновация, жоғары технология, салауатты өмір, әдебиет, сұлулық пен саулық. Не керек, күллі адам баласының игілігіне қажетті барлық жетістіктер мен құндылықтар, міне, осы “Ғажайып дүние” деген бір-ақ ауыз сөзге сыйып кете береді. Осыншама материалдық және рухани байлықтың басында жер бетіндегі жалғыз нүктедей қарайып немесе аспандағы жалыны қайтқан ақ ергежейлі жұлдыздай болып сол мұғалімдер қарауытады...

Мұғалімдер – өздері лаулап жанатын әрі сол жарық, жылуымен әлемді де ізгілік пен жақсылықтың, молшылық пен бейбітшіліктің шуағына бөлейтін жұмыр жердің жұпыны ғана пенделері. Әңгіме сол мұғалімдерді қалай тамылжытып жандыра білуде жатыр. Ол маздап жанса, ұзақ әрі шүлен сәуле төгеді. Ал бықсып жатса, одан қолқаны қабар түтін шығады. Ел-жұртқа таныс бір қарапайым заңдылық бар. Пешке отынды нығарлап, көп салатын болсақ, отымыз бықсып жанбайды. Сол секілді мұғалімнің басын керекті-керексіз жұмыспен, қағазбастылықпен тұмшалай беретін болсақ, одан от ойнап, жалын ұшқындамайды.

Құрметті басшылар, ғылым мен білім формашылдықтың шегесін қағатын қатаң тәртіппен, төмен жалақыға жармасқан жоғары талаппен дамымайды. Ол – тәуелсіз, еркін оймен, ұяты әрі жауапкершілігі бар махаббатпен, ұтымды әрі жүйелі басқарумен, жеткілікті жасалған техникалық-материалдық базамен дамиды. Сондықтан оқытушылардың бос уақытын көбейтіңіз, сөзі мен ісіне еркіндік беріңіз, орташа ауқатты адамдар қатарына қосыңыз, білім ордаларының жағдайын жақсартыңыз. Міне, сонда ғана олар лаулап жанып, ұрпақ санасына жоғарыда айтқан  “Ғажайып дүниелерді” жасаудың негізін қалай алады.

Қайсы елде “Ғажайып дүниелер” көп жасалса, олар қуатты елге айналады. Олардың халқының бақытты шақтары ұзақ болады. Демек, оқытушылары да ұзақ, сан ғасырлап жасайды деген сөз. Ал керісінше болса, ондай елдің оқытушыларының ғұмыры нағыз “қамшы сабындай” ғана, педагогикалық жұмыс өтілінен арыға бармайды. Еліміз бай-қуатты болсын десеңіз, ұстаздарымыздың “ғұмырының” ғасырларға жетуіне жағдай жасайық.  

  Қастер Сарқытқан,  

 Абай атындағы ҚазҰПУ, ұстазы

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір