• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

28 Наурыз, 18:57:51
Алматы
+35°

07 Қыркүйек, 2018 NEWS

Оқытушылар арасында А.Байтұрсынұлы атындағы республикалық байқау өтті

Байқаудың мақсаты – Алаш көсемі, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы қалдырған рухани жəне ғылым-білім саласындағы мол мұралар сабақтастығын жалғастыру

2018 жылдың 4-5 қыркүйек күндері Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі Тіл саясаты комитеті Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы Қазақстан Халқы тілдері күніне орай Оқытушылар арасында А.Байтұрсынұлы атындағы республикалық байқау өткізді.

Байқаудың мақсаты – Алаш көсемі, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы қалдырған рухани жəне ғылым-білім саласындағы мол мұралар сабақтастығын жалғастыру. Оқытушылардың оқыту шеберлігін насихаттау, ересектерге мемлекеттік тілді оқытып жүрген шығармашылықпен айналысатын оқытушыларды анықтау, қолдау, оқытушылардың кәсіби-педагогикалық шығармашылығын және мемлекеттік тілді оқыту үдерісін ынталандыру, озық тәжірибелерді тарату.

Шара республикалық байқау қатысушыларының тәжірибелік сабақ үлгісін көрсету, электрондық портфолионы таныстыру және педагогикалық-психологиялық жағдаяттарға арналған тапсырмалар кезеңдерінен тұрды.

Байқау биыл алғаш ұйымдастырылмаса да, атауы тұңғыш рет ұлт ұстазының құрметіне орай ауыстырылды. ҚР Үкіметінің 2017 жылдың 31 қазандағы №689 қаулысы бойынша 5 қыркүйек - Қазақстан Халқы тілдері күні болып белгіленген болатын.

Бұл күн - "Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің қуаттысы - тіл" деп ұлағатты сөз қалдырған, қазақ халқының тағдыры, тілі үшін күрескен Алаш арысы, Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының туған күні. Қазақтың әдебиет зерттеуші ғалымы, түркітанушы, публицист, педагог, аудармашы, қоғам қайраткері Ахмет Байтұрсынұлы 1872 жылы 5 қыркүйекте қазіргі Қостанай облысы, Жангелдин ауданы, Сарытүбек елді мекенінде дүниеге келген болатын.

Байқау ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының өмірі мен шығармашылығына арналған кітаптың тұсаукесерімен басталды.

Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында: «Мен халқымның тағылымы мол тарихы мен ықылым заманнан арқауы үзілмеген ұлттық салт-дәстүрлерін алдағы өркендеудің берік діңі ете отырып, әрбір қадамын нық басуын, болашаққа сеніммен бет алуын қалаймын. Жаңа тұрпатты жаңғырудың ең басты шарты – сол ұлттық кодыңды сақтай білу. Онсыз жаңғыру дегеніңіздің құр жаңғырыққа айналуы оп-оңай»-деген болатын. Олай болса, жаңашыл бағыттарымызды анықтайтын оқытудың заманауи технологияларын пайдалану маңызды. Бүгінгі оқытушылар арасындағы байқау - жасампаздық пен жан-жақтылықтың жаңаша көрінісі.

Байқауға еліміздің он төрт өңірінен білікті тіл үйретуші оқытушылар келді. Қатысушылар тіл үйретудің сан алуан әдіс-тәсілдерін пайдалана отырып, өзге тілдегі қазақ тілін үйретудің тиімді жолдарын ұсынды.

Республикалық байқау жеңімпаздарын әдіскер-ғалымдардан құралған қазылар алқасы анықтады. Жеңімпаздар арнайы дипломдар, алғысхаттармен және қаржылай сыйлықтармен марапатталды. Ынталандыру сыйлығы Баянауыл ауданынан келген Танат Ахатов пен атыраулық Гүлайым Ұғыбаеваға бұйырды. Ал жүлделі 3-орынды Алматыдан келген Шолпан Әбділда мен аралдық Перизат Ізбасарова иеленді. 2-орынды Батыс Қазақстан облысынан келген Әділхан Сұлтанов алды. 1-орын қостанайлық Тоты Айтмағанбетоваға бұйырса, ал бас жүлдені қарағандылық шебер оқытушы Динара Қуанбаева иеленді.

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір