• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

24 Сәуір, 13:13:14
+35°

27 Қазан, 2017 Әлеумет

Өнер мен ұятсыздық егіз ұғым...

Өнер мен ұятсыздық егіз ұғым... Бұл қазіргі қазақ өнерінің көрінісі.

Өнер мен ұятсыздық егіз ұғым. Иә, қазіргі заманда өнер деген қасиетті де, қастерлі ұғымның мағынасы осындай деңгейге түсіп кеткен. "Әттең" дейсің, пікір білдіресің, алайда қолдан келер пәрмен жоқ. Себебі өнер сөзін «ұятсыздықтың» айналасында ғана түсінетіндер қолдарынан келгенін, ақылының жеткенін жасап жатыр. Мен неліктен осындай пікірдемін? Жіліктеп көрсетуге, түсіндіруге тырысайын. Өнер сөзі өлеңмен, әнмен, актерлікпен тығыз байланысты екенін білеміз, көріп те жүрміз. Иә, кейбіріңіз қарсы пікір білдіруіңіз мүмкін. Өнер деген, тек осы ғана емес. Өнер зергерлікпен де, шеберлікпен де байланысты, алайда қазіргі кезде елдің көзінің алдында, құлағының «түбінде» жүргендері осы ән мен актерлік және кей-кезде өлең.

Қазіргі кезде жоғарыда аталған өнердің түрлері ұятсыздық сөзімен тікелей байланысты. Себебін көпшілік көріп те, естіп те жүр. Айтқан сөзімді дәлелдеп көрейін.

Өлең. «Өлең сөздің патшасы, сөз сарасы, қиыннан қиыстырар ер данасы», — деген еді кезінде Абай атамыз. Алайда қиыннан қиыстырып сөз тауып, халықтың мұң-қуанышын қара өлеңмен жеткізетін жас ақындардың саны саусақпен санарлық.  Иә, әрине, заманауи бағыт кез келген салада болу керек, жаңашылдыққа қол созу керек дегенмен келіспесем де болмайды. Алайда кейде осы заманауи сөзі біздің елге бақ емес, бәле болып жабысты ма деп те ойлаймын. Себебі заманауи боламыз деп өзіміздің дәстүрімізді, менталитетімізді ұмыт қалдырып жатырмыз. Өлеңді сынайтын арнайы кәсіби сыншылар бер екені рас. Өлеңді мен кәсіби түрде сынай алмаспын. Алайда оқырман ретінде сынауға хақым бар деп санаймын. Қазіргі жас ақындардың өлеңі ұйқас не бунақ жағынан емес тақырып жағынан қарап, пікір білдірейін. Жас ақындардың қазіргі хит болған тақырыбы — «интимдік өлең». Иә айтуға ауыз бармайды, алайда дәл осындай тақырыпта өлең жазған ақындардың шабыты жанып тұр...

Бұл тақырып қазаққа жат екені анық. Бұрынғы сезімін білдіруге ұялатын қазақтың өнерлі ұрпағы екі жастың арасында ғана қозғалатын тақырыпта өлең шығарып, халыққа жар салып жариялап жүр. Шабыты тасып, керемет сезімге беріліп жүрген нәзік, сезімтал ақындарға мұндай тақырыпта өлең мүлдем шығарма деп айтуға құқығым жоқ. Алайда оны жариялауға қандай себеп болды? Бірден ойға келетін жауапты да айтайын. Атақ, даңқ... Интимдік тақырыптағы өлеңді оқырмандар тез жаттайды, көп оқиды. Бұл жерде оқырманның да кінәсі бар. Алайда оқырманның талғамын бұзып, деңгейін түсіріп отырған да ақындар емес пе?

Бұл тақырыпта жазылған өлеңдерді өнер деп асқақтатудың ешқандай керегі жоқ. Бұл ақындар мен оның жақтастарының сылтауы ғана. Меніңше үйленген жігіттердің барлығының жүрегі ақынның жүрегіндей нәзік, қиялы шексіз болса «интим өлеңнің» неше түрлісін шығарар еді. Қазақ ақындары үшін интимдіктен басқа тақырып маңызды болмағаны ма? «Интимдік өлеңдерім бар, кәдімгі әдеби түрде жаздым», — деп мақтанатындарын қайтесіз? Осындай тақырыптағы өлеңдерді көбірек жариялайтын болсақ, «ұят» сөзі қайда қалады? Әлде өнер ұятсыздықтан басталады ма?

Әртіс. Кейде әртіс, кейде актер, актриса деп жатамыз. Алайда маңыздысы бұл емес. Қазіргі актер мен актрисалар фильмге түсу үшін ұятсыз эпизодтарда емін еркін рөлге кіріп, ойнай алады. Қазақстандық фильмдердің жартысынан көбісінен осындай эпизодтарды көруге болады. Өкінішті-ақ...  «Не үшін дәл осындай рөлдерде ойнайсыз? Ұят емес пе?», — деп сұрақ қойған адамды надан көріп, «бұл – өнер», — деп қысқа ғана кеудесін керіп жауап береді.

Осындай лас дүниені өнер деп атаймыз ба? Иә қоғам үшін бұл үйреншікті жағдайға айналғалы қашан?! Алайда үйреншікті жағдайға айналды деп ұятсыз фильмдерді көрсету болашақ ұрпақтың келешегіне көз жұма қарау деген сөз емес пе? Себебі қазіргі кезде біз «ел болам десең экраныңды түзе» дейтін жағдайға жеттік. Қазіргі балаларды үйдегі ата-ана емес, теледидар, интернет тәрбиелейді. Бұл қазіргі қоғамның шындығы, ақиқаты.  Сол себепті кез келген актер мен актрисада жауапкершілік болуы керек.

Қазақ фильм ұятсыз эпизодтарсыз дамымай қала ма? Қазақ фильм қазақтың дәстүрі мен менталитетін де көрсете білу керек. Заманауилық қажет, алайда бірінші орында қазақтың менталитеті тұруы тиіс.

Мысалы өзбек халқының фильмдері өте қызық сценариймен түсіріледі. Ең бастысы қай өзбек фильмін көрсеңіз де ұлттық дәстүрі мен менталитетінен алшақтамағанын байқайсыз, өзбек халқының патриоттылығына таңғаласыз. Себебі олар әлдеқашан экранның бала тәрбиесіндегі рөлін біліп, түсінген. Ал біз әлі күнге дейін түсінбей келеміз немесе мән бергіміз, бас қатырғымыз келмейді.

Біз осындай лас дүниелерді өнерге балап, өнер сөзімен қатар қолданудың кесірінен өнер сөзінің деңгейін таптап, тепкілеп тастадық. Бұл пікірге дауласудың ешқандай қажеті жоқ. Өнер мен ұятсыздық егіз ұғым... Бұл қазіргі қазақ өнерінің көрінісі. Келешекте өзгерер деп сенеміз, үміттенеміз..

Әсел Болатқызы

Әсел Болатқызы

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір