• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

19 Сәуір, 11:09:06
Алматы
+35°

24 Тамыз, 2018 NEWS

Өмір бақи қуыршақ ұстап жүруден қаймықпаған қос ғашық

Қуыршақ театрына жиырма жылға жуық уақыт қызмет етіп келе жатқан білікті актер – Айдын Жақыпбаев

Оның өзі де бозбала кейпіндегі қуыршақ сияқты. Өйткені оның кеудесіндегі жүрек – мейірім мен мөлдір махаббатқа толы. Ол ойнаған әрбір рөл әсерлі. Өйткені ол – мамандығына адал азамат. Ол – бес балаға жарық дүние сыйлаған батыр ананың ардақты ері. Оның жарының да көңілі баладай, өмірге шексіз ғашық, айналасына қуаныш сыйлауға құштар жан. Өйткені олардың тағдыры қуыршақтың киелі қара шаңырағында тоғысты. Ол – үйде қатал әкенің, жұмыста сан түрлі кейіпкердің кейпіне ене кететін, еш уақытта адами бейнесінен алыстамайтын өр тұлғалы ер. Ол – қуыршақ театрына жиырма жылға жуық уақыт қызмет етіп келе жатқан білікті актер – Айдын Жақыпбаев.  

Күйші боламын деп домбыра мамандығына келген бозбала Жақыпбаев өзі түскен қуыршақ актері мамандығының бір курсын ғана оқимын деп ойлаған. Кейін оның ұстазы Серік Мақұлбековтің септігімен мамандығына деген ықыласы артып, дос-жарандары мен жақындары оның жұмысын баланың тірлігіне балағанына қарамастан, қиындыққа толы қуыршақ өнері жолында қалуға шешім қабылдап, кездескен қиындықтардан қаймықпады. Кезінде: «Өмір бойы қуыршақ ұстап жүрмекшісің бе?», - деген достарымның қазіргі күні жаңа қойылымды тағатсыздана күтіп, билет сұрағандарын көргенде, өзімді арманына адаспай жеткен адамдай сезінемін, - дейді актер. Дегенмен, «Батырды бәрекелді өлтіреді» деген ұстаныммен жүретін Жақыпбаев мақтауға массаттануды да құп көрмейтінін тілге тиек етті.

Қуыршақ театры

Айдын Кеңесқалиұлы ойнаған қойылымды көргенде, қолындағы кейіпкердің шынайылығына қарап, қуыршаққа жан бітіп кетті ме дерсіз. «Оның сыры қуыршақтың әрбір бөлігін қимылдата отырып, рөліне байланысты қылық беріп, мінезін көрсете алуда», дейді актер. Сахнаның сыртынан қарағанда баланың ойыны іспетті көрінгенімен, 40 минуттық қойылымның артында бір терінің пұшпағын илеген тұтастай ұжымның еңбегі, әріптестердің ауызбіршілігін талап ететін қиындыққа толы күрделі жұмыс тұр. Ол бұл жолдың бұралаң екенін жұмысқа келген күні-ақ мойнына жүктелген жауапкершіліктен аңғарған болатын. Қуыршақ артисі боламын деген ауылдың қара баласына театрдың табалдырығын аттай сала «Құрманғазы» қойылымындағы «Әубәкір рөлі» бекітілді. Әуелгісінде сасқалақтап, қиындыққа мойынсұнғысы келмей, алға ұмтылған жас жігіттің арманын ақ костюм киген театрдың сымбатты артистері одан әрі асқақтатады. Бұл сәтте оның жанынан табылып, қолдау білдіріп, жігерлендірген жақсы жандар да табыла кетеді. Соның бірі актердің өмірлік жары, осы театрдың дарынды актрисасы – Эльвира Сүлейменова болған-ды.  Жақыпбаев жары жайында: «Театрға алғаш келгеннен өзіне жақын тартқан жандардың бірі сол қыз болды. Бір-бірімізге тек әріптес ретінде қарап, білмегенімді үйреніп жүрдім. Кейін тіпті ажырамастай дос болдық. Ол жанымда жүрсе күш беріп, демеп тұрардай көрінетін. Жаспыз ғой, тіпті кей қыздармен танысып, қыдыруға шақырсам да жаныма Эльвираны ертіп алатынмын (күліп). Кейін арамыздағы достық қатынас, сыйластық сезім махаббатқа айналып, бір-бірімізден артық жолдас таппайтынымызға көзіміз жеткеннен соң, өмір айдынына бірге қадам басуды ұйғардық. Аллаға шүкір, қазір үйде де, түзде де, өнерде де біргеміз. Әке-анамыздың алғысын алып, кейінгі жастарға үлгі боларлықтай бес бала тәрбиелеп отырған отбасымыз» дейді. Қарапайымдылықтан бір қадам аттамайтын жас жұптар тойларын да өзгеше етіп өткізген. Жағдайлары бола тұра өзгелер секілді дүркіретіп көлік шеруін ұйымдастырмай, өздерінің студент кездерінде қатынаған, естелік толы автобуспен қаланы аралап, жолаушылармен бірге суретке түсіп, бауырымен бірге қабат той өткізген. Жастық жалындарының әлі де болсын жалындауын осы ортамен, ойнаған қуыршақтарымен байланыстырады. Дегенмен, сахнада жарқылдап жүретін Жақыпбаев жұмыстан соң бірден қатал әкенің кейпіне енетінін жасырмады. Анасы: «Әкелерің келе жатыр» дегеннен етек жеңін жинап, әкесінің айтар сөзін қабағынан ұғынатын бала Айдын бүгін де өз балаларына сол тәрбиені беріп келе жатқанын айады. Бүкіл өмірін өнермен, әсіресе қуыршақ театрымен байланыстыратын актер «Еңлікгүл» сыйлығын еншілегенінің құрметіне 2016 жылы туылған қызының есімін сол марапатымен атады. 

Қуыршақ театры

Иә, жанұясына да, жұмысына да жеткілікті көңіл бөле алатын Жақыпбаев бүгінде театрдағы жастарға үлгі боларлық аға буын өкілі. Шығармашылық жолы 1935 жылдан басталатын қуыршақтың қара шаңырағында Айдын сынды көптеген өнер шеберлері бүлдіршіндер үшін өнер көрсетіп, сан мың қуыршақты сахна төріне шығарып, көрермендердің жүрегін жаулап келеді. Бала көңілін тауып, жақсылыққа, мәдениетке тәрбиелеу оңай іс емес. Еңселі елдің ертеңгі тұтқасын ұстар бүлдіршіндер мен жеткіншектерге қызықты бұл ортаның артқарар қызметі мен арқалар жүгі ауыр.

Сондай-ақ, айрандай ұйыған ауызбіршіліктің арқасында көп биікті бағындырып жүрген қуыршақ театры жаңа маусымның ашылуына қызу дайындықты бастап кеткен. Тек балдырған бөбектерге ғана емес, ақыл тоқтатқан ересектерге де арналған қойылымдардың қатарын толықтырып келе жатқан театр қазан айында көне трагедияның атасы Еврипидтің кең құлашты эпикалық жанрындағы «Медея» шығармасымен 84 маусымының шымылдығын ашпақ. Махаббатқа құл болған Медеяның мұңы мен тауқыметке толы тағдыры қуыршақ кейпіне еніп, көрермендерін тағы да бір таңдандырғалы тұр. Аталмыш туындыны қайта тірілту ШҚО «Жастар» театрының көркемдік жетекшісі, режиссер Айдын Салбанға бұйырған. Бұл туралы актер, Айдын Кеңесқалиұлы: «Әлемге аты мәшһүр шығарманың желісімен қойылған бұл қойылым жер шарының түкпір-түкпірінде сахналанып келеді. Олардан кейін қуыршақ кейпінде сахналау әрине ерлік, дегенмен артында қаншама пікір, сынақтар мен сындардың тұрғаны анық. Біз актерміз. Берілген рөлге ынта-шынтамызбен кірісе кетіп, алып шығамыз. Ал ол үшін режиссер дұрыс нұсқау беруі керек. Бұл туралы осы қойылымның режиссері Айдын Салбанға: «Сізге қиын болмайды ма? Қуыршақтармен қалай болар екен дегенімде: «Құласаң нардан құла» - деген, осыдан соң не өсем, не өшем» деді. Бұл біздің көкейімізге сенімділік ұялатты. Бүгінгі күні жаңа дүние жасауда жанымызды салып жұмыс жасап жатырмыз».

Осы ретте Айдын Жақыпбаев рөлді сезіну қуыршақтың бейнесіне де байланысты екенін айта кетті. Ол ойнайтын Эгей патшаның қуыршағына қарап-ақ, оның жанарындағы мұңды, бойындағы мінезді байқауға болатын секілді. Сондай-ақ, актер өз сөзін: «Медея» қойылымы – қуыршақ артистерінің қабілеттерін, шеберліктерінің шыңдарын көрсете алатын ғажайып қойылым болмақ», деп тәмамдады. 

Көптің қолынан келе бермейтін қуыршақ өнерін еркін игеріп, өнегелі өмірін өрелі өнермен өрнектеген Айдын Жақыпбаев көпшілікке әсіресе «Сұғанақ ешкідегі» - ешкі, «Алдар көседегі» - Алдар, «Үш торайдағы» -  Наф-Наф, «Мауглидегі» - Маугли, «Аладдиннің сиқырлы шамындағы» -  Сұлтан,  «Ана – Жер Ана» қойылымындағы Қасым рөлдері арқылы таныс.

Шымылдықтың сыртында тұрып бірнеше рөлді қатар алып шығуға дауыс тембрының мүмкіншілігі, іске деген ептілігі, серіктесімен лезде импровизация жасап, балалармен қызықты диалог жүргізе алуы – кәсібилік деңгейінің биіктігін аңғартады.

Айжан ЕСЕНГЕЛДІ

Әсел Болатқызы

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір