• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

27 Сәуір, 01:18:09
Алматы
+35°

23 Ақпан, 2019 Әдебиет

Өлімнің бола ма, ерте, кеші?..

Бола ма, ерте өлем деп қамдануға? Бола ма, кеш өлем деп алдануға?

Бола ма, ерте өлем деп қамдануға?
Бола ма, кеш өлем деп алдануға?
Бұл өлім — біреуге ерте, біреуге кеш,
Бола ма, келгеніне таңдануға?..

Біреуге — бақыт, бірдің — күйігіміз,
Осындай біздің нақты сыйығымыз.
Тірлікте: "Атақ!", "Даңқ!", "Байлық!.." дедік
Ал қане, содан шыққан мүйізіміз?

Жаман сөз айтылмайды кеткен жанға,
Өмірден армансыз боп өткен бар ма?
Немене Арман деген, сол Арманға
Тірлікте армансыз боп жеткен бар ма?

Өлгеннен арттағыға сабақ бар ма,
Өлгеннен тірілерге жауап бар ма?
Өмірден кеш кеттің бе, ерте өттің бе,
Бәрібір анау Ұлы Жаратқанға!..

Болса да тоғыз қабат оққағары,
Болса да көп киімі, көп тамағы,
Өңмеңдеп өлмейтіндей күн кешкендер
Өмірден қас-қағымда жоқ болады.

Көр байлық көзіңді алдап жалаңдайды,
Бұл пенде өрекпиді, танаурайды.
Алтының, асыл бұйым, бар қазынаң
Ажалдан сені айырып қала алмайды.

Байлығың — ғұмырыңа тұтқа болмас,
Жегенің — жұмырыңа жұқ та болмас.
Аста — Тақ, қолыңдағы — шексіз Билік
Ажалдан төте келсе құтқара алмас!

Тірлікте арпалыстың, шырылдадың,
Біреуге шығындалдың… шығындадың…
Болмастан бір күнгідей барлығы да
Кеудеңнен ұшып шығар шыбын жаның!

Пенденің көрер соры, қонар бағы,
Өткінші ойын-күлкі — олар дағы.
Дүние бүлінбейді "сен өлді!" деп,
Ештеңе болмағандай болар бәрі.

Бәріміз осы айтқанды білгенменен,
Тірлікте арпалысып жүргенменен,
Соңғы рет өкінгенің кімге керек,
Шыбын жан шыққан кезде қу кеудеден?!.

Бұл өмір — тірлігіңде күрес болар,
Алысып-жұлысу мен тірес болар.
Өлгенде бір жақыны сорлы пенде
Жалғанның жалғандығын бір еске алар.

Онысы ертесінде-ақ ұмытылар…
Өйткені ертеңінен үміті бар.
Аз күнгі қызығына малданады
Бәрі де — құнтсызы, құныты бар…

"Мен!", "Мен!" деп шыққанменен даусың қанша,
Жүресің айналшықтап аусыл малша.
Өзің де, өзгені де алдауменен
Күн кештің татар дәмің таусылғанша.

Тіршілік: жылатады… күлдіреді…
Жасайды, қайта бәрін бүлдіреді.
Дүние алма-кезек болып келер
Осының мағынасын кім біледі?..

Әйелің, туған-туыс, бала-шаға
Бола алмас бұл ажалға араша да.
Өлімнің бар екенін біліп тұрып,
Құмармыз неге аз күнгі тамашаға?!!

Жұмаш Көкбөрі

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір