• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

28 Наурыз, 17:07:31
Алматы
+35°

13 Қараша, 2018 Әлем

"Өлім зертханасы": АҚШ-тың грузиндерге тәжірибе жасап жатқаны рас па? (видео)

«Заңсыз тәжірибе» туралы алғашқылардың бірі болып Грузияның бұрынғы мемлекеттік қауіпсіздік министрі Игорь Гиоргадзе айтты.

Бірнеше ресейлік телеарна Грузияда Тбилисидің шет аймағында құпия зертхана бар екенін хабарлады. Онда адамдарға құпия түрде қауіпті тәжірибе жүргізетіні айтылады.

«Заңсыз тәжірибе» туралы алғашқылардың бірі болып Грузияның бұрынғы мемлекеттік қауіпсіздік министрі Игорь Гиоргадзе айтқан еді. Ол Грузия тұрғындарына АҚШ-тан әкелінген тексерілмеген препараттарды салып, соның салдарынан адамдар көз жұмғанын «дәлелдейтін» құжаттарды жариялады-мыс.

Одан кейін Ресей билігі әкімшілік ғимаратындағы зертхананың екі қабатында америкалық әскерилер жүретінін айтты.

Бұл ақпараттардың рас, өтірік екенін анықтау үшін Би-би—си корреспонденті Стив Розенберг Тбилисиге барып «өлім зертханасын» өз көзімен көрді.

Георгий Хателишвили құжаттарды жасаған адамдардың бірі. Ол  2015 жылы Грузияның Денсаулық сақтау министрлігінде жұмыс істеді. Дүние жүзіне танылған бағдарламаның басты мақсаты — Грузиядағы С гепатитін жою. Бағдарлама аясында қолданылған америкалық препараттар тәжірибеден өткізіліп, қолдануға рұқсат берілген.

«Гиоргадзе мырза неліктен "адамдарға тәжірибе жасалып жатыр" деп ақпарат таратқаны түсініксіз. Себебі 36 000 адам жазылып шықты. Оның тек 200-і ғана көз жұмды және жанама әсерлер де аз болды», - дейді Георгий Хателишвили.

Тбилиси маңындағы зертхананы Грузия билігі басқарады. Бірақ ғимаратты АҚШ-тың қорғаныс министрлігі салды.

Мәскеу орталықтың екі қабаты Американың әскеріне арналған деген ойда. Бұл ақпараттың жалған екенін дәлелдеу үшін ауруды бақылау орталығының директоры  Амиран Гамкрелидзе Би-би-си журналисіне ғимаратта экскурсия жасады.

«Мүмкін мен оларды бір жерге тығып отырған шығармын? Америкалық әскерилер қайда екенін білесіз бе?», - деп күлді орталық директоры.

Ресей зертханада инфекция жұқтырған масаны тарататын дрондарды жасап шығаратынын айтады.

«Біздің ондай іспен айналысып жатқанымыздың дәлелі қайда? Олар дәлелді бізге көрсете ала ма? Мұнда Грузия туралы қайда жазылған? (қолындағы қағазды көрсетіп)», - дейді Амиран Гамкрелидзе.

Би-би-си журналисі жан-жақты зерттеу жүргізгеннен кейін Ресей таратып отырған ақпараттың жалған екеніне көз жеткізген.

Жалған жаңалықтардың басты проблемасы – олардың шындыққа ұқсауы. Бір сәтке болса да тоқтап, детальдарға мән берсеңіз, істің ақ-қарасын ажырата аласыз.

Ресей Федерациясының Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Мария Захарова дәлел туралы былай деген еді: «Қазір сіздерде дәлел болмаса ол мүлде жоқ деген сөз емес».

Тәжірибе туралы алғашқылардың бірі болып хабарлаған Игорь Гиоргадзенің өзі сөзін дәлелдей алмай отыр.

Журналист: — Клиникалық тексеруден өтпеген препаратты Грузия тұрғындарына бергеніне дәлел бар ма?

Игорь Гиоргадзе: — Жоқ, мен бірдеңені дәлелдеп отыруға зауқым жоқ. Мен мәселені көтеріп отырмын.

Журналист: — Бұл жалған ақпарат қой, яғни?

Игорь Гиоргадзе: — Білмеймін! Білмеймін!

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір