• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

28 Наурыз, 15:01:01
Алматы
+35°

06 Желтоқсан, 2017 Әлеумет

Ол сенің артыңнан келеді...

11 жастағы мектеп оқушысы  үйіне қайтқан жолда із-түссіз жоғалып кеткен.

Адель үйінен шыққанда кеш бата бастаған. «Жауын жауар ма екен» деп ойлаған ол қолшатырын қолына алып такси ұстап ұзақ тұрды. Құрбылары көп күтіп қалмау үшін үйіне апыл-ғұпыл кіріп, киімін де ауыстырып үлгермей, қолындағы  заттарын қойып үйден шығып кете жөнелген.

Күздің соңғы айлары болғандықтан ба, әлде табиғаттың басқа да тылсым күштерінің араласуынан ба, осы күн айтарлықтай ызғарлы, сұсты, қаһарлы еді.

Үш күн бұрын жоспарланған бұл кездесуге Адель асығыс. Себебі бір айдай жүзін көрмеген құрбыларын көріп, сағынышын баспақ. Құрылыс компаниясына жұмысқа кіргелі бері тіпті қолы босамай кеткенін ойлап, жол бойы балалық шағына есіне алып, терең ойға шомып кетті.

Көптен күткен кездесудің соңы ұзаққа созылып, қыздар бір-бірін қимай ұзақ отырды.  Кино көріп, кешкі ас ішіп мәз-мейрам болып, айтар әңгімелері таусылмай кетті.

— Адель, жұмыста біреуді кездестірдің бе?-дейді құрбысы Толғанай.

— Томка, қойшы... Кездесу, қарым-қатынасқа уақытым жоқ,-дейді Адель кейіп.

— Ондайды қой, жасың 24-тен асып барады. Жалғыздық құдайға ғана тән.

— Иә, құдайға сенетіндер үшін солай шығар,-дей жаздады да, жәй ғана жымиып қойды.

Алайда,Толғанай құрбысының бұл жымиысынан  бұрын-соңғы байқамаған ерсі қылықты, жат нәрсені байқады. «Жымиыс көп жағдайда келісімді білдіреді ғой» деп ойлады өзін жұбатқан болып.

Беймезгіл уақыт орнап, тым кеш болып кеткенін сезген құрбылар қайтпаққа ниеттенді. Анда-санда кездесетін кез келген құрбы-құрдас секілді бұлар да, тағы да көрісуге уәделесіп жан-жаққа тарады.

Екі қыз бөлек кетіп, қалғандарының да  жолы бірге түскендіктен Адель жалғыз қалды. Жалғыздықтан ешқашан қорықпайтын батыл қыздың дәл осы уақытта көңілі құбылып, басы ауырды. Үйіне жақындай берген кезде өзін нашар сезіне бастады. Тар көшелер тарылып, жер бетін қараңғылық басқан тәрізді болып,  айналадағы барлық үйлердің шамдары өшіп қалған секілденіп кетті. Суық ауа бетін қарып, есеңгіреп кеткен қыздың есін жиғызды. Неге екені белгісіз Адельдің бойын қорқыныш билеп, әлдеқайдан жылаған баланың даусын есіткендей болды.

«Тезірек үйге жету керек. Бәрі жақсы болады. Қазір менің басым ауырып тұр, неше түрлі нәрсе елестегені де сондықтан» деп өзімен ішкі монолог жүргізіп келе жатқан уақытта жылаған бала даусы қайта бірақ анық естілді.

Егер Адель атеист болмағанда, дәл осы сәтте мүмкін Құдайға сыйынып,  дұға етер ма еді?  Бірақ ол тың-тыңдап тұрып қалды. Елестеп тұр ма, әлде расымен баланың жылағаны ма? Түсінбеді.

Өзі келе жатқан көшенің ең түкпірінде, төменгі бұрышта әлгі дауысты тағы естіді. Бұл жолы  баланың шыңғырған, «Құтқарыңдар!» деп жалынған даусы әлсін ғана шыққандай болды.

Өңі қашып кеткен Адель жүрегі тастай қатып әлденеше секунд бойы қимыл-қозғалыссыз қалды.

Көп адамдар сұмдық, жантүршігерлік қорқынышты нәрсені көргенде айқайға басып, тамағы қарылғанша бар пәрменмен шыңғырып кірерге жер таппай кететін сияқты болып көрінеді. Шын мәнінде, сұмдықпен бетпе-бет келген адам үнсіз, тілсіз, жансыз, қимылсыз қалады екен.

Бірталай уақыт "жан мен тән арасында" қалған Адель бір сәтте есін жиып, өзінің тірі екенін сезінген соң жапа тармағай жүгіре жөнелді. Қашты. Неден қашып бара жатқанын өзі түсінбейді. Қараңғы көше түбіндегі дауыстан қашты ма, баладан қашты ма, әлде сол баланы даусын шығарып шыңғыртқан әлденеден яки адамнан қорықты ма – бар ойы осы көшеден алыстау болды.

Тек үйіне жеткен соң ғана демін алып, ұзақ отырды.

Адель қорқыныш пен сұмдықтың арасында тұрған сәттегі естіген бала даусы – оның түсі, я болмаса ойдан шығарған қиялы емес еді. Дәл сол сәтте сәби жүрек Дарын өлім мен өмір арасындағы арпалысты бастан кешіріп жатқан.

 5-сынып оқушысы Дарын аудандық футбол командасының үздігі. Ақыл-ойы терең, зерек бала болып өсіп келе жатқа. Және осы сағаттарда  ол жан тәсілім етті. Оны өлтірген жануар яки адам баланың түгін қойған жоқ, тіпті мәйітін де қалдырмады.

Сол түннің ертесінде Адель кешегі жағдай турасында көп ойланды. «Есімнен алжастым ба екен» деген ой оны  мазалап, енді біраз уақыттан кейін жағдайы тіпті қиындап кетті.

Шынымен-ақ баланың даусын естідім бе? Ол кім болды екен? Солай болған болса, не жағдай орын алды? Әлде бұл педофил болды ма екен? деген сұрақтар ойына келіп, оны ары мазалай бастады.

Арада екі күн өткен соң Адель басынан өткен жағдай туралы ойламауға тырысып жүрді. Ұмытқандай болды.  Кеше жақын үйінде кітап оқып отырған уақытта, көзі ілініп кетіп, бастырылды.

Әлгі көше. Әлгі бала. Шыңғырған дауыс. Барлығы қайталанып жатты. «Көмектес!» деген ащы дауыс. Қолы, аяғы жоқ, басы жарылып қаны сорғалаған, жұлым-жұлым  болып келе жатқан бала қасына жақындап келіп: «Мен сені шақырдым ғой... Неге маған жәрдемдеспедің?»-деді. Басынан, қол-аяғынан қан сорғалаған 10 жас шамасындағы бала Адельдің қолынан шап беріп ұстады да: «Ол сенің артыңнан келеді» деді.

Осы сәтте Адель шошып оянды. Терлеп, әбден қиналып кеткен ол не істеу керек екенін аңғарғандай,  ары мазалаған сұрақтың жауабын іздеуге көшті.

Таң атқан соң Адель жолға шықты. Бірнеше күн бұрын өзі  қашып кеткен көшеге қайта оралды. Күндізгі уақытта да өзінің сұсты кейпін жоғалтпаған бұл көшенің соңы қақпалар мен ескі қаңылтырлар үйілген жерге келіп тіреледі екен. Адель бұл  жерді әлденені іздегендей ұзақ қарап зерттеді. Ештеңе таппайтынын біліп, енді бұрыла бергенде жылт еткен қызғылт матаға көзі түсті. «Мынау не екен» деп еңкейіп қаңылтыр астында қалған затты алды. Ол жұлым-жұлым болған бас киімнің қалдығы екен. Тұла бойы тітіркеніп кеткен Адель мұнда бір сұмдықтың болғанын түсінді.

Бұл жерден дереу кеткісі келіп, көше басына қарай аяңдады. Тынысы тарылып, өзінің  сол түні қандай қателік жасағанын ойлап  мазасы кетті. Алайда оны ар азабына қарағанда қорқыныш сезімі көбірек толғандырды осы сәтте. «Ол сенің артыңнан келеді» деген баланың сөзін есіне түсірді.

Бірнеше күннен соң теледидардан осыдан бір апта бұрын жоғалып кеткен бала туралы хабар тарады. 11 жастағы мектеп оқушысы  үйіне қайтқан жолда із-түссіз жоғалып кеткен.

Мұны естіген Адель баланың суретін анықтап қарады. «Дастан Ниязовтың үстінде   қызыл бас киім мен қара күртеше болған. Көрген-білгендер мен қандай да ақпарат  бере алатындар үшін төмендегі нөмірлерге хабарласуларыңызды сұраймыз» деп жатты теледидардағы дауыс.

Адель терең күрсінді. Жақында тауып алған қызыл бас киімді қайда қойғанын есіне түсіріп, сол кешті тағы есіне алды.

Бөлмесінде тұрған шкафтың есігін ашып, ішіндегі айнаға көзі түсті. Шошып кетті. Түрім не болып кеткен? Өзін емес, құбыжық көргендей шошынып, есікті тарс жауып жуынатын бөлмеге кірді. Сол жердегі айнаға қарап есін жиды. Бетін, көзін ұстап жеңіл күрсінді. «Есімнен алжасатын болдым...».

Адель жуынатын бөлмеде тұрып бетіне су шашып тұрғанда әлдене  түскендей селт ете қалды. Қатты шошынғаннан жерге отырып қалды. Дірілдеп кетті. Маңдайы тамшы-тамшы терге толып қорыққанынан жүрегі аузына тығылды. Бұл сәтте, жатын бөлмеде тұрған шкафтың ішінде ешқандай айна жоқ екені оның есіне түскен еді.

Сонда.. Сонда.. Ол не болды.. Әлде кім...

«Ол сенің артыңнан келеді» деген дауыс құбырлардың ішінен  естілгендей болды. Адель демін ішіне тартып,  жуынатын бөлменің есігін ақырын ғана ашты. Сол-ақ еді, қолын түк басқан алып қол оны өзіне қарай тартып әкетті.

 

Дала қызы

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір