• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

25 Сәуір, 02:56:38
Алматы
+35°

29 Наурыз, 2019 Әдебиет

Өгей баланың өлімі...

Әкесі құран бағыштады. Жанында Шолпан жылап тұрды. Бірақ оның көз жасы соншалық жалған еді. Әттең!

Ауыл іші қарбалас. Қыс бойы қимылсыз жатқан жұрт, көктем кіре соқаларын қайрап, кетпендерін сайлап егістік пен ауыл арасындағы қоңыр жолдың шаңын аспанға ұшырып, қызу науқанға түсіп кеткен. Былтыр күз ортасынан ауа бастағанда-ақ, тосын мінезін көрсеткен табиғат, жұрттың қысқа деп дайындаған қамбасының құлпын ертерек ашуына ықпалын тигізген. Сол себепті, қыстың соңғы айында, тек мал шаруашылығымен жанын бағып отырған біздің ауыл бір арба шөп пен бір қап жүгеріге зар болды да қалды. Ақырында, осындай сәтті құдайдан тілеп жүретін ауылымыздың атақты алып сатары Қайрат деген дәнкөй басқа ауылдардан қапталған жүгері мен нығыздалған шөпті сатып әкеліп, қарапайым қамысқа зәру болып отырған жұрағатқа қымбат бағаға сатты. Бір жұттық малын аштыққа қимаған қараша халық қайтсін енді , амалсыз жапа тармағай алды. Сырттай Қайратты жамандаған жұрт, алдына барғанда мәймеңкөйлеп, мақтап кетеді. Бәзбіреулер оның пысықтығын қулыққа баласа, біреулер оның қолынан іс келетініне, пайда табудың жолын білетініне таңдайларын қағады. Ел оны өсектеп отырғанда, ол үйінде ақша санап отырды. Не де болса Қайрат осы қыстың соңында көл-көсір пайдаға кенелді. 
Биылғы қақаған қарулы қыстан біздің отбасымыз да қысылып шыққан соң әкем жүгерінің көлемін кеңейтіп, тағы бір алқапқа жоңышқаның тұқымын сепкізген. Әкем тұқым себетін сүйрегіші бар әрі жер жыртуға ыңғайлы сойқандай соқасы бар трәктірге қыс соңында барып кезекке тұрған. Сол кезегі бүгін келіпті. Әкем таң қылаң бере трәктірдің иесі Жарқынның үйіне кеткен. Сол жақтан тіке егістікке бет алады. Әншейінде, момындау, жуастау келген трәктәрис Жарқынның бұл шақта жұлдызы жанып, бағы батпандай болады. Оның үстіне қылмойынға деген жақындығы бар болғасын, әлгі ащы ішіне барғанда қолды аяққа тұрмай құтырып - ақ кетеді. Ал, көктем аяқтала бастағанда Жарқын аса ешкімге керек болмай қалады. Соған күйінгесін, ішімдікті жиірек ішеді. Маған ол кісі бейне бір жаңа жылдық шырша секілді елестейді. Қай кезде көріп қалсаң да, қолы, киімдері май болып жүреді. Тіптен, балалары да аумай өзіне тартқан. 
Бірақ шеттерінен пысық. Біз мұрынымызды тартып жүргенімізде, бізбен қатарлысы трәктірдің рөліне отырған. Содан - ақ байқауға болатын шығар.

Көзімді уқалап аштым. Күннің көзі енді қыза түскен кез екен. Орнымнан түрегеліп, беті - қолымды жуып, ас бөлмеге өттім. Шешем пісіріп кеткен көжені іштім де, сабағыма жиналдым. Қоңыр дала көктен төгілген күмбірлі күннің тұнық жылуына бас ие, адамзаттың қызметіне әзір тұрғандай созылып жатыр. Әне бір жерде илеуінің есігін ашқан құмырсқалар келер қыстың қамына әлден кірісіп кеткен. Таяуда ғана келген қарлығаштар жұптасып, былтырғы ұяларын жамап жатыр. Мектеп жолындағы жазық бір отты жерде қаптаған қалың қызғалдақтар алыстан - ақ көздің жауын алады. Шешем мектепте қазақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімі. Мен бұл шақта бесінші сыныпқа көшкен кезім.
Сабақтарым бітіп, үйге қарай аяңдадым. Жол бойы шексіз қиялдың қанатын қаққызып, арманымды алысқа жіберіп келемін. Мен кейін әкім болсам деген арманымның жалғасы президенттікке дейін ұласты. Балалық арманның тәттілігі сонша ыстық болғанымен қатар оның жауапкершілігін дұрыс бағытта пайымдай алмадым. 
Үйге кіре беріп ем, шешемнің мектептен енді келгенін байқадым. Әкем бүгін кешке дейін егістікте болады. Үйдегі бұзау мен қозыларды суарып, өріске қарай айдап жібердім де, үйге келіп кереуетке жата кеткенмін. Беймәлім уақыттан соң ұйықтап кетіппін. Неше уақыт өткенін білмеймін, әйтеу құлағыма шешемнің :
- Түү, Қайрат қойшы, қазір Жасұлан оянып кетеді, - деген жалынышты дауысы естіледі. Түсім болар дедім. 
- Оянса не бопты, қашанғы жасырамыз Шолпан ? 
- Әлі реті келмеді ғой. 
- Келді ғой, мен қәзір келтірем, - деп Қайрат әзілдей сөйледі. Шешем сықылықтап күліп жатты. Кенет екеуі үнсіз ұзақ жатып тына қалған. Мен бұл шақта көзімді жұмып жатқаным болмаса, оянып кеткенмін.

Ішім аласапыран! Соқыр тұманда адасқан жетім құралайдай іштей ыңырсып жыладым. Осы сәтте туған шешем ойыма оралды. Менің құлын махаббатым қанбай қалған, ол кісінің ғұмыр жұлдызы жанбай қалған еді ғой. Әкем екінші рет осы мұғалім әйелге үйленгенде жасым небәрі жетіден асқан кез еді. Ал, өз анам мен алтыға толғанда аспанға ұшып кеткен. Мені туған соң айтуға ауыз бармайтын кеселге ұшыраған екен. Маған толық махаббатын арнай алмай арманда кеткен анашым -ау. Әкем екінші рет үйленуге шешім қабылдағанда екі күн еңіреп жылап едім. Бір нәрсе білгендей жылаппын ғой. Қайран әкем! Қазір егістік басында жүрген шығарсыз. Ал, сіздің мына әйеліңіз ойнастық қылып жүр. Әкемді қатты аядым.
Кенет Қайрат пен шешемнің күлген дауыстары естілді. Бұлай жата беруге арланып кеттім. Үйден байқатпай шықтым да, зиратқа қарай жүгірдім. Екі көзімде парлаған жас. Ызыңдап соққан сұрқия жел желең киініп шыққанымды күткендей екен. Өңменімнен жебесін сұғып барады. Зират ішіне кірдім де, анам жерленген жерге келіп дөмпиген топырақ үстіне құлай кеттім. Көз жасым көл болып, анаға деген сағынышым, өкпе ренішім саны жоқ жұлдыздардай бітер емес. Кенет күнде күркірей жөнелген. Әлгі ызыңдаған жел, тау жақтан сетінеуік бұлттарды айдап әкеліпті. Көктемнің алғашқы тамшысы тырс етті. Мен ботадай боздап, өкіріп жыладым. Жауын сіркірей кетті. Тым суық тамшылар еді.

Көзімді аштым. Аурухана төсегі. Ақ халатты медбике көзіме көрінді. Оң бұрыштағы кішкене үстелде әкем қалғып отыр. Басымды көтерейін десем, әлім келмеді. Сөйлеуге бекініп ем, дауысым әлсіз шықты. Терең күрсіндім. Әкем де менің оянғанымды сезген болуы керек. Жаныма келіп отырды. Көзі қызарып, беті басына сақал мұрты қаптап кетіпті. Өңі бозарып, жүзі күңгірт тартқан. 
- Балам - ау, мені қорқыттың ғой. Өзіңді қалай сезінесің? - деді жыламсырап. 
- Жақсы, - дедім қинала сөйлеп. 
- Екі күн бойы ес түссіз жаттың ғой. Көктемнің суығы өтіп, өкпең қабынып кетіпті. Балам - ау, анаңның бейітінен тауып алдық қой. Бізді қорқыттың ғой. 
Көзімді жұмдым. Өткен оқиғаны есіме алдым. Әкем орнынан түрегеліп, біреуге қоңырау шала бастады. Түсінгенім қоңырауы Шолпанға екені. Шолпан дегенім әкемнің екінші әйелі. Менің оянғанымды айтып қуанып жатты. Іштей өксідім. Шындықтан бейхабар әкем - ай.

Әкем сол күні кешкілік ауылға шығып кеткен. Әкем кеткесін жағдайым нашарлап кетті. Тынысым тарылып, өкпе тұсым істен шыққандай болды. Қасымда жатқан бейтаныс бала, медбике деп каридорға жүгірген. Кеудемде соққан балапан жүрегім әлсізденіп, қуаты кеміп кеткендей күйге түсті. Өне бойым қалтырап барады. 
" О, Анашым, О, Анашым " деп қайталай бердім. Көзіме бұлдырлап ақ халатты жандардың жүгіріп жүргендері көрінді. Одан кейін кеудемдегі кішкентай ет қимылсыз қалды. 
О, қош жалған.

Жасұланды әкесі туған анасының жанына жерледі. Кішкентай ғана топырақтың астында жатқан бүлдіршін рух, бір көрпе жамыла алмаған анасымен бірге суық топырақты бірге жамылып жаны жай тапқандай. 
Әкесі құран бағыштады. Жанында Шолпан жылап тұрды. Бірақ оның көз жасы соншалық жалған еді. Әттең!

Жандос Әуесхан

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір