• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

19 Сәуір, 17:25:34
Алматы
+35°

29 Тамыз, 2018 Әлеумет

Өгей әкесінің тепкісін көрген 20 жастағы Айсұлу күйеуге шығуды армандамайды

«күйеуге шығамын, бақытты боламын» деп ақ көйлек киетін тойды аңсамайды.

«Әйел сыры» бағдарламасына қатысқан 20 жастағы бойжеткен өзінің қилы тағдыры туралы студияда айтып берді. Туған-туыс, дос-жараннан ұялған болуы керек өзінің бет-бейнесін жасыруды көздепті. Әдетте біз мұндайды бағдарламаның рейтингісін көтеру үшін қолдан ойластырылған дүние деп топшылаймыз. Бірақ бұл актриса емес, өмірдегі бар адамның басынан кешкен хикаясы деуге негіз бар. Себебі үйленіп жатқан жастардың жартысы ажырасып кететін қазіргі заманда өз әкесінің емес, өгей әкесінің тәрбиесін көретін балалар көбейіп барады. Жалпы, балаға қол көтеру, зорлық-зомбылық жасау фактілері жиі орын алуда. Жүйкесі жұқарған, жеке өмірде, қызметте сәттілігі серік болмаған жандар жындарын әлсіздерден алғысы келіп тұратындай.

Өзін Айсұлу деп таныстырған бойжеткен әкенің тәлім-тәрбиесін көрмеген қыз. Махаббатта жолы болмаған анасы ажырасқаннан кейін бағын сынамақшы болып екінші рет тұрмысқа шығады. Алайда бұл жолы да бағы ашылмайды. Екінші күйеуі әйелін ғана емес, өгей қызын да таяқтың астына алады. Алайда бас көтеруге, қарым-қатынасты үзуге батылы жетпейді. Нәтижесінде қызы қазір ер-азаматтарға сенім артпайды, «күйеуге шығамын, бақытты боламын» деп ақ көйлек киетін тойды аңсамайды. Бүкіл трагедия, міне, осында жатыр. Айсұлудай бүкіл өмірін студияда ақтарылып айтып беруге қысылатын қазақ қыздары қаншама. Айсұлу қайта өгей әкесінен оңай құтылған сияқты... Мұндайда отағасынан көңілі қалып, ажырасуды ең дұрыс шешім деп ойлайтын қазақ әйелдеріне тележурналист, бүгінгі күні тренер-мотиватор болып мыңдаған әйелдің өмірін өзгертіп жүрген Жанар Байсемізованың мына сөздерін үлгі еткім келеді:

«Қымбатты келіншектер, еріңіз қыз-қырқынға көз салса, бірінші айқайға баспай, қиын болса да, ұстамдылық танытыңыз. Ойланыңыз, бұл жағдай неліктен болуда? Тағдыр сізді неліктен бұл сынақтан өткізіп жатыр? Еріңізді қалай суытып алдыңыз? Оның алдында өзіңізді қалай ұстайсыз? Үйде өзіңізді қалай ұстайсыз? Не киесіз? Қалай жүресіз? Еріңіздің алдында әдемі, нәзік  көрінуге тырысасыз ба? Өзіңізді күтесіз бе? Саныңызда целлюлит бар ма? Ішіңіз бірнеше  қатпарға бөлініп, денеңізді май басып бара жатқан жоқ па? Екінші «подбородоктың» жағдайы қалай? Шашыңыз ше, судырап тұр ма? Бетіңіз ше қуарып тұр ма? Өзіңіздің сүйікті ісіңіз бар ма? Өзіңізді жақсы көресіз бе? Үстіңізден қандай иіс шығады? Жұпар иіс пе? Күйеуіңізге  дәмді тағамдар жасап, аяғына массажын жасап, бересіз бе? Еріңізге «мырзам» деп иіліп тұрасыз ба? Сұрақтар осылай кете береді. Сіз дана әйелге айналғанда,  күйеу өзгеге көз салмайды. Дамытыңыз өзіңізді. Ажырасқанмен, сізге жақсы күйеуді ешкім бермейді. Ажыраспаңыз. Тиісінше сіз өзгергенде күйеуіңіз де жалаң сезімдерге берілмей, санасын іске қосады».

Қысқасы, құрметті қазақ әйелдері, ажырасуға асықпаңыздар! Қыздарыңыздың ертеңгі күнін, тағдырын таразыға салыңыз! 

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір