• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

25 Сәуір, 06:24:37
Алматы
+35°

21 Қазан, 2017 NEWS

Нұртілеу Иманғалиұлы «Заң сөйлесін!» бағдарламасымен эфирге шықпақ (видео)

«Менің телевизияда 44 жыл жүргенде түйгенім – біз бәрін білеміз. Бірақ заңмен таныс емеспіз.

Заңдық сауаттылық – бүгінгі қоғам талабы. Өзің өмір сүріп жатқан елдің заң ережелерін, құқықтық қағидаларын білмеуден кез келген азаматтың ұтылатынын, кейде білместіктен есесін жіберіп алатынын былай қойғанда, құқықтық сауаттылықтың төмендігі – өте қауіпті дер едік. Осындай білместіктің салдарынан болар, соңғы уақытта жаңалықтар легінде түрлі жаға ұстатар, қынжылтар жайттар туралы ақпараттар азаймай тұр.

Әділетсіздікке тап болып, қолына кісен салынған ұлын қорғау үшін шарқ ұрған ана, ары тапталып, зорлыққа тап болған қаракөз қыздар, жұмыс берушінің құр сөзіне сеніп, қағаз жүзінде рәсімдемегендіктен, жұмыс берушіге еңбегін жегізген қыз-жігіттер, алаяқтарға алданып, жер мен баспана дауының ортасында қалған халық, тағысын тағылар. Осының барлығы қоғамымыздағы құқықтық сананың әлі де болса төмендігін, заңдық сауаттылықтың жетіспейтіндігін байқатса керек.

Осы тұста қазақ журналистикасына еңбегі сіңген ардагер журналист Нұртілеу Иманғалиұлы «Еуразия» бірінші арнасымен бірігіп, «Заң сөйлесін!» деп аталатын жобаны қолға алды,- деп хабарлайды Qamshy.kz ақпарат агенттігі. Жобаның мақсаты – халыққа заң ережелерін түсіндіру, заңға сай қандай құқықтары мен мүмкіндіктері бар екенін ұғындыру, белгілі бір даулы мәселелерден заң шеңберінде қалай шығуға болатынын көрсету. Себебі заңды түбірінен білмейтін адам қоғамда белгілі бір жайттарға тап болғанда, өзіне сенімсіздік танытып, қарсы тарапқа өзін жығып береді, жеңіліп бара жатқанын сезсе, «ақша ұстатып», жемқорлыққа сүрлеу салады.

«Менің телевизияда 44 жыл жүргенде түйгенім – біз бәрін білеміз. Бірақ заңмен таныс емеспіз. Кез келген тәуелсіз Қазақ елінің азаматы өзінің заңмен таныс болмаса, түптің түбінде заң онымен танысатынын естен шығармаса деп ойлаймын. «Заң және заман» (ред.еск. – бағдарламаны) деп те атауға болар еді. Бірақ, қалай болғанда да біз ендігі жерде өзімізден бұрын тәртіпке, әділетке жүгінудің жалғыз жолы – заңды сөйлету. Заң сөйлесе – кез келген көрерменге көмек болады ғой деген сеніміміз бар.

Өкінішке орай, қазіргі қазақ телевизиясында мұндай жанр көп емес. Қазір не көп – шоу көп, концерттік бағдарламалар көп. Ал елге көмек болатындай, елмен ақылдасатындай, болып жатқан жаңалықтарға үніңді қосатындай публицистикалық суреттемелер, очерктердің азаюы қынжылтады. Ал бұл жоба осындай олқылықтардың орнын толтыратындай дүние болатындай көрінеді маған», - дейді жоба жүргізушісі Нұртілеу Иманғалиұлы.

Қазақ тіліндегі жаңа телеөнім сюжеттер мен арнайы репортаждарға құрылып, журналистер қоғамда орын алып жатқан іс жүзіндегі келеңсіздіктерді ашып көрсетеді. Мұнымен қатар, «Заңгер кеңесі» айдарында кез келген қазақстандық заң саласындағы өзін қызықтырған көкейкесті сұрақтарға жауап ала алады.

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір