• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

23 Сәуір, 22:58:27
+35°

02 Сәуір, 2019 NEWS

Нұрсұлтан Назарбаев: Кез келген ер адамның ар-намысы болуға тиіс...

Қазақстанның тұңғыш президенті жүргізіліп жатқан саясаттың арқасында еліміздің халықаралық аренада мойындалғанын атап өтті

Қазақстанның тұңғыш президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев туған жері - Алматы облысы Шамалған ауылының тұрғындарымен жүздесті, деп хабарлайды Qamshy.kz ақпарат агенттігі Ақордаға сілтеме жасап.

Қазақстанның тұңғыш президенті жүргізіліп жатқан саясаттың арқасында еліміздің халықаралық аренада мойындалғанын атап өтті.

"Біз үлкен жұмыс атқардық. Бұрын ешкімге белгілі болмаған Қазақстан бүгін бүкіл әлемге танылды. Қазақстандықтар түрлі елдерге барып, дүние жүзінің ең үздік оқу орындарында білім алу мүмкіндігіне ие болды", – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Сондай-ақ, Елбасы алдағы қызметі жөніндегі жоспарларына тоқталды.

"Мен Елбасы ретінде стратегиялық мәселелерге көңіл бөлетін боламын. Қасым-Жомарт Тоқаев менің артқан үмітімді ақтайды деп сенемін", – деді Қазақстанның Тұңғыш Президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев елімізді жаңғырту жөнінде қабылданып жатқан шаралар, ең алдымен, жастарды қолдауға және олардың дамуына бағытталғанын атап өтті.

"Мен Қазақстанның болашағы жарқын болатынына сенемін. Ол үшін барлық жағдай жасалған. Кім бизнес ашқысы келсе, оған несие беріледі. Мамандығы жоқ болса, мемлекет оған жаңа кәсіптік білім береді. Мәселе жұмыстың жоғында емес, мамандықтың болмауында. Сонымен қатар, біз ауылдарды дамыту үшін көптеген бағдарламаларды жүзеге асырып жатырмыз", – деп түйіндеді Елбасы.

Сондай-ақ, Нұрсұлтан Назарбаев биыл елімізде теңдесі жоқ әлеуметтік шаралар қолға алынып отырғанын атап өтті. Республикада азаматтардың тұрмыс сапасын арттыру үшін түрлі бағдарламалар іске асырылуда. Сонымен бірге, Қазақстанның Тұңғыш Президенті қоғамда патерналистік түсінікке жол бермеудің маңыздылығына баса назар аударды.

"Кез келген ер адамның ар-намысы болуға тиіс. Бала тәрбиесі, ең алдымен, ата-ананың жауапкершілігі. Ал мемлекет ата-аналарды жұмыспен қамтып, балаларын асырауына жағдай жасауы керек", – деді Назарбаев.

Соңында Елбасы кездесуге қатысушыларға табыс тілеп, олардың жаңа белестерді бағындыруына ниеттестік білдірді, сондай-ақ барлығын Қазақстанның игілігі үшін еңбек етуге шақырды.

Ұсынған: Назерке Лабихан

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір