• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

27 Сәуір, 08:28:34
Алматы
+35°

07 Қыркүйек, 2018 NEWS

«Нұротандықтардың» қызмет бойынша өсуіне мүмкіндіктері бар

«Нұр Отан» - бастауыш партия ұйымдарының жұмысын жандандыру мақсатында жаңа тұжырымдама жобасын әзірледі

«Нұр Отан» - бастауыш партия ұйымдарының жұмысын жандандыру мақсатында жаңа тұжырымдама жобасын әзірледі. Жаңашылдыққа сәйкес бастауыш ұйым мүшелері қоғамдық өмірге, партия жұмысына белсенді қатысып, өзінің тың идеяларын ұсыну арқылы партиялық кадрлық резервіне еніп, "саяси лауазымдық"баспалдақ бойынша көтерілуіне мүмкіндік бар. Бұл туралы "Нұр Отан"партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев "Атырау мұнай өңдеу зауыты"БПҰ мүшелерімен кездесу барысында мәлімдеді.

Бүгінде мұнай өңдеу зауытында 1 800-ден астам жұмысшы болса, соның 1 200-ге жуық қызметкері "Нұр Отан"партиясының мүшесі. Мұнда жұмыс істейтін жастар партияның кадрлық резервіне кіріп, жұмыстан бөлек, қоғамдық жұмыстарға белсене араласып, БПҰ-ның жандандыру аясында берілген мүмкіндікті пайдаланып, қызметтік баспалдақ бойынша өсуді көздейді.

Нұр Отан

- Зауыттағы жұмысыммен қатар, партия мүшесі ретінде қоғамдық өмірге белсенді араласамын. Өңіріміздің өмірі жайлы үнемі хабардармын. Тұрғындарды толғандырған мәселелерді шешуге атсалысып, кейбір мәселелер бойынша өз ұсыныстарымды беріп, қалалық партия филиалы тарапынан талай рет қолдау таптым. Енді БПҰ-ның жұмысын жандандыру аясында партия белсенді мүшелерінің қызмет бойынша өсуіне мүмкіндік беруде, бұл жастар үшін үлкен ынталандыру, - дейді Атырау мұнай өңдеу зауытының операторы Ғалым Сағидолла.

Мәулен Әшімбаев мұнайшылар кездесу барысында 2018 жылғы 1 шілдедегі жағдайда бойынша республикамызда 1 млн.-нан астам партия мүшелерін біріктіретін 6 мыңға жуық бастауыш партия ұйымдары жұмыс істейтінін айтты. Бүгінгі күні «Нұр Отан» партиясы бастауыш партия ұйымдарының қызметін жандандыру тұжырымдамасының жобасы әзірленіп, оны жан-жақты талқылау басталып кеткен. Шымкент, Қарағанды, Павлодар қалаларында 800-ге жуық партия мүшесінің басын қосқан «Бастауыш партия ұйымдарының» форумдары өтті. Алқалы жиындарда жаңа даярланған тұжырымдама жобасына байланысты айтылған пікірлер, ұсыныстардың барлығы іріктеліп, жыл соңында Астанада өтетін бастауыш партия ұйымдарының республикалық форумында жарияланатын болады.

Нұр Отан

- Партияның ірге тасы, басты күші ол бастауыш партия ұйымдары. Қазақстанды үшінші жаңғырту аясында Елбасының бастамасымен қолға алған бағдарламалық құжаттардың, партиялық жобаларды жүзеге асыру жолында бастауыш ұйымдарының рөлі ерекше. Қазіргі күні партия қолға алған: ІТ-сыныптар мен ІТ-орталықтарын ашу, кітапханаларды, мектеп асханалары мен спорт алаңдарын жаңғырту бойынша жобаларды халық арасында насихаттау, түсіндіру жұмысына белсенді қатысуларыңызды күтеміз, - деді Мәулен Әшімбаев.

Сондай-ақ, Президенттің бес әлеуметтік бастамасының және жаңа партиялық жобалардың жүзеге асырылу барысын бақылау үшін Атырау өңіріне арнайы келген "Нұр Отан"партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары жаңадан бой көтерген жатақxананы аралады.

Нұр Отан

Елбасының бес әлеуметтік бастамасы аясында салынған ғимарат биыл қолданысқа беріліп, жүзден астам студентке баспана болуда.

- Жатақханада студенттердің алаңсыз тұрып және оқуы үшін барлық жағдай жасалған. Студенттермен, жас ұстаздармен әңгімелестік, олар жаңадан бой көтерген студенттер үйіне қолжеткізгеніне қуанышты. Ал, бұл Президент бағдарламасының жүйелі жүзеге асып жатқанының көрсеткіші. Бес әлеуметтік бастама нақты xалықтың әлеуқатын көтеріп, өзгеде әлеуметтік мәселелердің шешім табуына септігін тигізуде. Бұл бағдарлама тұрғындар тарапынан үлкен қолдауға ие, - деді Мәулен Әшімбаев.

Елбасының бес әлеуметтік бастамасының тағы бірі – шағын несие беруді көбейту. Осы бастаманың облыста қалай жүзеге асырылып жатқанын қадағалау үшін Мәулен Әшімбаев «Caspiy Lana Atyrau» ЖШС-і алаңында орналасқан «Бастау Бизнес» бағдарламасын оқытатын орталықта болды. Кәсіпкерлермен кездесу барысында «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары бастамасының маңыздылығына назар аударып, шағын және орта бизнесті қолдауға бағытталған партиялық жобалар туралы айтып, партия кәсіпкерлерді қолдау, қорғау бойынша жұмыстарды жалғастыратынын жеткізді.

Нұр Отан

Сондай-ақ, Мәулен Әшімбаев партия бастамасымен жүзеге асып жатқан «Үздік әлеуметтік жоба» байқауының аймақтық жеңімпазы, облыстық оңалту орталығында орналасқан «Мүгедек әлемі» қоғамдық бірлестігінің жұмысымен танысты. Қоғамдық бірлестік белсенділерімен кездесу барысында партия Төрағасының Бірінші орынбасары партия қызметін жаңғырту аясында мүмкіндігі шектеулі жандардың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған «Кедергісіз келешек» партиялық жобасын одан әрі жандандырып, тиімділігін арттыруды қолға алғанын атап өтті.

- Бұл жобаны жүзеге асыру барысында біз нақты төрт басымдықты анықтадық. Біріншіден, мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған кедергісіз орта қалыптастыру. Екіншіден, олардың инклюзивті білім алуларына ықпал ету. Үшіншіден, жұмысқа орналасуларына қолдау көрсету. Төртіншіден, осы салаға қатысты заңнамаларды одан әрі жетілдіру. Осылайша партия құр статистика үшін емес, мүмкіндігі шектеулі жандарға нақты көмек көрсетуді көздеп отыр, – деді Мәулен Әшімбаев.

Сонымен қатар, Мәулен Әшімбаев аймақтағы партия активімен кездесті. Келелі кездесуде Президенттің бес әлеуметтік бастамасының және жаңа партиялық жобалардың жүзеге асырылу барысына бақылау жүргізіп, атқарылған жұмыс барысы талқыланды.

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір