• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

24 Сәуір, 21:34:54
Алматы
+35°

18 Қыркүйек, 2018 Кәсіпкер

Нұрлының нұр жүректі бір ұлы

Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданы, Нұрлы ауылындағы “Нұрлы-Арасан” емдік сауықтыру орталығының ашылғанына біраз жылдар болды.

Сапар естелігі

Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданы, Нұрлы ауылындағы “Нұрлы-Арасан” емдік сауықтыру орталығының ашылғанына біраз жылдар болды. Оның негізін қалаған ғалым, кәсіпкер Райыс Әріпжанұлы. Райыс ағамен сонау 2000-жылдардың басынан таныс едім. Ол кезде біз Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің аспирантура бөлімінде білім алып жүрдік. Жатақханамыздағы ауылдастарына ақсары жүзді, орта бойлы, жүзінде үнемі күлкі жүретін, Ұлттық ғылым академиясының А. Бектұров атындағы химия ғылымдары институтының ғылыми қызметкері Райыс Әріпжанұлы келіп тұратын. Бірнеше мәрте дастархандас болып, мәнді де, мағаналы сұхбатына куә болғанымыз бар. Сондай бір кездесуде, өзінің осы Нұрлы ауылында ыстық бұлақ басынан шипажай ашуды ойлап жүргенін айтты. Сонда отырған азаматтардың біразы оның бұл ойын құп көрмей, өздерінің ой-пікірлерін қарсы қойды. Алайда, сабырлы да, биязы мінезді Райыс аға ыстық бұлақтың химиялық құрамын айтып, денсаулыққа шипалы екенін ғылыми негізде оларға түсіндіріп, иландырғандай болып еді. Ол кезде елімізде орта-шағын кәсіпкерлік енді ғана бас көтеріп келе жатқан, қиындығы мен тәуекелшілдігі аса жоғары болатын, сондықтан сауда-саттықпен айналысқаннан артыққа бармайтын азаматтар, кәсіп бастау дегенге келгенде мүлде тоқырап қала беретінді.

Арада біраз жылдар өткен соң, Райыс ағаның мақсатына жетіп, шипажай ашқанын естіп, азаматтың қайтпас қайратына іштей тәнті болдым. Десе де, бір сәті түсіп бара алмадым. Биыл тамыз айының орта шенінде тағы бір сыйлы ағамыз Райыс ағаның арасанына барып, отбасымен дем алып келгенін, ондағы ыстық минералды судың “рахатын” әңгімеледі. Бұл сөз менің санамның түбінде сонау жылдардан бері жатқан Райыс ағаның “Енді біраз жылдардан соң, сол орталыққа келетін боласыздар”-деген әзіл-шыны аралас сөзін есіме түсірді де, барып келуге шешім қабылдадым.  

Алланың  сәтін салған бір күні қайдасың Нұрлы деп тартып кеттім. Саяхаттан 600 теңгемен Шелекке жеттім. Келетінімді күні бұрын Райыс ағаға айтып қойған едім. Шелекке жеткен сәтте оған хабарластым. Ол өзінің Шелекте жүргенін, сол орнымда аз аялдай тұруымды өтінді. Шамалы уақыт өткенде ол да жетті, көлігінің ішінде бейтаныс бір ер мен әйел кісі бар екен. Мен қаншама жыл көрмеген Райыс Әріпжанұлымен қауқылдасып амандасып болған соң, ол қасындағы ерлі-зайыпты адамдарды: “туыстарым еді, азаматтыққа өтініш бергелі жатыр, сол үшін Шелекте бір сағат көлемінде жүреміз, қарсы болмасаң” - деді кішіпейіл түрде. Мен құп көрдім. Осылайша біз аудандық көші-қон басқармасына тарттық.

Райыс ағамен қасындағы толық денелі, еңсегей бойлы, ер кісі басқармаға кіріп кетті де, оның әйелі екеуіміз есік алдындағы саяда қалдық. Жасыратыны жоқ, осы бірнеше жылдан бері ең ыстық, күйіп тұрған тақырып - “Қытай және ондағы қазақтардың тағдыры”. Екі адамның басы қосылса, әсіресе, арғы беттен келген ағайындардың қаузайтыны осы. Біздің де әңгімеміздің  ауаны солай болды. Екеу ара әңгімемізден білгенім, бұл кісілер Райыс ағамен ешқандай туыстық байланысы жоқ екен. Тіпті, Қытайда жүргенде бір-бірін көрмеген кісілер. “Заман ақыр болғанда, әркім жақынын табады”-деген қазақы даналықтың бір дәлеліндей бұл кісілер Қазақстанға келгенде, “тіркеуге тұрғызамын, азаматтыққа өтулеріңізге көмектесемін”- деген бір туысы бұлардың қолда бар ақшасын алып, бірақ “қолы тимей” қалған. Сөйтіп уақыт өтіп, шекарадан шығып кетуге не бәрі бір-ақ ай уақыт қалғанда, әлгі туысы бұлардың қолдарына Қытай паспортын беріп, өздеріңіз бітіріп алыңыздар-деген де ғайып болған. Уақыттан да, ақшадан да қағылған әрі жылға жуық Қазақстанда жүрген бұлар қайтып Қытайға баруға дәт етпей, екі оттың ортасында қалады. Міне, осы кезде әлде кімдер оларға: “Бұған бір көмектессе, Райыс Әріпжанұлы көмек ете алады” - деп, осылай бағыттап жіберген екен. Жағдайдан хабар тапқан Райыс аға олардың барлық шығындарын өзі көтеріп Астанаға алып барған. Сонда неше күн жүріп, зорға дегенде жұмысын бітіріп, енді азаматтыққа керекті документін өткізіп отырған беті осы екен. Осыны айтқанда әйел кісі тебіреніп, көзіне жас алды. Біздің әңгімеміз аяқтала бере, жүздері жадырап, Райыс аға мен ер кісі басқармадан шықты. Бағанадан бері үнсіз, төмен қарап отырған кісі жүзі нұрланып, менің қолымды қысып: “інім танысайықшы, мен манадан бері жұмысым қалай болады деп есеңгіреп отырып, өзіңмен толық таныспадым”- деп ағынан жарылды. Аты-жөні Аманбай Ілебайұлы (өзгертіліп алынды/автор)

Шелектен шыққан соң, Нұрлы жаққа бет түзедік. Жол  татайдай тегіс, көлігіміз “қамшы салдырар” емес. Бағанағыдай емес, енді көлік іші жылылыққа, қуанышқа толы. Әңгімемізде әзілге қарай ауып барады. Бір сөздің кезегінде Аманбай Райыс ағаға қарап:

- Қайын аға, Алла разы болсын, бізге істеген жақсылығыңыз бала-шағаңызға қайтсын. Сіз бізге бұл өмірде аса үлкен жақсылық жасадыңыз. Оны не істесем де өтей алмаспын. Қалтамның түбі тесік болып, кірерге тесік таппай отырған пұшайман жайым тағы бар. Ер мойнында қыл арқан шірімейді ғой, өмірім болса өзім, болмаса балаларым өтер. Десе де, бір өтінішім болсын, мені қалағаныңызша жұмысқа шегіңіз, сонда қара күшім арқылы, Сіздің алдыңыздағы, қала берді өзімнің ар-намысым алдындағы міндетімді аз да болса өтермін-деді жанары жасқа тола отырып. Оның сөзін мұқият тыңдап отырған Райыс аға:

- Күйеу бала, бәрімізде Алланың құлы, адамның баласымыз. Қанымыз бір қазақпыз. Осындайда бір-бірімізге қол ұшын бермесек, несіне бауыр боламыз. Сенің ақшаңда қажет емес, өзіңнің бала-шағаң бар. Жаңадан келіп жатырсың, тұрақты жұмысың да, табысыңда жоқ. Сол үшін маған келіп бір неше ай жұмыс істе, менің үлкен алма бағым бар, сондағы жігіттерге көмектес. Бір жағынан өзің айтқандай ар-намысың алдында жеңілдік аласың, екінші жағынан жалақы алып, отбасыңды асырайсың-деді риясыз күліп. Сөз осымен тәмәм болды. Әділ шешім. Әйелі күре жол бойындағы автобус аялдамасынан жолаушылар көлігінен отырып өз үйіне кетті де, Аманбай жұмыс істейтін болып бізбен бірге Нұрлы ауылына тартты.

Нұрлы деп атын естігенім болмаса, келіп, көріп тұрғаным осы. Кезінде көркейген елді-мекен екендігін қаз-қатар салынған кілең қос қабатты үйлерден көруге болады.

- Нұрлыда бұрын болып па едің?- деп сұрады Райыс аға менің ойымды оқығандай.

- Жоқ, алғаш келуім.

- Кезінде құтты мекен болған екен. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары елі көшіп кетіп, құлазып қалыпты. Қайта, төңіректің төрт бұрышынан келген оралман ағайындар орта толтырып, күннен күнге көркейіп келеміз- деді бір түрлі сенімді үнмен.

Біз Нұрлыда 4-5 үйге соқтық. Бәрі де Райыс ағаның ағайын-туыстары екен. Райыс аға әркімнің үйіне бас сұғып хал-жағдайларын біліп шықты. Әлде біреулері ауырып қалғанын, енді біреулері үй ремонтына қажетті материалдың тапшылығын, тіпті тағы біреулері істемей қалған қол телефондарын да айтып жатты. Райыс аға оларға ақыл-кеңесі мен көмегін көрсетіп кетті. «Алматыдан шыққалы дәм татпаған боларсың, ас ішіп ал»,- деп, бір үйден ас беруді де ұмытпады. Қарап отырсаң, осы ауылдың ағасы да, жағасы да, отымен кіріп, суымен шығатын жалшысы да осы Райыс ағадай сезілді маған. Ешбір реніш, ұрсу, өкпелеу жоқ, бір қалыпты, сабырлы қалыппен бәрінің де жөн-жоралғысын айтып, көрсетіп кетті. Былай шыға маған қарап:

- Қытайдан еш туысымды қалдырмастан көшіріп алдым. Бір жеңгем бар еді, сол кісі аздап қиғылық салды. Содан мен оған: “Көшіп келмесеңіз, менің ренішім жоқ. Десе де, қолыңыздан қолхат беріңіз, менің Райысқа еш өкпем жоқ, келмеген өзім”-деп, сонда, мен ел-жұрттың алдында, марқұм ағамның аруағы алдында жүзім жарық болады - дедім. Содан ой түсті ме, ол жеңгемде көшіп келіп алды. Келген соң қолымыздан келгенше көмек көрсеттік -деді. Нұрлы ауылы мен “Нұрлы Арасан” арасы 9 шақырым жер екен. Жолын өз қаржысымен жөндегендей болыпты. Шағыл төсеп, ойлы-қырлы шұңқырын жамапты. Алайда әлі де жөндеуді күтіп жатыр. Үкімет тарапынан көмек болмапты. Оның да ұзын ырғасын жай әңгіме ретінде айтып өтті. Ешкімге реніш, нала жоқ, таза көңілмен баяндады. Көрген қиындықтарын да айтып, шағынған жоқ, әйтеуір бәріне де шүкіршілікпен, сабырлықпен қарайды екен. Менің ол кісіге қарап отырып байқағаным, осыдан 20 жылға жуық ілгері кездегі ақсары жүзді, қара шашты, ширақ жігіт қазір ақ самайлы, ашаң жүзді, дөңгелек қырма сақалды, басына қазақы тақиясын тастамайтын ел ағасы бейнесіне еніпті. Алла нәсіп етіп қажылыққа да барып қайтыпты. Онысын сөзі емес, ісімен дәлелдеп келеді.

Нұрлы-Арасан емдеу-сауықтыру орталығына келген соң, бірден маған бөлмемді көрсетіп, қажетті көрпе-жастықты өзі көтеріп келіп жайғастырды. Содан Арасанды аралатып, таныстырып та шықты. Дем алып жатқан адамдардың да хал-жағдайын сұрап, талап-тілектерін тыңдап, жақсы дем алуға тілектестігін білдіріп өтті. Бесін кезі еді, намазын өтеп алып, қайтадан Нұрлы ауылының сыртындағы алма баққа аттанып кетті.

Нұрлы-Арасаны тума табиғаттың тыныш бір құшағында орналасқан, айналасы саялы, жуық арада ауылда жоқ, ауасы таза, у мен шудан ада, санаң сергіп, көңіліп көтеріліп қалатын мамыражай мекен екен. Бассейн ашық аспан астында, қоршалған алаңқайда орналасыпты. Жер астынан бұрқырап шығып жатқан ыстық су бір арнадан асып, келесі арнаға құяды екен де, одан ары жылыстап ағып, ен даланың құшағына сіңіп кетеді екен. Алғашқы бассейн судың шыққан жеріне орналасқандықтан, ондағы судың температурасы 46 градустан төмен емес, ал оның қасындағы жапсарлас салынған бассейнде судың температурасы одан аздап төмен. Сол үшін келгендер алдымен екінші бассейнге түсіп, еті үйренген соң барып, бастапқы бассейнге түседі екен.

Арасанның тәртіп-ережесі үлкен бір баннерге қазақ және орыс тілдерінде жазылып, қабырғаға ілініпті. Онда минералды судың буын, жүйке, түрлі тері, жүрек-қан тамырлары және басқа да көптеген ауру-сырқауларға ем екендігі және ішуге, 10 минуттан артық түсуге болмайтындығы жазылыпты. Бассейннің айналасына ұзын орындықтар қойылыпты. Бір сәт соған отырып, дем алуыңа болады. Келіп түсушілердің қарасы қалың, әсіресе кеш бата келетіндер тіптен көп. Ақысы сағаты 200 теңге. Ал сондағы қонақүйде жатушыларға суға түсу тегін. Қонақ үйлері де түрліше, киіз үйлер, ішінде теледидары бар, ас үйі ортақ пайдалануға болатын бөлмелер және теледидары жоқ ортақ ас бөлмесі бар әдеттегі бөлмелерде бар екен. Бағасы тәулігіне мың теңгемен 2500 теңге арасында. Егер тамақты өзіңіз істеп ішкіңіз келмесе, асханадан тапсырыс беріп, ішуіңізге де болады. Асхананың бас аспазы Пәтігүл есімді келіншек асханасын таза әрі ретті ұстайды екен. Дайындаған асы да дәмді, бағасы да қымбат емес. Өзім кетер кеткенше осы кісінің түрлі асынан азықтанып тұрдым. Асхананың қасында дүкенде бар екен. Бір жағынан дүкенге қарайтын әрі келген қонақтардың ақшасын қабылдап тұратын Жомарт есімді жігіт те байсалды, адал жігіт екен. Бәріне де алғыстан басқа айтарым жоқ.

Ашық бассейннің қасында іргелес салынған жабық бассейн де бар екен. Оның ерекшелігі, әрбір шағын бөлмеге бөлініп, ішінде жеке кісілік шағын бассейін салынған. Демалатын төсек орындар мен бірге үстел, орындықтары да бар. Бұл бөлмелердің жалпы саны оннан артық. Бағасы сағатына 2500 теңге. Бұған келушілер көп емес. Ал асхананың арт жағында үлкен турбадан ағып жатқан ыстық су да бар. Оған түсем деушілерге тегін. Негізі ол да Райыс ағаның меншігі. Бірақ “Жапалақ жамбасына басып жейді, ақсұңқар айналаға шашып жейді”-дегендей бәрін алып жамбасына басудан сақсынып, жағдайы келмегендерге сый ретінде бөліп, жасаған қызметі. Бұл да Алладан қорыққан мұсылманның игі ісі. Ашық бассейннің қасынан тағы да бір жаңа бассейннің құрылысы жүріп жатты, Алла қаласа осы күзде пайдалануға берілер.

  Мен бұл жерде төрт күн болдым. Келіп-кетіп жатқан адамдардың қарасы да аз емес. Әр жақтан, арғысы Астана, бергісі Алматы облысының түкпір-түкпірінен келген адамдарды кездестірдім. Жасы да, үлкені де, ері де, әйелі де, бәрі бар. Қысқасы, бірнеше сағаттан, бір күнге одан ары үш күн, бір жұма, бір апта, он күн болып кете беретін секілді. Байқағаным, Арасанға дайындықпен келу керек екен. Азық-түлікті, жеміс-жидекті, көкөністі, ет-сүт өнімдерін де ала келу артықтық етпейді. Мұздатқышқа салып қойып, қалаған тамағыңды үйдегідей істеп ішуіңе жағдай жасалған. Мүмкін болса, отбасыңмен барған тіптен жақсы.

Бір-ер күннен соң Райыс аға бір топ кісілерді ертіп келді. Олар  сонау Шығыс Қазақстаннан келген қайын жұрты екен. Райыс аға ол кісілерді де қой сойып қонақ етті. Қонақасыға мені де шақырды. Ашық-жарқын мінезді адамдармен әңгімеміз жарасып кетті. Астан соң қонақтар Шелекке кетуге қамданды. Сөйтіп тұрғанда бір кісі келіп, Райыс ағадан көмек сұрады. Көлігі оталмай қалыпты, соны сүйретіп Нұрлыға жеткізіп беруді өтінді. Ешкімнің көңілін қалдыруды қаламайтын иман жүзді азамат кабинасына қонақтарын, тіркемеге әлгі кісінің көлігін алып, түнделетіп тартып кетті. Кетер сәтте: «-Қастер інім, жұмыс осылай, ренжіме. Жақсы дем алып қайтуыңа тілектеспін. Кемшіл тұстарымыз болса, айып етпе, қолың тисе, келіп тұрғайсың». - деп құшақтасып қоштасты. Мен ол кісілердің соңынан қарап, ұзатып салдым. Осылайша Нұрлының нұрлы жүректі ұлы туған- туысқандарының да, ел-жұртының да қамын ойлап, артқан жүгін арқалап, сүйенгенін сүйретіп, өмірдің өр кезеңіне өршіл рухпен өрмелеп бара жатты.              

  

Абай атындағы ҚазҰПУ

Елтану және туризм кафедрасының ұстазы

Қастер Сарқытқан

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір