• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

29 Наурыз, 09:37:10
Алматы
+35°

23 Қазан, 2018 Сұхбат

"Нұр Отан" партиясы жемқорлықпен қалай күресіп жатыр?

Қазір жемқорлықсыз мемлекет деп танылатын Жапония мемлекетінің жемқорлыққа қарсы саясаты қалай өрбиді?

«Нұр Отан» партиясы жемқорлыққа қарсы күрес процесінде қандай шараларды жүзеге асырып жатыр? Елбасының бес әлеуметтік бастамасының орындалуын қаншалықты бақылауда ұстап отыр? Партия Хатшысы - Қаныбек Жұмашевтың "Ерекше көзқарас" бағдарламасына берген сұхбатында сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жайлы әңгімелей отырып, «Нұр Отан» партиясының сыбайлас жемқорлыққа қарсы заң жобаларына өзгерістер енгізенін де айтып өтеді. Қазір жемқорлықсыз мемлекет деп танылатын Жапония мемлекетінің жемқорлыққа қарсы саясаты қалай өрбиді? Дамыған, дамушы мемлекеттердің осы бағыттағы тәжірибелері қандай?

Бармақ басты көз қысты әрекеттер неге тиылмай тұр? Жуырда елбасы Қазақстан халқына Жолдауында «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы белсенді күресуді» қатаң тапсырды. Президент пәрменін орындауды қолға алған билік партиясы келеңсіздікке тосқауыл қоя ала ма? Журналист Зейін Әліпбектің сұрақтарына Қаныбек Жұмашев жауап берді.

-Қазақстан биыл жемқорлық көрсеткіші бойынша 180 елдің ішінен 120-орынға тұрақтапты.  Осыған дейінгі жылдармен салыстырғанда оңды көрсеткіш? Дегенмен мақтануға тұрарлық па?

-Елбасы Қазақстан халқына Жолдауында жемқорлыққа байланысты нақты тапсырмалар берді. Бұған дейінгі Жолдауларында да Назарбаев осы мәселелерге айрықша тоқталып өтетін. Шынында, жемқорлық деңгейінің халықаралық есептеулерінде Қазақстан 2017 жылдың қорытындысы бойынша жағдайын жақсартты. Ол бекер емес. 180 мемлекеттің ішінен 122-орында тұру – әлдеқайда жақсы көрсеткіш. Сол тізімдегі әр мемлекетке берілетін бал бар. Дегенмен 2016 жылы 29 бал алса, 2017 жылы 31 бал алды. Бұл атқарылып жатқан шаралардың нәтижесі оң деген сөз. Халықаралық деңгейге зерттеушілердің айтуына қарағанда, Қазақстанда қабылданған заң жүзіндегі өзгерістер мен реформалардың әсері жақсы болған. Жемқорлықтың алдын алу бойынша «Нұр Отан» партиясының фракциясы заң жобаларына өзгерістер енгізіп, әсіресе бизнесті қолдау, әртүрлі рұқсат беретін құжаттардың санын азайту бағытында ірі Заң жобаларын қабылдады. Мұның бәрі жемқорлықты түйсінуді төмендетіп отыр. Индекстің өзі «жемқорлықты қоғамда түйсіну» деп атайды.

-Осы аптаның өзінде Қазақстанда бірқатар шенеунік пара алып ұсталды. Мұндай фактілер күнде қайталанып жатады. Елбасы халыққа жыл сайынғы Жолдауында сыбайлас жемқорлыққа қатысты қатаң тапсырмалар беріп келеді. Бірақ аузын араңдай ашқан шенеуніктердің ашкөздігі тыйылар емес. Мұның себебі неде?

-Кез келген нәрсені салыстырмалы түрде бағалай аламыз. Алысқа бармай-ақ, дамыған мемлекеттердің осы бағыттағы тәжірибелерін алып қарайтын болсақ, Жапонияны «жемқорлықсыз мемлекет» деп атауға әбден болады. Олардың жемқорлыққа қарсы саясаты қалай өрбиді? Олар ең бастысы «сенің еңбегің Жапонияның дамуы үшін» деген ұранды алға қояды. Жастарын әдет-ғұрыпқа, салт-дәстүрді құрметтеуге бағытталған тәрбиелер арқылы сыбайлас жемқорлыққа қарсы төзімсіздік ахуалды қалыптастырған. Жапон мемлекетінде шенеуніктер бұрыннан қоғамдық көлікпен жүреді. Олардың ар-ожданының тазалығы, моральдық ұстанымдарына ерекше көңіл бөледі. Егер қандай да бір бөлімде 5-6 адам жұмыс істейтін болса, бөлімнің ішіндегі олардың жауапкершілігі өте жоғары деңгейде. Сол себепті осындай жақсы үрдістерді өз қоғамымызда, мемлекеттік қызметімізде таратып, үйретіп, дәріптей білуіміз керек. Елбасы бұл мәселені әу бастан көтеріп келеді. Қандай да бір азамат жемқорлықпен ұсталған болса, алдымен оның басшысын жауапқа тарту керек. Осы бағытта шынайы жұмыстар атқарылса, жемқорлық азаюы мүмкін еді. Кез келген азамат мемлекетке қызмет жасай отырып мемлекетшілдігін, елжандылығын, адалдығын көрсете білу керек. Осы жағдайда ғана жемқорлықты азайтуға мүмкіндік туар еді.

-Осыларды бізге енгізу үшін қандай шараларды қолға алу керек? Үлгі аларлық үрдістер неге қалыптаспайды?

-Бүгінгі таңда мемлекеттік қызметшілер үшін этика кодексі, мемлекеттік заң белгіленген. Ол баптарда жауапкершілік деңгейі, марапаттау деңгейі – бәрі көрсетілген. Ең бастысы, меніңше, қоғамдық бақылауды күшейту керек. Жапонияда жоғары лауазымда отырған азаматтардың дүние мүлкіне қоғамдық бақылау ұйымдастырған. Оған барлық деңгейдегі азаматтық қоғам мүшелері тікелей  араласады. Бізде, өкінішке орай, қоғамдық бірлесу бағытында кемшін тұстар көп.

-Елбасы биылғы Жолдауында да сыбайлас жемқорлыққа қарсы белсенді күресуді қатаң тапсырды. Мұны «Нұр Отан» партиясы өз қолына алды. Осы бағыттағы жұмыс қалай жүргізіліп жатыр?

-Елбасының биылғы Жолдауында барлық шараға арналған арнайы ұлттық жоспар бекітілді. Жүзден аса шаралар жоспарланды. Осы орайда, «Нұр Отан» партиясының да жауапкершілігі бекітілген. Осы шараларды жүзеге асыру барысында «Нұр Отан» партиясының нақты тетіктері бар.

Біріншіден, сыбайлас жемқорлық жөнінде арнайы кеңестердің ұйымдастырылуы. Бұл кеңестердің жұмысына мемлекеттік органдарды тыңдап, олардың Жолдауды жүзеге асыруы бағытындағы жұмыстарын қарап, олардың арасындағы болуы мүмкін сыбайлас жемқорлық фактілер анықталса, тиісті мемлекеттік органдармен бірлесе отырып қараймыз.

Екінші мәселе, ішкі партиялық тәртіпті нығайту.  Мәселен, жыл сайын партиялық комиссияларды сыбайлас жемқорлық фактілерді жіберген, жол берген мемлекеттік қызметшілердің, партия мүшелерінің тәртібін қараймыз. 2017 жылы осы шара арқылы 313 партия мүшесін жауапқа тарттық. Оның 276-ы партия қатарынан шығарылды.

Үшіншіден, қоғаммен байланысты күшейту. Ол дегеніміз, БАҚ-пен тікелей байланыс әрі әлеуметтік желідегі әр түрлі болып жатқан фактілерді зерттеу, зерделеу шаралары. Бізде 240-тан астам қабылдау бөлмелері бар. Сол жерге келген азаматтардың өтініштерін зерделеу арқылы да жұмысты күшейтеміз.

-Бүгінде шенеуніктердің табысын жариялау бойынша қандай жұмыстар жүріп жатыр?

-Әрине, шенеуніктің жыл сайынғы декларациясында табыс көздері нақты көрсетіледі. Жылжымалы, жылжитын табыстары көрсетіледі. «Өз табысыңды анықтап, көрсет» деген акция «Нұр Отан» партиясының бастамасымен соңғы 5-6 жылда жүзеге асып келеді. Лауазымды тұлғалар табыстарын көрсетіп, жариялап отыр. Бұл жыл сайын жүзеге асырылады. Оның қарқыны бәсеңсіп қалғаны рас. Алайда алдағы уақытта қолға алатын боламыз. Шынында, әр азаматың жеке іс-әрекеті болуы керек.

-Кезінде жемқорлыққа қатысы болып, жазасын өтеп шыққан лауазым иелері бостандыққа шыққаннан кейін де белгілі бір қызметтерді атқарып жатады?

-Жемқорлыққа қарсы істі болып, жазасын өтеп шыққан кез келген азамат еңбегін жалғастыруға құқылы. Ол мемлекеттік қызметтен заңды түрде шеттетілмесе, оған ешкім қарсы келе алмайды. Шынында, «Нұр Отан» партиясының мүшелері ретінде қарасақ, жемқорлықпен істі болған азамат партия қатарынан шығарылады.

-Жоғары лауазымды министрдің орынасары пара алу кезінде ұсталса, министр отставкаға кету керек пе? Мүмкін бізге осындай қатаң шаралар қолдану керек шығар?

-Мемлекет басшысының да меңзеп отырғаны сол. Министрдің тікелей өзіне бағынышты орынбасары жемқорлықпен ұсталса, министр арыз жазып, отставка беру керек. Ал сол отставканы қабылдау-қабылдамау – Елбасының құзырында.

-Енді осы тетікті қалай жүзеге асыру керек? Заңға өзгеріс ене ме?

-Заңды түрде жасауға болады. Мемлекеттік қызмет туралы немесе мемлекеттік қызметшінің ар-ожданы туралы заңда реттеледі деп ойлаймын.

-Президент өз Жолдауында, әсіресе, мемлекеттік аппаратты сынады.

-Мемлекеттік аппараттың жұмысындағы қағазбастылық, бюрократизм сынды дүниелерді бұған дейін де ескерткен. Қарапайым мемлекеттік қызметшілердің тарапынан арыз-шағым түскен кезде де байқаймыз. Бітпейтін жиналыс, функциясына сәйкес келмейтін тапсырмаларға байланысты...

-«Нұр Отан» партиясы «7-20-25» бағдарламасы аясының басы қасында жүреді. Шыны керек, бұл бағдарлама қазір өз деңгейінде жүріп жатқан жоқ. Тіпті Жолдауда «1 бөлмелі пәтердің құны қанша тұрады?» деген Елбасының сауалына жауап бере алмаған Ұлттық банк төрағасы, атқарушы билік осы ипотекалық бағдарламаны қалай жүзеге асырмақ?

-Шынында, Елбасының 5 әлеуметтік бастамасы жарияланған күннен бастап «Нұр Отан» партиясы республикалық  қоғамдық кеңес құру жөнінде бастама көтеріп, қоғамдағы белсенді топтарды біріктірдік. Бірауыздан осы бастаманы қолдап кірісіп те кеттік. Осы орайда бірнеше топ құрылды. Арнайы жұмысшы топты мен басқардым. Осы топ аясында көптеген өңірлерді аралап, несие алушылармен, банк өкілдерімен, бизнес салысындағы азаматтармен сөйлестік.

-Сонда кінәрат кімде болып тұр?

-Бұл жерде объективті я субъективті себептер бар. Ең бірінші, бағдарлама аясында тек жаңадан салынған бірінші дәрежедегі пәтерлер есепке алынады. Бағдарламаны жария еткен соң қай қалаларда, қай өңірлерде тұрғын үй саласы қарқынды жүріп жатса, сол қалалар, сол өңірлер ала басып кетті. Ал қай аймақтарда құрылыс жүрмей жатса, солар кенже қалып отырды. Мәселен, Алматы, Астана, Маңғыстау облысындағы Ақтау қаласында қарқынды жүріп жатқан құрылыстың жартысын «Нұрлы жер» бағдарламасына, жартысын «7-20-25» бағдарламасына көшіруге мүмкіндік болды. Оның аясында, көптеген азамат тұрғын үй алды. Ал СҚО, Павлодар облыстарында, қаласында несие алушылар саны өте төмен. Себебі жаңадан салынып жатқан үйлер аз. Бұл – объективті себеп.

Ал субъективті себебінде қала әкімдері, облыс әкімдері өздерінің нақты жол картасын жасамайды. Осы тұрғыда несие алушылардың нақты санын шығаруға әрекет ету керек еді. Біздіңше, ол кезекке тұрған азаматтардан шығады. Қазақстан бойынша 360 мыңнан астам азамат кезекте тұрады. Яғни, дұрыс мән бермеген. Әрбір өңір әкімі «7-20-25» бағдарламасына қатыса алатын азаматтардың тізімін жасау керек. Осы тізім арқылы сол қалада немесе ауданда инфрақұрылым әрекетін іске асыру керек. Осынша адамға қажетті үй салу керек деген тапсырма берілуі тиіс.

Жаңа бағдарламада несие алушы мен несие берушінің арасында дәнекерлік жоқ. Шын мәнінде, әкімдердің рөлі маңызды. Зерттеу, зерделеу, бизнес өкілдерімен жұмыс жасау – тікелей сол әкімдердің мойнында.

-Үкімет отырысында республикалық бюджеттің игерілуі де талқыланды. Сонда 47,1 миллиард теңгенің игерілмегені анықталды. Осы мәселеге қатысты «Нұр Отанның» ұсыныстары бар ма?

-Біздің партияның парламент мәжілісіндегі депутаттық фракциясы ұдайы бұл жұмыспен айналысып отыр. Өкінішке орай, қаржының игерілмеуі жыл санап тоқтамай отыр. Ең басты себеп – бюджетті жоспарлау кезінде жіберілген кемшіліктер. Мәселен, артық міндеттемелер алу, артық қаржыларды сұраныс беру, жобалық сметалық құжаттарды дайындауда жіберілген қателіктер, қаржы бөлу. Осылардың бәрі сайып келгенде, қаржының дұрыс игерілмеуіне әкеліп соғады. «Нұр Отан» партиясының депутаттық фракциясы ұсыныстар берді. Қазір бюджетті жоспарлау деңгейіндегі жауапкершілікті арттыруымыз керек. Барлық мемлекеттік органдар тарапынан. Ірі жобалардың барлығының сметалық құжаттары тексерлуі керек. Мәселен, бір өңірдегі бірдей сыйымдылығы бар мектептердің қаржылық деңгейі неге әртүрлі? Біздің ұсыныс – жоспарлау уақытында белсенділікті арттырып, ашықтықты жариялап, әрбір тиынның дұрыс бағытқа жұмсалуын қадағалау керек. Ең бастысы, әртүрлі бюрократиялық кедергілерді жою керек.

-Тағы бір маңызды мәселе – ел экономикасының нақты секторларын еселендіру. Өкінішке орай, мұнда да жемқорлықтың ұшы көрініп тұрады. Бұған қатысты «Нұр Отан» не дейді?

-Орта және шағын бизнесті дамытуға байланысты қоғамдық бақылауды Елбасының 5 әлеуметтік бастамасы аясында жүзеге асырып отырмыз. Биылдың өзінде жоспарланған қаржының игерілуінде кемшіліктер бар. Мәселен, бес әлеуметтік бастаманы қадағалау жөніндегі қоғамдық кеңесте осы мәселе айтылды. Оның ішінде, ауыл шаруашылығы саласына бөлінген екі жақты несиелендіру 32 пайызға ғана игерілгендігі айтылды. Ал қаладағы бизнесті дамытуда игерілудің қарқыны төмен. Тіпті 40 пайызға да жетпейді. «Нұр Отан» арнайы ұсыныстарын жолдады.

-Себептері неде? Неге жетпей жатыр?

-Мұнда объективті себеп ретінде қаржыландыру көздерінің аймақтарға кеш жетуі. Шағын бизнес өкілдерінің құжаттарының толық болмауы, дұрыс рәсімделуі, белсенділігінің төмендігі – объективті себептер. Ал субъективті жағдай, тағы сол әкімдіктің тарапынан жіберіліп отырған қателік. Құжаттандыру, түсіндіру жұмыстарының болмауы. Кей моно қалалардың өзінде шағын несие алуға азаматтардың мүмкіндігі бар, алайда қалай алу керек, кімге арыз жазу керек, ол жағынан хабарсыз. Яғни ақпараттандыру мәселесі кенже қалып отыр.

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір