• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

18 Сәуір, 06:06:03
Алматы
+35°

10 Қазан, 2018 Саясат

«Нұр Отан» мен Жазушылар одағы ынтымақтастық құжатына қол қойды

Бүгін Мәулен Әшімбаев Қазақстан Жазушылар одағының мүшелерімен және еліміздің зиялы қауым өкілдерімен кездесті.

Бүгін «Нұр Отан» партиясының Орталық аппаратында партия Төрағасының Бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев Қазақстан Жазушылар одағының мүшелерімен және еліміздің зиялы қауым өкілдерімен кездесті. Соның нәтижесінде партия мен Жазушылар одағы арасындағы өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.

Жалпы Мемлекет басшысының тапсырмасымен «Нұр Отан» партиясы қашанда зиялы қауымға, ақын-жазушыларға, мәдениет пен өнер саласында тер төгіп жүрген барша азаматтарға қолдау көрсетіп келеді. Жиында осы жұмыстардың алдағы уақытта да өз жалғасын табатыны айтылды. Сол себепті аталған меморандум аясында алдағы жұмыстың басым бағыттары айқындалды. Бұл ретте партия ақын-жазушыларды қолдау мақсатында төрт бірдей жоба ұсынып отырғанын атап өткен жөн.

Нұр Отан

Яғни партия жас ақын-жазушыларымызды қолдау, оларды ынталандыру мақсатында «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында арнайы байқау өткізуді ұсынып отыр. Сол арқылы аталған бағдарламаның мәні мен маңызын және оның құндылықтарын кеңінен дәріптеу және жас ақын-жазушыларға жүйелі түрде қолдау көрсету көзделген. Екінші жоба – «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру аясында Жазушылар Одағымен бірлесіп «Астана» телеарнасынан көрсетілетін арнайы телебағдарлама дайындау. Үшінші жоба – қазіргі заманғы технологиялардың көмегімен YouTube-те арнайы канал ашып, рухани жаңғырудың құндылықтарын насихаттайтын, идеологиялық, тәрбиелік, ағартушылық маңызға ие, ұлттық кодты сақтап, білімге деген құштарлықты арттыруға үлес қосатын бастамаларды жүзеге асыру. Төртінші жоба партиялық бастамалар аясында жаңғыртылған еліміздегі кітапханаларда ақын-жазушылармен кездесулер, түрлі шығармашылық кештер өткізетін арнайы клубтар құру.

– Бұл жобалардың барлығын жас ақын-жазушыларымызға беріліп отырған мол мүмкіндік деп есептейміз. Сондықтан осы мүмкіндікті тиімді пайдаланып, алға қойған мақсаттарымызға жету үшін бірлесіп жұмыс істейік, – деді Мәулен Әшімбаев.

Іс-шараға Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет, «Мирас» республикалық кеңесінің төрағасы, Мәжіліс депутаты Бекболат Тілеухан, драматург, жазушы Төлен Әбдік, жазушы Алдан Смайыл, Мәжіліс депутаты Сауытбек Әбдірахманов, ақын Бауыржан Қарағызұлы және басқа да қаламгерлер қатысып, көтерілген мәселелер бойынша өз ойларымен бөлісті.

Сонымен қатар жиын барысында Елбасының «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында көрсетілген міндеттердің маңызы кеңінен талқыланып, халыққа түсіндіру жұмыстарын бірлесіп атқару жайы да сөз болды.

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір