• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

23 Сәуір, 19:01:49
Алматы
+35°

14 Қараша, 2018 Аймақтар

«Нұр Отан» бастауыш партия ұйымдарының қызметін жандандыруды қолға алды

Алғаш рет өткізіліп отырған іс-шараға еліміздің әр өңірінен келген 600-ден астам делегат қатысуда

Бүгін «Нұр Отан» партиясының бастауыш ұйымдарының республикалық форумы өз жұмысын бастады. Алғаш рет өткізіліп отырған іс-шараға еліміздің әр өңірінен келген 600-ден астам делегат қатысуда.

Ауқымды жиынның басты мақсаты – бастауыш партия ұйымдарының қызметін жандандырудың тиімді жолдары мен тетіктерін талқылау. Жиынның ашылуында «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев барша қатысушыларға сәттілік тілеп, Форумның маңызына тоқталды.

Нұр Отан

– Елбасы бізге партия қызметін жүйелі жаңғыртуды тапсырғанын білесіздер. Бастауыш партия ұйымдарының тиімділігін арттыру – сол жұмыстың басты бағыттарының бірі. Сондықтан соңғы айларда осы салада айтарлықтай жұмыстар атқарылып, Шымкент, Қарағанды, Павлодар және Ақтөбе қалаларында бастауыш ұйымдардың төрт бірдей аймақтық форумы өтті. Соның қорытындысы ретінде бүгін республикалық Форумда бас қосып отырмыз. Осындай игі бастамалар бастауыш партия ұйымдарының жұмысын заман талаптарына сай жетілдіріп, олардың тиімділігін арттыра түсетіні сөзсіз, – деді Мәулен Әшімбаев.

Нұр Отан

Сондай-ақ партия Төрағасының Бірінші орынбасары Форум барысында айтылған өзекті пікірлерді әр нұротандық тиімді пайдалану керектігіне назар аударды.

– Бүгінгі іс-шараны спикерлердің монологы деп емес, тәжірибе алмасатын, өздеріңізді толғандырып жүрген сауалдарға жауап алатын, өз ұсыныстарыңыз бен ойларыңызды жеткізетін пікір алмасу алаңы ретінде қарастырған абзал. Сондықтан баршаңызды ашық және еркін диалогқа шақырамыз. Өйткені мұндай жиында жаңа әдіс-тәсілдер үйреніп, тәжірибе алмасып, жұмыс тиімділігін арттырудың жолдарын саралап, сараптауға мол мүмкіндік бар, – деді Мәулен Әшімбаев.

Нұр Отан

Сонымен қатар Форум жұмысына Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов, Қоғамдық даму министрі Дархан Қалетаев, Денсаулық сақтау вице-министрі Ләззат Ақтаева, Білім және ғылым вице-министрі Асхат Айтмағамбетов және Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Нұржан Әлтаев қатысып, Елбасының 5 қазандағы Қазақстан халқына Жолдауы мен Қазақстан Республикасы Президентінің Бес әлеуметтік бастамасын іске асыру шеңберінде бастауыш партия ұйымдарының қызметін жандандыру мәселелеріне қатысты өз ойларымен бөлісті.

Екі күнге жалғасатын Форумның бірінші күнінде панельді сессиялар өтті. Онда партиялық жұмыстың халықаралық тәжірибесі, бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілердегі жұмыстың заманауи технологиялары, партиялық кадрлық резерв қалыптастыру, бастауыш ұйым жұмысын бағалау жүйесі және тағы басқа да көптеген мәселелер талқылануда. Спикерлердің арасында шетелдік сарапшылар мен Парламент депутаттары да бар.

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір