• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

26 Сәуір, 19:33:42
Алматы
+35°

Зәуре Щелль есімді қазақ қызы осыдан 15 жыл бұрын норвег жігітіне тұрмысқа шығып, Норвегияға көшіп кетті. Екеуінің Аллан, Едвард есімді екі баласы бар. Балалардың жасы 12-де. Отбасымен Қазақстанға қонаққа келіп тұрады. Жақында Зәуре қайын жұртымен әкесінің 70 жылдық мерейтойын атап өту үшін Қазақстанға келді. Зәуренің қазіргі жағдайын, Норвегиядағы өмірімі және отбасылық күйі жайлы білу үшін оны әңгімеге тартқан едік.

Зәуре Щелль

Алматы қаласында дүниеге келдім. Ата-анам ол уақытта Алматыда жұмыс істейтін. Одан кейін Алматы облысына көштік. Орта мектеппен қатар музыкалық мектепте оқыдым. Фортепианода ойнағанды, ән айтқанды жақсы көретінмін. Мектепті бітіргеннен кейін музыкалық училищиге түстім. Алматыдағы Чайковский атындағы мектепте жұмыс істедім. Әкем инженер, анам акушер-гинеколог. Үйдің үлкенімін. Екі сіңлім мен екі інім бар. Ары қарай үй, жұмыс, жұмыс, үй. Қатарластарым тұрмысқа шығып жатты. Саған да отбасын құру керек екенін түсінесің. Туыстарың да қысым көрсете бастайды. «Кәрі қыз болып қаласың» деп үнемі ескерту жасайды. Мұндай қысымнан кейін депрессияға түсе бастайсың. Дереу өзімді қолға алып, өзімді дамытумен айналыстым. Осыдан кейін тұрмысқа шығу мәселесі бұрынғыдай қатты толғандырмайтын болды. Сол кезде жақсы адамды кездестірдім.

Күйеуіммен интернет арқылы таныстық. Ол уақытта мұндай таныстық түрі енді-енді пайда бола бастаған. Бастапқы кезде мұндай қарым-қатынас түріне сыни көзқараспен қарадым. Бірақ ойлана келе, бұдан не жоғалтамын деген ой келді. Қазақстанға келгісі келсе келсін, танысып көрейік, бетпе-бет кездескеннен кейін көре жатармыз, деп ойладым. Бір-бірімізге сай келеміз бе, жоқ па, сонда белгілі болады.

Бір көргеннен ұнатып қалдым. Өзін жақсы ұстайды, өте тәрбиелі. Артық сөзі жоқ. Өз жасы үшін өте салмақты. Бірден отбасын құрамыз деген ой болмады.

Жасым 31-де дегенде сеніңкіремеді. Өз жасымнан жас көрінетінмін. Екеуіміз құрдас болдық. Еуропаның стандарты бойынша 31 жас отбасын құру үшін ерте болып есептеледі.

Ол да мені өз еліне қонаққа шақырды. «Қалай тұратынымыды көресің, ата-анаммен танысасың» деді. Мен келістім. Екі апта Норвегияда болдым. Бірден ата-анасымен, туған-туыстарымен таныстым. Сол кезде оның барлық жақынымен таныстым. Норвегияның көрікті жерлерін аралатты. Екі апта осылай өтіп кетті. Қайтатын уақыт келгенде ол маған тұрмысқа шығуға ұсыныс жасады. Ол маған қатты ұнағандықтан ұсыныс жасағанда көп ойланбадым.

Қазақстанға келіп бірден виза жасатумен айналыстым. Бәрі дайын болғанда Норвегияға кетіп қалдым. 31 жасымда тұрмысқа шықтым.

Ата-анам өте заманауи адамдар. Шетелдікке тұрмысқа шыққаныма қарсы болған жоқ. «Тек қазаққа ғана тұрмысқа шығасың» деген бұйрықтар болмады. Олар тек менің бақытты болғанымды қалады. Жұбайым мені шын сүйсе, сыйлап, бағаласа болғаны.

Ал күйеуімнің ата-анасы мұндай некеге сыни көзбен қарады. Әсіресе анасы. Олар Қазақстанды Ресеймен байланыстырады. Оның үстіне орысша сөйлесең бірден олардың көзіне ресейлік секілді көрінесің. Олардың ресейліктер туралы ойы төмен. Соған қатысты жағдайлар болған. Мен бүге-шүгесіне мән бермедім. Бірақ ол көреген әйел. Жақсы қарсы алды, жылы қабылдады. Баласының таңдауына сыйластықпен қарады.

Қазақ қоғамы тарапынан негативті пікірлер мен кінәлаулар болмады. Туыстарым мен достарым тарапынан ешқандай сыни көзқарасты байқамадым. Қалай болғанда да жеке өз басым естімедім де, сезбедім де.

Күйеуім, ол уақытта жігітім сұрады «Той болғанын қалайсың ба?» деді. «Мен үлкен той өткізудің қажет жоқ. Тек заңды түрде некеміз қиылса болды» дедім.  Ол қатты таңғалды, бірақ менің шешіміме қарсы болмады. Десек те өзіне де маған да той киімін сатып алды. «Екеуіміз тек қол қоюға барсақ та, достарыңды, туыстарыңды шақыр. Қалай дегенмен де бұл салтанатты шара ғой» деді. Осылайша некемізді қидық.

Күйеуім Қазақстандағы тойларға көп келмейтін. Тек бізді қонақтарға шақыратын. Соларға бардық. Енді осы жолы әкемнің 70 жылдығын атап өткендіктен барлық отбасымызбен келдік. Ол барлық туған-туыстарды айтулы шараға шақырды. Оның ішінде құдалар да бар. Мен қайын жұртыма әкемнің дұғай сәлемі мен шақыруын жеткіздім. Олар Еуропадан шықпаған. Сондықтан Қазақстандағы қауіпсіздік мәселесі қатты толғандырды. «Қазақстан тыныш ел ме?», «Онда қауіпсіз бе?» деген секілді сауалдар болғаны рас. Қазақстанда тұратын басым халық мұсылман екеніне де біраз сескеніп, шетелдіктерге қырын қармай ма деген қауіп болды. Қазақстан қауіпсіз ел екенін және еш қорықпастан елге қонақ ретінде келуге болатынын түсіндірдім. Олар Қазақстанға келіп, әкемнің 70 жасқа толуын бәріміз бірге тойладық. Күйеуім, оның ағалары бала-шағасымен, ата-енем тойға келді. Қазақ тойшыл халық қой әрі туған-туыстар бір-бірімен етене жақын араласады. Оларға бұл үрдіс қатты ұнады. Қайын жұртым қатты таңғалды. Себебі Еуропада туыстар бір-бірімен дәл біз секілді жақын араласпайды. Тіпті туған бауырлар да бір-біріне суықтау.

Қазақстанға келіп қазақтардың туыстық қатынасқа үлкен мән беретінін, бір-бірімен жылы қарым-қатынас орнатып, бала-шағасының барлығын танитынымызды, отбасылық, туыстық құндылықтарды жоғары бағалайтынымызды тәнті болды. Осы кезде жеңгемнің айтқаны есіме түсіп отыр. «Білесің бе, бізде адамдар бір-біріне суықтау. Қазақстанда адамдар ашық, мейірімді, қонақжай екен» деген еді. Менің ойымша оларға Қазақстан ұнады.

Қазақстанда он күндей болдық. Мұнда тыныш, қауіпсіз екеніне көз жеткізді. Бір елде көптеген ұлт, дін өкілдері мен мәдениет бір қазанда біте қайнасып жатқанына таңғалды. Біздің менталитет менің солтүстікте туып-өскен күйеуімді жұмсартқандай болды. Нағыз қазақтың күйеу баласына айналды. Тойда жүгіріп жүрді, барлық шаруаға қолғабыс етті, көмектесті. Қонақтардың тілін табуға тырысты. Онымен салыстырғанда қазақ күйеу балалар дәл бұлай көп шапқыламады. Балаларым да қазақ пен орыс тілін үйрену үшін белгілі бір уақыт Қазақстанда тұрғысы келетінін айтты. Олар екі тілді де жетік меңгергісі келеді. Қазақстанда тілге жетік мән беретін жақсы мектеп тауып, тұруға болады. Бұл тұста ешқандай мәселе жоқ. 

Егіз балам бар. Жастары 12-де. Есімдері Аллан мен Едвард. Оларды қазақша махаббатпен тәрбиелеймін. Оларды қазақша еркелетемін. «Айналайын», «жаным» деген секілді жылы сөздерді естіп өсіп келеді. Балаларым болашақта өз балаларын да дәл осылай тәрбиелегісі келетінін айтады. Отбасымызбен норвег тілінде сөйлесеміз.

Қазақтың салт-дәстүрін ұстанамын. Балаларымды піштірмесем де, олардың тұсауы кесілді. Анам жиендерінің тұсауын өзі кесті. Анам ата-енеме осындай дәстүр бар екенін көрсеткісі келді.

Мен қазақтың ұлттық тағамдарынан бастап, Қазақстанда дайындайтын барлық асты жасаймын. Ет асамын, палау басамын, манты түйемін, лағман созамын. Отбасым бұл тамақтарды сүйсініп жейді. Норвегияда азық-түліктің дәмі кішкене басқаша. Сондықтан тамақтар дәл Қазақстандағыдай болмайды бәрібір. Қазақстанда келгенде өзіміздің азық-түлікпен Норвегияда дайындап жүрген өзіміздің тамақтарды бабымен пісірім беріп едім, қайын жұртыма өте қатты ұнады.

Қазаққа тән үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсету секілді әдепті қатаң сақтаймын. Оларда бұл жағы осалдау. Сондықтан ата-енемнің сүйікті келінімін.

Қазір тұрып жатқан Норвегия туралы қысқаша айтып өтер болсам, Скандинавиялық түбек бұрын КСРО құрамында болған. Қазақстан да бұрын КСРО-ның құрамында болғандықтан шет-жағасын біледі. Норвегия – демократиялық ел. Үкімет халықтың пікіріне үнемі құлақ асады. Оларда салт-дәстүр біздікі секілді көп емес. Егде кісілер болмаса жастар қазір салтқа онша мән бермейді. Үлкендерді құрметтеу, туған-туыспен араласу жағы ақсайды.

Мен тұрмысқа шыққанда норвег тілін білмедім. Норвегияға көшкеннен кейін тілді үйрене бастадым. Тіл үйренуде ешқандай қиындық болмады. Тілді тез үйреніп алдым. Себебі бізде ұқсас сөздер мен әріптер көп. Норвегияда тұратын қазақстандықтардан естіп, білгенім бойынша, олар норвег тілін үйреніп дәл норвег секілді сөйлейтін дәрежеге жеткендер бар.

Assem Almuhanbet

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір