• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

20 Сәуір, 04:11:02
+35°

22 Қазан, 2018 Әлеумет

Неменеге жетісесің, БЗЖҚ батыр, теңгеміз құнсызданып бара жатыр

Сол тәрізді Әзірбайжанда ең төменгі зейнетақы $200. Беларус елінде $186.

Алдағы бес жылда елдегі зейнетақы қорындағы қаражатты ұтымды ұқсата алмасақ, зейнетақы жүйесі қауіпті бола бастайды. Қазір Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорында 9 трлнға жуық теңге бар. Әрине, бұл қаржы қорда текке жатқан жоқ. Аталмыш қаражат экономиканың белгілі бір салаларын қолдауға жұмсалып тұрады. Мәселен, былтырғы жылы зейнетақы қорынан 50 млрд теңге алынып,  теміржол саласын жаңғыртуға жұмсалса, биыл қордан 300 млрд теңге көлемінде қаржы экономикалық жобаларды қаржыландыру мақсатында екінші деңгейлі банктерге берілмек.

Негізінен зейнетақы қорындағы қаржы бос жатпай, белгілі бір салаларға инвестиция ретінде бөлініп,  табыс табуы тиіс. Бұл әлемдік тәжірибеде бар дүние. Десек те, мамандар зейнетақы қорында жинақталған қаржыны дұрыс жұмсауды тиісінше меңгере алмай отырғанымызды  алға тартты.

Экономика ғылымының докторы,  профессор Жаңабай Алдабергеновтың айтуынша, азаматтардың өз болашағын ойлап жинақтаған 10 пайыздық жарнасы дұрыс ұқсата алмаудың нәтижесінде инфляцияға желініп жатыр.

«Болашақта қандай да бір дағдару кезеңі орын алса, халықтың зейнетақы қорына жинақталған қаржысының құны кеміп, бар-жоғы 45 пайызы ғана қалуы мүмкін. Қазір қорда жинақталған қаражат инвестицияға жарап, табыс әкеліп отырудың орнына өзінен-өзі кеміп, қымбатшылық салдарынан құнын жоғалтты. Алдағы бес жылдың көлемінде біз бұл мәселені қолға алмасақ, жағдай қиын болады. Мысалы, бізде жинақталған зейнатақы активтері мемлекеттік бағалы қағаздарға, шетелдік және мемлекеттік емес бағалы қағаздарға, шағын бизнесті қолдауға, банктердегі депозит нарығына, қазақстандық бағалы қағаздар нарығына жұмсалады. Бұл ұстанған бағыт қауіпті. Бұдан түсетін табыс инфляция көрсеткішінен де төмен. Бізде зейнетақы активтерін ұтымды жұмсау жүйесі қалыптаспаған. Қордағы қаржыны екінші деңгейлі банктерге беру де аса пайда әкелмейді. Қаржы расымен де экономикалық жобаларды, оның ішінде отандық өнім өндірушілерді қолдауға сауатты жұмсалса жөн болар еді»,-деді экономист-ғалым Жаңабай Алдабергенов.

Экономист-ғалымның байыптауынша, зейнетақы жүйесіндегі қаржы ең соңғы дайын өнім өндіретін салаға жұмсағанда ғана  жемісін беріп, табыс әкелетін болады. Бұған қатысты маман қордағы қаражаттың белгілі бір бөлігін ауыл шаруашылығы саласына бөлгенімізде табысты еселеуге болатынын айтты.  

«Біз қазір ауыл шаруашылығы саласына салалық банктерді апара алмай әуре болып жүрміз. «Агробанктер құрылуы керек» деген ұсыныстар ескерілмеді. Тіпті кейбір экономист-ғалымдар ауылға арзан несие беретін банктерді апару керек екенін айтып қалады. Өз басым, шаруаны несиеге байлап пайда таппаймыз дер едім. Қазір ауыл шаруашылығы кооперативтерінің 70 пайызы арзан несие алып оны қайтара алмай жүр. Осыны ескере отырып, зейнетақы қорындағы қаражаттың бір бөлігін ауыл шаруашылығын жаңғыртуға қатысты жобаларға бөлген жөн деп ойлаймын. Себебі халықты азық-түлікпен қамтамасыз ететін негізгі сала ауыл шаруашылығы. Ет, сүт өнімдерін алу, оны экспортқа молынан шығару жүйесі жетілу үшін бұл сала әрдайым қолдауды қажет етеді. Ең соңғы дайын өнімге дейін жұмыс істейтін сала болғандықтан осы салаға түскен қаржы өзін-өзі ақтап, пайда әкеледі»,-деді Жаңабай Алдабергенов.

Жалпы,  біздегі зейнетақымен қамсыздандыру жүйесі 1998 жылдан бастау алды. Сол жылы елімізде Жинақтаушы зейнетақы қорлары құрылып, елдегі еңбек ететін азаматтардың барлығы тапқан табысының 10 пайызын аталмыш қорға жинақтап келді. Артынша 2013 жылы Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры құрылды да, барлық жинақталған зейнетақы жарнамыз сол жаққа аударылды.

Мамандар «біздегі жинақталған жарнаны ұқсата алмаудан бөлек тағы бір мәселе – ол өзге елдермен салыстырғанда Қазақстандағы зейнетақы төлемінің аздығы» дейді. Бұған қатысты «Барометр» маркетингтік сараптау орталығының қаржыгері Тоғжан Шаяхметова қарияларды «алаңсыз қарттықпен қамтамасыз ете алмай» отырғанымызды алға тартты.

«Бізде ең төменгі зейнетақы 28 284 теңге. Ал іргеміздегі Ресейде ең төменгі зейнетақы мөлшері 9100 рубль. Бұл теңгеге шаққанда 50 050 теңге болады. Сол тәрізді Әзірбайжанда ең төменгі зейнетақы $200. Беларус елінде $186. Ал Еуропа елдерінің қарияларға жасап отырған жағдайын өз көзіммен көріп тіптен таң қалдым. Мысалы, Германияда ең төменгі зейнетақы мөлшері $1000, Голландияда 1,5  мың еуро, Финляндияда 1,5 мың еуро. Бұл мемлекеттерде зейнетақы қарияларға біріншіден жинақтаушы зейнетақы қорының есебінен, екіншіден кәсіпорындық зейнетақы қорынан, үшіншіден мемлекеттік-федералдық қор есебінен төленеді. Осылайша Еуропа қарттары үш қордың есебінен зейнетақы алады. Ал бізде зейнетақыны есептеудің тиімді жүйесі әлі қалыптаспаған. Ең қызығы, Қазақстанда мұғалімдер, дәрігерлер, ауыл шаруашылығы саласының мамандары мардымсыз зейнетақы алады. Себебі олардың қорда жинаған жарнасы ауқымды емес. Еуропа елдерінде мұндай мамандық иелеріне құрмет жоғары. Біз қазір барлық саланы халықаралық талапқа сай етудеміз. Сондықтан  зейнетақы жүйесіне қатысты да халықаралық талапқа сай ұтымды өзгерістер  болуы  тиіс деп ойлаймын»,-деді экономист-сарапшы Тоғжан Шаяхметова.

Жалпы, мамандар жыл сайын зейнетақыны қайта есептеп, зейнетақыға үстеме қосудың қазіргі нарықтық экономикада аздық ететінін алға тартып отыр. Бұл ретте халықаралық менеджмент саласын зерттеп жүрген сарапшы маман Марал Төртенова "Біз жыл сайын базалық зейнетақы жүйесіне өзгеріс енгізіп, зейнетақыға үстеме қосамыз. Бірақ бұдан зейнеткерлердің жағдайы түзеліп кеткен жоқ. Осыған қарап зейнетақы қорына жарна құйып отырған азаматтардың алаңдауына негіз бар. Себебі олардың жинақталған жарнасы расымен де құнсызданып жатыр. Әрине, бұл қауіпті. Рас, заңнамаға сәйкес зейнетақы жарнасындағы қаржымыздың сақталуына мемлекет кепілдік береді. Бірақ сол зейнетақы қорындағы жинақталған 9 трлн теңгенің жоқ дегенде 50 пайызы тиімді инвестиция ретінде жұмсалып, кіріс кіргізіп тұруы тиіс.  Зейнетақы қорындағы қаржыны банктер несиеге ұсынуға, тәуекелі көп тұрғын үй саласына, ипотекалық несие бағытына бөлуге болмайды. Бұл қаржы арнайы кіріс кіргізетін салаларға ғана жұмсалуы керек, Сонда ғана жүйенің болашағынан күмән сейіледі",-деді.

 

Қарлығаш Зарыққанқызы

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Zhazira Baidaly

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір