• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

25 Сәуір, 06:08:15
Алматы
+35°

29 Тамыз, 2018 Әлеумет

Некелеспеген ер мен әйел бірге билесе, онда ол той халал емес...

Бұдан бөлек біздің тойдағы көңіл көтеруді де ескерген жөн. Біздегі тойларда музыка қойылып, ән айтылады, жастар шығып би билейді.

Әлеуметтік желіде уағызшы Ерсін Әміренің қазіргі қазақтың тойларына қатысты айтқан уағызы қызу талқыға түскен болатын. 

"Той адал болу керек. Қазіргі таңда тойға қатысты қате түсінік қалыптасып келе жатыр. Халал делінген тойларда музыка қойып, ер мен әйел би билейтінін естіп жатамыз, тағы сол секілді шариғатқа қайшы әрекеттер жасалады. Бастысы, арақ жоқ дейді. Ол тойды толық халал той деп айту қиын. "Полу халал" дейміз бе, үштен бірі халал дейміз бе… ол толық халал той болып есептелмейді", — дейді Ерсін Әміре.  Бұл 2-3 минуттық қысқартылған уағыз болғандықтан аталған тақырыпта толығырақ ақпарат алу үшін Qamshy.kz ақпарат агенттігінің тілшісі ҚМДБ бекіткен Шариғат және пәтуа бөлімінің маманы Аманқұлов Хасан Ташайұлына хабарласып, сұхбат алды. 

Халал тойдың негізгі шарттары қандай? Шариғатқа сай той қалай өтеді?

— Халал тойдың негізгі шарты харам араласпау керек, шариғатқа сай болуы тиіс. Той дегенді бірінші дастарқан жаюмен бастайтынымыз белгілі. Сондықтан дастарханға қойылатын азық-түлік халалдан болуы керек. Нақтырақ айтсақ, шошқаның еті мен арақ-шарап қойылған той халал болмайды. Бұл енді тамаққа қатысты негізгі шарттар болып табылады.  Бұдан бөлек біздің тойдағы көңіл көтеруді де ескерген жөн. Біздегі тойларда музыка қойылып, ән айтылады, жастар шығып би билейді. Бұған қатысты да шариғаттың қойған белгілі талаптары бар. Әдепке қайшы іс-әрекетті біз бірден дұрыс емес деп айтамыз. Әндер туралы айтатын болсақ оның сөзіне, мән-мағынасына қарай халал, харам деп бөлеміз. Мысалы, ұятсыз сөздерден, адамның нәпсісін қоздыратын, біреу-міреудің намысына тиетін сөздерден құралған ән болса бұл шариғатқа сай емес. Шариғатқа сай келетін тойларда мән мағынасы бар, жақсы әндер айтылуы тиіс.

Ерсін Әміре өз уағызында «музыка, музыкалық аспаптар харам емес деген ғалымдардың өздері қазіргі тойдағы айтылып жатқан әндерге рұқсат берген емес», деген болатын. Осыған нақты тоқталыңызшы. Қазіргі эстрадалық әндер харам болғаны ма?  Шариғат бойынша қандай әндер халал, қандай әндер харам?

— Музыкаға қатысты ғалымдардың пікірі әртүрлі. Бұл тартысты мәселе.  Бірақ біздің ҚМДБ ешуақытта «музыка харам» , - деп жауап берген емес. Өзіміздің қазақ әндеріне, мағыналы мәнді әндерге, қазақы билерге ҚМДБ тыйым салмаған.

Біз Ханафи мазхабын ұстанамыз. Ал Ханафи мəзхабының жетекшісі музыкаға үзілді-кесілді қарсы болған. Бірақ ол кісілердің заманы музыка тыңдайтын заман болмады, олар ілім оқып, білім алатын заманда өмір сүрді. Ханафи мəзхабының жетекшісі өз заманына сай музыкаға қарсы болған. Бірақ Ханафи мазхабында басқа да ғалымдардың барын ескеретін болсақ, қазіргі заманға байланысты музыкаға рұқсат етілген. Біздің XXI ғасырда өмір сүріп жатқанымызды, мекеніміз бен мәдениетімізді ескеріп музыкаға үзілді-кесілді қарсылық білдіре алмаймыз. Барлық нәрсе өзінің шеңберінде болуы керек. Өз шеңберінен шыққан халал нәрсе де харамға айналуы әбден мүмкін. Мысалы, ұйқыны алатын болсақ. Адамның күні бойы ұйықтауы кімге жағады? Халалдың өзі шектен тыс болса харамға айналады.

Ер мен әйелдің бірге билеуіне шариғат не дейді?

— Тойдағы биге келетін болсақ, көпшілік болып билеу бар, ер мен әйелдің бірге билеуі бар. Бұларды жеке-жеке қарастыру керек. Жеке шығып билейтін қара жорға секілді ұлттық билерге шариғат тыйым салмайды. Бірақ ер мен әйелдің немесе қыз бен жігіттің биі бөлек әңгіме. Егер ер мен әйел некелескен болса олардың билеуіне рұқсат. Бірақ біз дұрыс дегенімен ерлі зайыптылардың үлкендердің, ата-енесі мен ата-анасының, кішкентай балалардың алдында ерсі қимылдар жасап билеуі әдепсіздік екені белгілі. Ерлі зайыптылар өз үйінде ән айтса да, би билесе де бола береді. Бірақ көпшіліктің ортасында әдептілікті сақтау керек.

Ал тұрмысқа шыққан әйелдің бөгде еркектермен билеуі мүлдем дұрыс емес. Себебі бұл отбасының бұзылуына алып келеді. Сондықтан бұл дүниелерден алыс болуы керек. Мұны әдепсіз әрекет деп бағалаймыз.  Меніңше, Ерсін Әміре өз уағызында осы тұстағы мәселені меңзеп айтқан болуы керек. Ал туыстар ортасында билеуге болады, дегенмен шектен шықпаған жөн.

Ал сіз той-томалаққа барар кезде алдын ала арақ-шарап қойылмасын деп талап қоясыз ба? Сіз қандай тойларға барасыз?

— Менің туыстарым дін саласында қызмет ететінімді біледі. Сонымен бірге мен туыстарыма ескертіп айта аламын. Ағайын туыс егер той-томалаққа арақ-шарап қойса мені шақыруға ұялады немесе мені шақырса олар арақ-шарап қоймайды. Мен оларға бірден кесіп «арақ шарап қойма», деп ескерте аламын. Егер мен 20 жастағы жігіт болсам  үлкендерге арақ шарап қойма деп сөзімді өткізе алмауым мүмкін. Ал енді менің  жасым 40-тан асқандықтан кез келген туысқаныма бұл жайтты ескертіп айта алам. Олар маған ренжімейді.

Ал ән мен биге қатысты талап қоясыз ба?

— Ән айтады, би билейді олардың бәріне шектеу қоя алмаймын. Ең бастысы қазір арақ шарапсыз тойдың көбейіп жатқанына шүкіршілік етіп жатырмыз. Ал би мен әнге келетін болсақ, мен барған той томалақтар мен айтқан шеңберден шықпайды.

Сұхбатыңызға рақмет!

Әсел Болатқызы

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір