• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

26 Сәуір, 15:49:32
Алматы
+35°

20 Шілде, 2017 Әлеумет

Неке және отбасы: ажырасудың себептері мен оны алдын-алу

Әлемде әрбір 13 секунд сайын бір отбасы ажырасады

Заман  дамып, өзгерген сайын адамдардың, жалпы қоғамның көзқарасы мен құндылықтарға деген қарым-қатынасы ӨЗГЕРЕДІ. Бұл-бұлтартпас шындық, факті. Себебі заманға сай адам психологиясы өзгереді, бір қалыпта тұрмайды. «Адам өзгермейді дегеннің тілін кесем» деген емес па еді хәкім Абай?

Демек, адамның қарым-қатынасқа деген көзқарасы өзгереді. Ал біздің менталитетімізге отбасы құндылықтарын бірінші орынға қою, отбасы ұйытқысын сақтау сынды нәрселер сіңіп, ата-баба дәстүрі мен салты бойынша «ажырасу» ұғымы – табу-ға айналған. Осыдан біраз жыл бұрын ажырасуға бару – үлкен күнә, қылмыс, яки болмаса ерсі қылық ретінде қабылданды.   Гендерлік құқық заңнамасы қабылданған соң, әйелдер құқығы қоғамда айқын көрініс таба бастағаннан кейін ажырасу фактісі де көптеп тіркеле бастаған. Оның себебі- әйелдердің өз-өздерін қамтамасыз ете алатындай дәрежеге жетуі. Qamshy.kz  ақпарат агенттігі ажырасудың көбею мәселесінің себебін анықтап көрді.

Ажырасу эпидемиясы. Танымал американдық әлеуметтанушы мен психолог Констанция Аронс әлемде әрбір 13 секунд сайын бір отбасы ажырасатынын есептеп, дәлелдеген. Бір АҚШ-тың өзінде жыл сайын 1 миллион отбасы ажырасады.

Ажырасу- әлеуметтік проблемаға айналып, енді қоғамда қалыпты жағдай ретінде қабылдана бастады. Кез-келген проблеманың ушығуы, шиеленісуі-қоғамда оған деген қалыпты көзқарастың тууына әкелетіні сияқты ажырасу да осындай деңгейге жетті.

Ажырасу стресс, қайғы деңгейіне байланысты өлімнен кейін бірінші орында тұр.  Бұл ауыр әрі қиын, өмірдің қысқаруына әкелетін үлкен өмірлік  тәжірибе.

Қазір отбасын құрудың патриархалдық моделіне қарағанда екі жақтың теңдігіне құрылған үлгідегі жанұялар көбеюде.

Бұл өз кезегінде әрбір адамның серігін, жарын өз еркінше таңдауға мүмкіндік береді. Алайда таңдау кеңістігі кеңейгенмен де отбасы беріктігі нығайып жатқаны шамалы. Оны еліміздің статистикасынан көруге болады. Мәселен, 2015 жылы Қазақстанда заңды тіркелген неке 148 769-ды құраған. 2016 жылдың қаңтар-сәуір айында  39 682 неке заңдастырылған. Неке қию 4,6% төмендеген. Осы жылдың қаңтар-сәуір айында 16 338 ажырасу фактісі тіркелген.

Қазақстанда ажырасу ең көп тіркелетін аймақтарға Павлодар облысы (53%), Қостанай облысы (51%), Солтүстік Қазақстан облысы  (50%) жатады. Ал ажырасу аз тіркелген аймақ ОҚО  екен.

Бүкіл әлемде ресми, заңды некеге тұруға қызығушылық азайып бара жатқанын байқауға болады. Әсіресе, Еуропада заңсыз некеден  туған бала коэфиценті өскен. Себебі көпшілігі «азаматтық некеде» тұрады.

UNSTAT  мәліметтеріне қарағанда неке коэффиценті бойынша Қазақстан БҰҰ-ға кіретін 100 елдің ішінде 16-орнында тұр. Қазақстан Иран, Ресей, Албания, Тәжікстан мен Мысыр сияқты елдерден кейін тұрақтаған. Ал ажырасу коэффиценті бойынша Қазақстан осы елдер арасында 24-орында. Еуропа елдерінің ішінде ажырасу коэффиценті ең жоғары Бельгия, Португалия, Венгрия екен.

Ислам дінін ұстанатын елдердің арасында Қазақстанның ажырасу коэффиценті ең жоғары. Таяу Шығыс елдері, соның ішінде Мысыр, Сирия, Иордания, Индонезия, Сауд Арабиясы мен Ливияда барлық неке заң жүзінде дін өкілінің қатысуынсыз  жүзеге асады. Ал Иран мен Израильде барлық неке дін өкілінің қатысуымен жүзеге асады. Осыған байланысты, егер жұбайлардың бірі ажырасуға қарсы болған жағдайда қиындықтар туындайды.

Жалпы ажырасу көрсеткішінің осыншалықты өсуі бірнеше факторларға тікелей байланысты. Ең бірінші, ол елдің экономикалық даму жағдайы мен қоғамның әл-ауқаты мәселелері. Қоғам арасында ажырасудың басты себебі ретінде есептелетін кең таралған пікір: "Жастардың үлкен өмірге дайындықсыз келетіндігі".

Қазіргі заманауи қоғамда әйелдер  құқықтары, бостандықтары, бұрынғымен салыстырғанда әлдеқайда   жоғарылаған.  Жылдар бойы  біршама түнекте өмір сүрген әйелдерге, білім алуға, мансап жасауға, ары қарай сол жолда тұрмыс құрмай кете беруге- барлығына толық мүмкіндік бар. Осыдан 10-20 жыл бұрынғы өмірмен салыстырғанда әйелдер құқығы әлдеқайда нығайған. Бұрын отбасы үшін, бала-шағасы үшін шыдап, қиналып күйеуімен айырыласпайтын әйел бұл заманда өзі үшін де өмір сүруге болатынын түсінді. Әйелдер ғана емес, ер адамдар да, жалпы қоғамда эгоцентристік (менмендік) көзқарас басым болып бара жатқанын байқауға болады. Бұл-дұрыс емес деп кесіп айта алмаймыз. Себебі, басқаша жағынан алып қарасақ, ажырасу- бір-бірімен сыйыспайтын, ұрыс-керісі таусылмайтын, біріне-бірі сәйкес келмейтін, көзқарастары мен өмірлік құндылықтары бір арнаға тоғыспайтын екі адамға бостандық пен еркіндік беру, жандарына тыныштық сыйлау. Көптеген ажырасқан жұптардың сөздеріне сүйенсек, ажырасқан соң реніш, айғай-шу, өкпеден құтылғандарын айтады.

Ажырасудың себептері. Негізгі мәселе – осы ажырасу факторын болдыртпау. Қарым-қатынасты осы шарықтау шегіне дейін алып келмеу. Себебі, не дегенмен де, ажырасу- отбасының ойрандалуы, ал арада бала болса тағдырдың бұзылуы.  Ажырасуды болдыртпау үшін ең бірінші, оның орын алу себептерін анықтау керек. Шын мәнінде -себеп өте көп. Әркімнің жеке тағдыры бар, проблемалары әр түрлі. Бірақ сауалнама нәтижелері көрсеткендей ажырасудың басты себептері мыналар:

  1. Тұрмыстық зомбылық;
  2. Ер не әйелдің ішімдікке салынуы;
  3. Ер не әйелдің есірткіге салынуы;
  4. Күйеуі не әйелі жұмыссыз;
  5. Жұбайлардың өмірге деген көзқарастары сәйкес келмеуі;
  6. Күйеуі не әйелі некеге дейін бірін-бірі ұнатпаған, некеден кейін де ұната алмаған;
  7. Көзге шөп салу;
  8. Материалдық қиындықтар;
  9. Бедеулік;

 

Бұл ажырасудың негізгі себептері. Сонымен қатар, біздің елімізде ажырасудың себептерін ата-енемен тұру мен күйеу жақтың туған-туысқандары арасындағы қарым-қатынастар шиеленісімен  т.б толықтыруға болады. Бүгінде қазақ отбасыларында келіннің  ата-енесімен бірге тұруы қалыпты жағдайға айналғанын көреміз. Осы орайда баласын аялап өсірген ана яғни қыздың енесі ұлын қызғанады немесе басқа да себептермен келініне күн көрсетпейтіні сияқты шиеленісті жағдайлар орын алады.  Жігіттің ата-анасымен тұрған соң міндетті түрде арада түсініспеушілік, ұрыс-керіс болады. Кейбір ата-енелер екі жастың арасына түсіп те жатады. Немесе керісінше әйел күйеуіне таңдау жаса деп тікесінен ултьиматум қояды. Бұл- Қазақстандағы  ажырасудың бірден-бір кеңінен таралған себебі.

Одан кейін – алып қашу мәселесі бір бөлек. Өздері жақын таныс емес немесе қыздың ырқынсыз алып қашып ақырында ажырасып жататын мысалдар аз емес. Бұл да еліміздегі ажырасу дертінің себептерінің бірі. Жарқын мысал ретінде Айнұрдың (есімі өзгертілген) жағдайын келтірсек болады. «Жолдасым таныспай-біліспей алып қашып кетті. Мен қарсы болғанмын. Ақырында ажырасып тындық. Алайда арамызда қызымыз бар. Енді жаңа өмір бастамақшымын. Бірақ қызымның әкесіз өсетінін ойласам қатты қиналамын...»-дейді әйел.

28-дегі Бақыттың ажырасу себебі де осыған ұқсас. «Тұрмыс құрған соң өмірім қатты ауырлап кетті. Қайын әпкелерім ажырасқан. Қайын ағам да ажырасқан. Бірнеше рет ауруханаға жатып шықтым. Маған көрсетпегендері жоқ. Барлығына көнем деп ойладым. Алайда ұлым туылған соң оның денсаулығында ақау болды. Жолдасым ауру бала таптың деп менімен ажырасты. Қаражат жоқ деп емдету жолдарын қарастырған жоқ. Амалсыз ажырастым. Балам үшке келгенше ауруханада жатып, емделдік. Күйеуім бір хабарласып көмек бермеді. Енді жазылғанда қайтадан қосылысы келетінін айтып жүр. Біздің қиналғанымызды, бастан не өткергенімізді де білмейді..»-дейді әйел.

Qamshy.kz ақпарат агенттігінің тілшісі жүргізген зерттеудің нәтижесінде ажырасуға көбіне әйелдер бел байлап, шешім қабылдайтыны анықталды.  Көпшілік ажырасқан әйелдер балаларын жалғыз, ешқандай алиментсіз өздері асырайды  екен.

Ажырасу кезінде қатты зардап шегетін жақ- балалар. Ата-аналары ажырасқан балалар өмірдегі қиындықтарды  екі есе ауыр өткереді. Психологиялық, жүйке ауруларына жиі ұшырайды.

Ажырасудың алдын-алу. Көп жағдайда дұрыс құрылмаған қарым-қатынас пен отбасының ойрандалуы- тікелей өзімізге, серігімізге/жұбайымызға, тағдырымызға байланысты деп кінәлаймыз.

Негізінен ажырасудың алдын-алу -  қарым-қатынасты дұрыс құрудан басталады. Отбасын құру оңай шару емес, сондықтан оған үлкен дайындықпен келу қажет. Психологтардың айтуынша, ажырасудың шектен тыс көбеюі- адамдардың өмірлік серік таңдағанда оның жан-дүниесіне үңілмей, сыртқы факторларға қарап қана бағалап таңдауынан болады. Сонымен бірге, жастардың материалдық қиындық көріп, оған шыдамай жататындықтары да – басты себептердің бірі. Демек, дайындық болуы керек.

Осы орайда психологтар ерлі-зайыптыларға мынадай ұсыныстарды ұсынады:

-Бір-біріңізге ауыр сөздерді айтудан аулақ болыңыз. Себебі ондай сөздер, қылықтар кешіріледі, бірақ ұмытылмайды.

-Проблемаларыңыз бен қиындықтарыңызды үнемі бір-біріңізге жүктеуден қашыңыз. Адам- шағымнан, жылап-сықтаудан, күн сайынғы сіздің құрбандықтарға барып жатырмын деген міндетсінулеріңзден тез жалығады, шаршайды.

-Компромиске келу. Отбасы-бұл бір шаңырақ. Түсіністік танытатын кезде, жаңдайға кіруге, барлығы ой елегінен өткізіп екеуіңізге де пайдалы болатындай шешім жасауға болады. Егер біріңіз құрбандыққа бару керек болсаңыз, барыңыз. Ол сіздің отбасыңыз үшін жасалатын қадам.

-Ренішіңіз болса, өкпеңіз қара қазандай болғанша үндемей жүре бермей, жұбайыңызға білдіртіңіз, айтыңыз. Сөйлесу мен әңгімелесу жоқ жерде- дұрыс отбасын құру деген бос иллюзия. Себебі неке- ұзақ әңгімелесу.

Психолог Александр Полеев қазіргі таңда «отбасы» ұғымы өз мәнін жоғалтып, «ерлі-зайыптылардың одағы» деген мағынаға ойысып бара жатқанын айтады.   «Қазіргі некедегі  басты тенденциясы оның кеш орын алуы.  Көп жағдайда жас кезде  некеге тұратындар тез ажырасып кетіп жатады.

 25 жасқа дейін адам қарым-қатынас жасаудың дұрыс жолдарын білмейді, дұрыс сөйлесуді, тілдесуді білмейді. Сондықтан некеге 25 жастан кейін отырған дұрыс»-дейді маман.

Ажырасудың салдары. Отбасының дәстүрлі құндылықтары сақталмаған соң, ерлі-зайыптылар ажырасып олардың артында «махаббатты, жылулықты сезінбеген», толыққанды отбасы деген ұғымның не екенін түсінбейтін балалар қалады. Ал бұл балалар үлкен өмірге қадам басқанда  өз өмірлеріне де осы науқанды әдетке айналдыратыны дәлелденген. Мұндай отбасылардан (отбасы деуге келсе) өскен балалар толыққанды жеке тұлға болып қалыптасу кезінде түрлі қиындықтарға бой алдырып, шын мәнінде есеймеген бала күйінде қалады. Ажырасудың бала үшін тигізетін зардабы – бірінші мәселе болса, екінші жағынан  ажырасу процесін орындаушыларға бұл үлкен трагедия. Себебі шын мәнінде жан-дүние мен адамның психологиясына күйзеліс әкелетін ажырасу нағыз –  қайғы. Бұдан кейін адамның әсіресе әйелдер қауымының қайтадан өмір айналымына қайта ену ауыр әрі ұзақ процесс.

Ажырасқан ер адамдардың әйелдерге қарағанда қайта некеге тұру мүмкіндігі өте жоғары. Алайда ажырасқан ерлердің 50% сол күйінше үйленбей, жалғыз қалып қалады екен. Ал әйелдерге ажырасқан соң қайта некеге тұру үшін өте ұзақ уақыт, шашамен 10- 15 жылдай керек екен.

Ажырасуды мүлдем болдыртпау, оған заңды тұрғыда тоқтау қою мүлдем дұрыс емес әрі мүмкін де емес. Алайда оған міндетті түрде тоқтау қажет. Және оған тоқтау бар. Себебі, шын мәнінде ажырасу- бұл өз әдеттерімізден айырылудан, серігіміз үшін өзгеруден бас тарту. Әдеттен арылуға болады. Ол үшін тек мықты күш-жігер  керек.

 

Назерке МҰСА

Nazerke Musa

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір