• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

26 Сәуір, 15:10:12
Алматы
+35°

07 Қыркүйек, 2018

"Неге, неге" әні қалай туды?

Неге, жаным, үндемейсiң? Сенсiз күнiм түн дегейсiң. Неге, неге қызғалдақтай, Ажарланып гүлдемейсiң?

1998 жылдың қысы. Кентау қаласында тұратынмын. Сол жылы қыс қатты болып, қалада жарық та, жылу да түгел тоқтаған. Үй суық, Екі адамдық жалғыз кереуетте әйеліміз екеуміз 4 баланы ортаға алып, алты қабат ала көрпені жамылып, бүрсең қаққан бөбектерді таң атқанша құшақпен жылытып, дембіл-дембіл саусақтарын ыстық ерінмен үрлеп жататын заман. Дегенмен, үй суық екен деп, бұйығып жата беруге тағы болмайды. Сәбилерге талғажу болар нәпақа керек. Елде қаржылық дағдарыс, алты ай жалақы алмағанбыз. Содан Түркiстанға қатынап жұмыс iстеуге тура келді. Бүгінгідей емес, таксидің қат кезі. Ескі шаһарға ескі «пазикпен» митыңдайсың. Бала кезден автобустың терезе жағына отырып алып, ұзақ жолда ойға батқанды жақсы көретінмін. Осындайда көбіне ыңылдаумен уақыт өтеді.
Бірде жұмыстан қайтып келе жатып, автобус iшiнде көкейiме әуен келе қалмасы бар ма! Үйге келдiм де, нота білмегендіктен, ескі әдетпен әлгі әуенді дереу магнитофонға жазып қойдым. Жалпы, қай әнді жазсам да, осылайша «негіздеп» алатынмын. Содан арада бiраз уақыт, шашамен алты айдай мерзім өтiп кеткен болу керек, әлгi әуендi жазып қойғанымды ұмытып та кетiппiн.
Автобуста таныс әуен құлағыма қайта келдi. "Қайда естiдiм, бұл кімнің әні?" деймiн іштей күбірлеп. Сөзi қандай? Таныс әуен екені ақиқат. Еш есiме түсiре алмадым. Көпке дейін ыңылдап жүрдім.
Содан демалыс күні балкондағы қалған-құтқан отынды тамызық етіп, ескі "буржуйкамен" үйді жылытып алдым да, магнитофонды қосып, шығармашылық жұмыспен айналыспаққа бекіндім. Әлгі «белгісіз» әуенді ыңылдап қоямын арасында. Ойпырмай-ай десеңші, магнитофон ішінде мен іздеген әуенiм тұр! Есіме сап ете қалды, автобустағы әуен, мен іздеген әуен! Дереу жаңа әніме сөз жазар ақын іздей бастадым. Махаббат әні болатыны сөзсіз. Кентауда ақын көп, бірақ маған өзі автотранспорт саласында қызмет етсе де махаббат лирикасын төгілтіп жазар Рахым Балабиев ұнайтын. Ол тұста Рахаңның 70-тен асып қалған шағы. Әйтсе де «махаббат тақырыбындағы әнге сөзді ғашықтық дертіне мас болып, күнде ғашықтық ғазалдарын тербеп жүрген жастау ақын жазу керек шығар» деген күмәнім де жоқ емес еді. Сөйтсе де:
Кел, жаным, келші, құрбым, алтыным ең,
Шуақтап махаббаттың бал күнімен.
Түсіндім, түсіндім мен барлығын да,
Өзіңе ғашық болу арқылы мен, – 
деп жырлайтын Рахым Балабиевке тоқтадым. Дереу телефон соғып, қарт ақынға болашақ әннің идеясын айттым. Ән сөзінің ішінде ынтызар сүйгеніне қолы жетпей қалған арманды жанның жүрек лүпіліндей болып «неге, неге» деген сөздер жүрсінші деп қолқа салдым. Рахым аға да, жанына жақын тақырып болған соң ба, сылтау айтып қашқақтаған жоқ. «Жарайды» деді. Арада жарты сағат та өткен жоқ, телефон безек қақты. Тұтқаны көтерсем – Рахаң. «Жазып ал, ән сөзі дайын!» дейді.

Ақ көңiлдiм, ақ арманым,
Не болып жүр саған, жаным?
Қаншама рет ойлансам да,
Құпияңды таба алмадым.

Неге, жаным, үндемейсiң?
Сенсiз күнiм түн дегейсiң.
Неге, неге қызғалдақтай,
Ажарланып гүлдемейсiң?

Түсiме де жиi енесiң,
Сүйем дейсiң, сендiресiң.
Неге, неге сезiмiңдi,
Жанбай жатып сөндiресiң?

Сенсiз атпас құба таңым,
Сенсiз қалай гүл атамын.
Жүрегiмнiң қалауы ма ең,
Неге сенi ұнатамын?

Өзiң едiң айбыным да,
Түсiрмешi қайғы-мұңға.
Кел, жүзейiк, келшi, құрбым,
Махаббаттың айдынында.

Дереу жазып алдым да, әуенге сала қойдым. Құйылып тұр. Әдетте ақын сөзін ән иіріміне келтіру үшін бірді-екілі тұсына азғана өзгеріс енгізетінсің, бұл жолы олай болған жоқ. Ән осы сөзге, сөз осы әнге арналып жазылғандай үйлесе кетті... 

 

(Бейнежазбада: Талантты режиссер Нұрқанат Жақыпбайдың шәкірттері, Астанадағы Жастар театрының әртістері Азамат Есқұлов пен Жандәулет Батай "Таңшолпан" телебағдарламасында)

Бекжігіт Сердәлі

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір