• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

29 Наурыз, 12:33:54
Алматы
+35°

20 Наурыз, 2019 NEWS

Нұрсұлтан Назарбаев өкілеттілігін тоқтату туралы шешімі мәлімделгеннен бастап қарапайым халық тұңғыш ел басыға деген алғыстарын білдіріп, келесі президенттің кім болатындығына алаңдауда. Бұл туралы Qamshy.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Азылзат Оразбайқызы атты әлеуметтік желі қолданушысы "Тұңғыш президентімізге үлкен рақмет. Қанша миллион халықты басқару оңай шаруа емес. Қарапайым адам болып, білдей президенттік атаққа өзінің пейілі мен ақылдылығының арқасында жетті. Назарбаев осы жылдар ішінде елімізді көркейтті. 1991 мен 2019 жыл аралығын салыстырып қарасаңыз, осындай елде өмір сүріп жатқан біз бақыттымыз. Қарыздарды да өзі үшін емес, елі үшін алды. Шүкір жер қойнауымыз байлыққа толы, одан да құтылар. Бұйырса келесі президентіміз де адалынан болсын." - дейді. 

Асылзат ең бастысы еліміздің тыныш болуын тілеп. Нұрсұлтан Әбішұлына ел басқарған уақыттары үшін алғысын білдірді. 

Сәуле Сархад "Құрметті, Нұрсұлтан Әбішұлы сіз еліміздің мықты да, мың жылда бір туар патшамыз, көш басшымыз болдыңыз. Сізге біздің болашақ ұрпағымыз үшін атқарған еңбегіңізге өз жанұямның атынан шексіз алғысымды білдіремін. Жолдауыңызды көріп, менің кіші ұлымнан бастап жанұямызбен қатты жабырқап қалдық. Кіші ұлым неге президентіміз кетеді деп көзіне жас алып менен сұраған кезде өзім де не айтарымды білми қалдым. Уақытша кетеді ғой деп көңілін басып қойдым. Көңіліміз қатты түсіп, бір тірегіміз кетіп қалғандай, ішіміз қаңырап қалғандай күйде отырмыз. Біз үшін сіздің орныңызды ешкім баса алмайды. Сізге ұзақ ғұмыр тілейміз . Елбасымыз, біз жанұямызбен сіздің алдыңызда бас иеміз." - дейді.  

"Иә, тақтан өз еркімен кету де ерлік! Ендігі Қазақстанның болашағы, айналасындағы азулы елдермен қарым-қатынасы, ішкі-сыртқы саясаты келер патшаның шеберлігіне байланысты. Оңай шаруа емес, әрине. Нұрағамыз Қазақстанды елге танытып, ер жеткізді. 25 жастағы қылшылдаған жігіт секілді оң солын танитын күш - қайраты бойында. Енді тек қана алға, Қазақстан! Атамыз салған сара жолмен." - деп елдің болашағы кемелдене түсетініне сенім білдірді Исабекова Жәмила.

Батыр Камила: Жақсы келу барда жақсы кету де бар. Елбасымыз дәл уақытында кете білді. Елбасының халықтың қамы үшін істеген ерен еңбектері көп. Әлі де билік басында отыра бергені дұрыс еді. Енді келесі президент кім болады екен? Жаңа президент жаңа жаңалықтарды енгізетіні белгілі, осы күнімізге зар болып қалмасақ екен.

"Осы уақытқа дейін билікті шала саяси сараптамалармен премьерден бастап, депутатқа дейін сынасам да, президентке қатысты бірде бір не мақтау, не даттау жазған емеспін. Неге? Өйткені президент болу өте қиын. Оның жауапкершілігі жүз атанның жүгінен ауыр. Иә, 1991-ден бері "қап" деп сан соққан да, қуанған да сәттер көп болды. Мен көзімді тырнап ашқан сәтте Елбасы президент еді, жасым ширек ғасырға жетіп, екі баланың әкесі болған сәтте Қазақстан жаңа кезеңге қадам басты. Елбасының саяси қызметіне тарих әлі өз әділетті бағасын бере жатар. Дей-тұра Елбасы өз халқына аса маңызды саяси шешімдерді жасай білді деп бағалаймын.Астананы көшіру арқылы геосаяси қадамға барды.Тарыдай шашыраған қазақты жинау үшін қызмет етті. Ол қасиетті миссияны келесі басшы жалғастыруы тиіс.Қазақ шекарасын шегелеп берді. Солтүстікті қазақыландыру үшін бағдарлама ашты. Түркістанды орталық етті. Сөйтіп тарихи әрі саяси қадамға барды. Әліпбиді латынға көшіруді бастады. Қазақты таныту жолында еңбегі ерен. Әрине, атқарылар шаруа көп. Келесі басшының қызметі тіпті ауыр. Әлемдік алпауыттардың геосаяси қақтығысынан қазақты аман алып шығу миссиясы тұр."- дейді Асхат Қасенғали. 

Асхат "Қазаққа Құдай бұл жолда жар болсын! 90-жылдардың майшамында дүниеге келген баланың, 19-дың жарығында сізге айтар алғысы бар, құрметті Елбасы! Әлемдік саясат ол майдан қыл суырғандай нәзік дүние. Қатты бассаң сынып, күш салсаң майысып кетер қауіпті іс. Сол қауіптен халықты аман алып шыққаныңызға Рақмет!" - деп Нұрсұлтан Әбішұлына алғысын білдірді.

Мақсат есімді әлеуметтік желі қолданушысы әкем кеткендей күй кешіп отырмын дейді. 

"Не болды екен бұндай шешім қабылдауға? Мен әкем кеткендей күй кешіп отырмын. Бұл кісі отырғанда бір күшті сезінуші едім. Елдің тыныштығын ұстағанының өзі үлкен ерлік деп білемін. Мен бұл кісіні көп еңбек сіңіре білді деп бағалаймын. Енді не болатыны белгісіз. Ел үшін, жер үшін, ұрпақ үшін қорқамын. Не болсада жақсылық болғай" - деп Назарбаевқа алғысын айта отырып ойын қортындылады Мақсат. 

Ұсынған: Фариза Жомартқызы

Фариза Жомартқызы

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір