• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

19 Сәуір, 09:52:44
Алматы
+35°

15 Ақпан, 2019 NEWS

Назарбаева: Журналистер елдің қамын ойлайды, олардың аузын жабуға болмайды

Журналистер одағы деген бар, бірақ оның атын да естімейміз, не істеп жатқанынан да бейхабармыз.

Сенат депутаты Дариға Назарбаева Қазақстан журналистері конгресі атқару комитетінің төрайымы ретінде күні кеше ғана БАҚ өкілдерін аккредитациялауға қатысты шыққан бұйрықпен танысып, егжей-тегжей зерттеуге уәде берді. Бұл туралы Qamshy.kz ақпарат агенттігі Sputnik Қазақстан ақпаратына сүйеніп хабарлайды.

"Қазіргі заманда журналистердің аузын жабуға болмайды. Қазір интернет арқылы өз ой-пікірін ашық айтуға мүмкіндік бар. Журналистер әрқашанда елдің қамын ойлайды, халықтың мұң-мұқтажын үкіметке жеткізеді. Бұл жағынан журналистердің рөлі өте маңызды", - деді Назарбаева сенат кулуарында.

Сенатор бүгінгі таңда елімізге мықты журналистік қоғам керек екенін атап өтті.

"Журналистер одағы деген бар, бірақ оның атын да естімейміз, не істеп жатқанынан да бейхабармыз. Өз салаларыңа қатысты заң жобасы қаралып, талқыланып жатқанда, ой-пікірлеріңді айтып, үкіметпен бірге жұмыс істеп, күресе білу керек. Өкінішке қарай, журналистік қоғам бұл мәселелерде белсенді емес", - деді Назарбаева.

Оның айтуынша, Қазақстанда БАҚ саласы өте қатты реттелген.

"Менің ойымша, түптің түбінде бұл дәстүрлі бұқаралық ақпарат құралдарының бірте-бірте жойылуына әкеп соғады. Қазір телеарналар мен газеттерге оңай емес, өмір сүруі қиындап жатыр, барлық жағынан пайда көріп отырған интернет. Интернетте ешкімнің аузын жаба алмайсың. Бұл үлкен басымдық. Журналистер өздері балама заң жобасын әзірлеп, сол бастамамен шығуы керек", - деп кеңес берді Назарбаева.

Сенатордың пікірінше, парламент қабырғасында жүрген әрбір депутат журналистерге көмектесуге дайын.

"Әрбір депутат, оның қай комитетке екеніне қарамастан, ең біріншіден, Қазақстан азаматы ретінде елінің қамын ойлауға ант берген. Сондықтан олар әрқашанда сіздерге көмектесуге дайын деп сенемін", - деп қорытты сөзін ол.

Айта кетсек, кеше отандық БАҚ беттерінде журнаистерді шараларға аккредитациялау ережелері қатаңдатылуы мүмкін деген ақпарат шықты. Ақпарат және коммуникациялар министрлігі ұсынған бұйрық жобасы журналистердің наразылығын тудырып, қызу талқыға түскен болатын.

Құжатта айтылғандай, енді журналисті қандай да бір шараға тіркеген кезде, олардан еңбек келісімшарттының көшірмесі де талап етіледі.

Ұсынған: Гүлім Жақан

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір