• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

20 Сәуір, 00:18:46
Алматы
+35°

«Қытайдағы қандастар тағдырына Назарбаев алаңдамай ма?»

Соңғы күндері осы сұрақты жақындарым маған жиі қоятын болды. Ай басында Елбасы Қытайға бес күндік сапар жасады. Әлеуметтік желі қолданушылары мен қазақтілді басылымдар күн тәртібіне экономикалық және дипломатиялық қатынастардан тыс Қытайдағы қандастардың тағдырын да қойды. Алайда, Елбасы сапарына дейін де, сапар үстінде де, елге қайтып келген соң да президент деңгейінде арғы беттегі этникалық қазақтар тағдыры туралы сөз болған жоқ. Бірақ, Елбасы қазақтарға «қытай қысымынан» хабарсыз емес. Өткен жылы V Дүниежүзі қазақтары құрылтайында хабардар болған. Тіпті СІМ мен ДҚҚ басшылығына бірлесіп жұмыс істеуге тапсырма берген. Аталған мекемелерден тыс, ішінара парламент депутаттары, Қазақстандағы түрлі қоғамдық ұйымдар, азаматтық қозғалыстар, тіпті Еуропарламент, Еуропадағы адам құқықтарын қорғаушылар «қытай қысымымен» күрес жүргізіп келеді.

Қытай қысымы бары рас

Қытайдағы этникалық қазақтардың жаппай қысымға ұшырағаны туралы ақпарат 2017 жылдың сәуірінен бастап шыға бастады. Қытайдағы қандастардың құжат жасатуда асқынған бюрократия мен құқықтық кедергілерге ұшырап жатқаны туралы факт көп. ҚХР-дың Қазақстандағы елшісі Чжан Ханьхуэй осындай жағдайдың барын растап, Синьцзян-Ұйғыр автономды ауданының тұрғындарына қатысты қатаң шаралар тек қазақ диаспорасына емес, сондай-ақ, басқа да ұлттың өкілдеріне қатысты болып жатқанын, алайда ресми Бейжіңнің хабарсыз екенін, бұл жөнінде жұмыстар жүргізетінін айтқан. «Егер мәселе Қытайдың құжаты бар азаматтары туралы болса, бұл Қытайдың ішкі мәселесі» деген екіұштылау пікірін де қыстыра кеткен. Тіпті, «Қытайда гегемониялық үстемдік жоқ» дегенді айтуды ұмытпаған. Ал, Қытайдың Алматыдағы бас консулы Чжан Вэй елдегі ақпараттық агенттіктердің біріне берген жазбаша жауабында Қытайда этникалық азшылық ұлт өкілдері, әсіресе мұсылмандардың «тергеліп, қамауға алынып, саяси дәріске жіберілетінін» терістеген. Әйткенмен, «саяси лагер» туралы ақпарат оқтын-оқтын шығып жатыр. Қазақстанға бір келіп қайта барғандарды «саяси үйрену» деп аталатын «сотсыз қапасқа» қалай тығатыны туралы толығырақ Сайрагүл Сауытбай ісінде белгілі болды. Ол «саси лагерде» тәрбиеші болған. Президентке хат жазған Сайрагүл «Саяси лагерге барғандардың ұшты-күйлі жоқ болып жатқанын» жеткізген. Сөзінің мысқал шындығы болмаса «Қытай сұратқан» статусына ие болмас па еді. Оған қоса, «лагер көрген» түрлі кейіпкерлердің бейнелеуі де мазмұндас. Дегенмен, «Саси үйренуде» қанша қандасымыз жатқаны туралы ашық ақпарат жоқ. «Азат Азия» сияқты баспасөз олай қапасқа түскен Шыңжаң мұсылмандарының саны 100 мыңнан асатынын жазды. Қытай жабық ел болғандықтан нақты статистикаға қол жеткізу қиын. Ақпараттық арандатулардың байқалатыны да содан.

Қытай дұшпандығы қайда апарады?

Мыңжылдық көрші Қытай — Қазақстан үшін басты стратегиялық серіктес. Татулыққа тек Қазақстан мүдделі емес. Қазақстандық әріптесін қонақ еткен Си Цзиньпинның «Мен Қазақстан-Қытай достығының алып кемесін Сізбен бірге басқаруға әзірмін» деп аңқылдағаны да содан. Бірақ, Қазақстан «қытай фобиясын» тудыруға күш салатындар бар. Оған жол берген ең әуелі анық ақпарат бермей отырған Қытайдың өзі. Әлеуметтік желілерде, мобильді мессенджерлерде антиқытайлық радикалды пікір басым.  Көп жағдайда қара күшке сүйенген, бүлік салуға шақырған эмоциялық екпін байқалады. «Елшілікке ереуіл салу, Қытай меншігіндегі өндіріс орындарына басып кіру, Қытай кәсіпкерлеріне күн көрсетпеу» сияқты тәсілдер мәселенің біржола шешімі емес екенін ашынған жұртқа түсіндіру де қиын. Екі иығынан ентігіп, ет пен терісінің арасындағы ашуға ерік беретіндер Қытайда оқып жатқан 14 мың студентімізді, бір жарым миллионнан астам қандасымызды ойласа дейміз. Ақылға салмай іс қылып, ертең Қытай елшімізді қуып шықса не істейміз? Дұшпандық деп, халыққа жаулық шақырып отырғанымыз жоқ. Ел мен ел қосылса құт дейді. Емін-еркін келіп-кетіп жүрген арғы беттегі қандастардың жайынан хабардар боп, сәлеміміз сынбай жетіп тұрса, көш те кедергісіз жалғасса деген ізгі тілек біздікі.

Елбасының елеңі

Мемлекет құрушы ұлт ретінде ел аумағынан тыс өңірлерде өмір кешіп жатқан байырғы ұлт өкілдерін елге әкелу, олардың мәдени, экономикалық, қоғамдық өміріне жіті көңіл болу қазақтың жүгі. Мемлекет басқарушы ретінде Елбасының міндеті. Елбасы міндетін орындаған, атқарып та жүр. Қазақ көшін жандандырып, тәуелсіздік ала сала алыс-жақын елдердегі қандастарға жар салғаны соның дәлелі. Алғашқы жылдарда Елбасы шетелге сапарларында сол өңірдегі қазақ диаспораларымен жиі кездесу өткізетін. Қытай қазақтары арасында президенттің Үрімжіге, Құлжаға сапарларында жергілікті қандастармен жолыққаны туралы аңызға бергісіз әңгіме көп. Солардың бірі Цзян Цзэминьге Елбасы «бір жұма шекараны аша тұр, қазағым бері көшіп алсын» деп айтыпты деген сөз еді. Балалықпен бір сеніп, бір сене алмайтынбыз. Жақында архивтен Елбасының 1997 жылы «Егемен Қазақстан» газетінің сол кездегі бас редакторы Уәлихан Қалижан мен «Атамұра» корпорациясының президенті Мұхтар Құл-Мұхаммедке берген сұхбатын көріп, таңдай қақтым. Онда Елбасы Қытай басшысынан Қазақстанға келуге ниеттеніп, құжат ала алмай отырған қандастарға көмектесуді талап еткенін айтады. «1 миллиард 200 мыңның ішінде 1 миллион қазақ не қылады? Сол қазақтарға жеңілдік жасаса, ең болмаса туысқандарына, жақындарына келеміз дегендерге рұқсат берілсе», деген Назарбаев Цзян Цзэминьге.

Назарбаев Қытайды 1993 жылдан кейін 10 жыл билеген Цзян Цзэминьмен де, одан кейінгі 10 жыл ел басқарған Ху Цзиньтаомен де жақын дос болды. Соның арқасында шекара бекітіліп, Қытаймен арада «тұтқын алмасу» дейтін екінің бірі қол жеткізе бермейтін, күрделі дипломатиялық декларациялар жасасты. Биліктегі екінші бес жылын биыл бастаған Си Цзиньпиннің өзімен 18 рет кездесіп үлгерді. Ендеше Елбасы соңғы кездесуінде де «елдің үмітін» ұмытпағаны анық.

Сөзді Елбасының сөзімен түйіндейік:

«Қазақтар тұратын елдерменен біз достығымызды, сенімімізді арттыра берсек, сол жерде тұратын біздің отандастарымызға жақсылық келеді. Осы жолмен ғана біз олардың бері қарай қайтуына жол саламыз, қамқорлығымызды, өзіміздің қанатымызды жайып отандастарымызға көмек жасай аламыз!»

Nurgali Nurtay

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір