• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

25 Сәуір, 18:47:35
Алматы
+35°

22 Қыркүйек, 2017 Саясат

Назарбаев Алматыдағы ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасының қорына барды

– Институт бүгінгі жағдаймен ғана шектеліп қалмауға тиіс.

Мемлекет басшысына қордың биылғы 8 айда атқарған жұмысы мен іске асырған жобалары, сондай-ақ оны одан әрі дамыту жоспары жөнінде есеп берілді, деп хабарлайды Qamshy.kz ақпарат агенттігі.

"Біз биылдан бастап қордың жұмысын біршама өзгерттік. «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасына сәйкес, «Smart Zholy» және «Method PRO» жобалары әзірленіп, енгізілді. Бүкіл Қазақстан бойынша компьютер бағдарламаларын жасаумен айналыса бастаған дарынды жастар мен олардың өнімдерін тұтынатын еліміздің және шетелдің ірі компанияларымен өзара байланысын орнату – осы жобалардың басты ерекшілігі.  Қор ІТ-технологиялар саласындағы кәсіби мамандарға алдағы уақытта да қолдау көрсетуді жоспарлап отыр", – деді Қордың атқарушы директоры Қ.Жұмабаев.

Бұдан соң Нұрсұлтан Назарбаевқа Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының қоры жанындағы Әлемдік экономика және саясат институтының жобалары мен перспективалары жөнінде мәлімделді. Атап айтқанда, оның директоры Е.Салтыбаев институт қызметінің басты бағытының бірі ретінде бүкіл Еуразия өңіріндегі бірегей сараптамалық-талдау орны – Астана клубын дамыту жоспары туралы баяндады.

Қазақстан Президенті Әлемдік экономика және саясат институтын жүйелі түрде нығайту қажет екенін атап өтті.

"Институт бүгінгі жағдаймен ғана шектеліп қалмауға тиіс. Халықаралық деңгейге шығып, әлемнің жетекші ғалымдарымен кездесулерді жан-жақты жариялап көрсету арқылы жұртшылыққа таныту керек", – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының қоры жұмысының тұжырымдамалық негізіне ерекше тоқталды.

"Біз қордың басты мақсатын айқын ұстануымыз керек. Ол – Қазақстанды халықаралық деңгейде ілгерілету, еліміздің имиджін жақсарту, дарынды жастарымызға қолдау көрсету және сарапшылар қоғамдастығымен өзара тиімді іс-қимыл орнату. Сондай-ақ, ядролық қарудың таралуына қарсы күрес жүргізу осы қор жұмысының маңызды бағыты болуға тиіс", – деді Қазақстан Президенті.

 Елбасымыз таяуда жариялаған «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» атты бағдарламалық сипаттағы мақаласында «Туған жер» бағдарламасын қолға алуды ұсынды.Онда мемлекет басшысы отансүйгіштік сезімнің кіндік қаның тамған жеріңе, өскен ауылыңа, қалаң мен өңіріңе, яғни туған жеріңе деген сүйіспеншіліктен басталатынын айтқан болатын. Бұл жай сөз емес, үлкен бір іске бастайтын үндеу іспетті. Себебі Елбасымыз бағдарлама аясында басқа аймақтарға көшіп кетсе де туған жерлерін ұмытпай, оған қамқорлық жасағысы келген кәсіпкерлерді, шенеуніктерді, зиялы қауым өкілдері мен жастарды ұйымдасуға, туған жерге қолдау жасауға шақырды.Көктемде көтерілген мәселе күзде өз жемісін беріп те үлгерді десе болғандай.

Мәселен, таяуда Алматы қаласының Наурызбай ауданында жаңа емхананың тұсауы кесілді. Алматылық ірі кәсіпкер Тавабир Хайруллаұлы салдырған бұл емхана қарапайым халықтың игілігіне қызмет етуі үшін қала әкімшілігінің қарамағына берілді. «Туған жер» бағдарламасының аясында жүзеге асқан бұл игі бастаманы көруге Елбасының өзі Алматыға арнайы ат басын бұрды. Жалпы, осы сапарында Елбасы Наурызбай ауданының әлеуметтік-медициналық хал-ахуалымен танысты. Осы тұста айта кетуіміз керек, қала құрамына жаңа енген тұста бұл ауданда 92 мың тұрғын болатын. Соған бір аурухана, бір фельдшерлік пункт, бір мезгілде 200 адам қабылдайтын төрт дәрігерлік амбулатория, он дәріхана қызмет етті.Ал бүгінде аудан тұрғындарының саны күрт өсіп, 157 мыңға жеткен.Соған сай медициналық мекемелер де кең қанат жайды.

Атап айтқанда, қазір Наурызбай ауданында екі ірі қалалық клиникалық аурухана, ауысымына мың адам қабылдайтын төрт қалалық емхана, 58 дәріхана бар. Бұрын жалпы тәжірибелік дәрігерге 3000 адам жүктелген болса, бүгінде жаңадан емханалар салынып, халыққа қызмет ете бастаған соң, бұл жүктеме екі есеге азайды. Арнайы мамандар тапшылығы да жойылып, тұрғындарға қажетті скринингтік орталық, балалар мен ересектерге арналған реабилитациялық орталық, әйелдер консультациясы, амбулаторлы және кішіинвазивті хирургия, мамандардырылған медициналық көмек бөлімдері ашылды. Сонымен қатар, біріңғай Call-орталық, электронды кезек, мобильді қосымша жұмыс жасайды. Ауруханаға жатқызылу кезегі 59 науқастан, бүгінде 12 науқасқа дейін азайды. Ана өлімі тіркелмеді, бала өлімі 7,2-ден 3,2-ге дейін кеміді.Медициналық мекемелердің ахуалын Елбасына таныстырып жүрген Алматы қаласы Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Уәлихан Ахметов енді аз уақыттан соң «Қалқаман» шағын ауданында тағы бір медициналық мекеменің ашылатынын, ал «Тау самалы» шағын ауданында емхананың құрылысы басталғаны жөнінде баяндады. 2018 жылы тұсауы кесіледі деп жоспарланған бұл емхана бір ауысымда 500 адамға дейін қабылдайды.Және аудан тұрғындарын түгел дерлік қамтитын жедел медициналық көмек подстанциясы іске қосылмақ.

Сөз басында айтқанымыздай, Елбасының Наурызбай ауданының денсаулық сақтау мекемелерін аралауға түрткі болған осы аудандағы таяуда ашылған жаңа емхана мәселесі. Президентіміз Н.Ә.Назарбаев өзінің «Туған жер» бағдарламасында айтылған мәселені бірден қолға алып, қарапайым халыққа ең қажет деген емхана салдырып берген осы өңірдің ірі кәсіпкері Тавабир Хайруллаұлына жұмыс сапары барысында, алғыс білдіруді жөн көрген.

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір